Зейнетақы жинақтарын ертерек алуға бола ма?
– Менің білгім келетіні, әрбір адамға өзінің зейнетақы қорындағы жинақ ақшасын ертерек, мәселен, зейнет жасына жетпей-ақ алуына бола ма? Қандай жағдайларда алуға болады? Осыған жауап алғым келеді.
Мархабат Алпысқызы
Зайсан ауданы.
Сауалға жауап Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми-интернет қорынан алынып, әзірленді:
– Біріншіден, міндеттi зейнетақы жарналары жұмысшының ай сайынғы тапқан табысының 10 пайызы мөлшерiнде белгiленетіндігін ескертеміз.
Екіншіден, мәлімет үшін төмендегіні хабарлаймыз.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін Қорда жинақталған зейнетақы қаражаты бар мынадай тұлғалардың алу құқығы бар:
– ер адамдар 63 жасқа, ал әйелдер – 58 жасқа толғанда;
– егер мерзімсіз мүгедектік белгіленген жағдайда бірінші және екінші топ мүгедектері;
– Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен, кету ниетiн немесе кету фактiсiн растайтын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құжаттарды табыс еткен шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қордан мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар;
– еркектер елу бес, ал әйелдер – 50 жасқа жеткен кезде және барынша төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес төлемді қамтамасыз ету үшін жинақталған зейнетақы қаражаты жеткілікті болғанда.
Қордағы жинақталған зейнетақы қаражатыңыз жеткілікті және құқығыңыз болған жағдайда, Сізде сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитетi шартын жасасу құқығы пайда болады.
Үшіншіден, Қордағы жиналған сомаларыңыз құпия болып табылатындықтан, ол жөніндегі мәліметті Сіз тек жергілікті жеріңіздегі Қорға жолығып, ала аласыз.
Жоғарыда аталғандарға сәйкес Қордағы міндетті зейнетақы жарналарын алу құқығы тек ғана зейнетақымен қамсыздандыруда қолданылады және оны зейнеткерлік жастан ерте басқа мақсаттарға алу қолданыстағы заңнамамен қарастырылмаған.
Әзірлеген – Дәурен Аллабергенұлы