Зейнетақыға қатысты сұрақтар жиі қойылады
Зейнетке шығуға қатысты сұрақтар «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының әлеуметтік-еңбек саласы жөніндегі байланыс орталығына өте жиі қойылады.
Жыл басынан байланыс орталығының операторлары зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі бойынша 414 923 сұраққа жауап берді, бұл – барлық өтініштердің 80 пайызы. Тізімде Алматы көш бастап тұр – 59 179 (14,2%), одан кейін Нұр-Сұлтан мен Шымкент.
Байланыс орталығы зейнетақы, әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру, еңбек қатынастары және жұмыспен қамту, көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу, атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы қорынан жинақтарды мерзімінен бұрын алу және басқа мәселелер бойынша кеңес береді. Күн сайын орталықтың 60 операторы 3-5 мың қоңырау қабылдайды.
Клиенттерге ақпаратты жеткізу үшін Телеграм, Инстаграм, Фейсбук желілерінде, корпорация сайтында зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабы жарияланып жүр. Солардың бір бөлігін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
– Зейнетақы алуға кімдердің құқы бар?
– Жасына байланысты зейнетақыға Қазақстан азаматтарының, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқығы бар.
– Қанша жастан бастап зейнетке шығады?
– Қазақстанда ерлер 63 жасында зейнетке шығады. Әйелдер үшін бірнеше кезең қарастырылған: 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы жыл сайын 6 айға ұлғаяды және бұл көрсеткіш 2027 жылы 63 жасқа жетеді. 2022 жылы зейнетке 60,5 жасқа толған әйелдер шыға алады.
Төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың жасына байланысты зейнетке шығуға құқы бар:
ерлер – 50 жасқа толғанда;
әйелдер – 45 жасқа толғанда.
Сондай-ақ 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы алуға құқы бар.
– Зейнетақы неден тұрады?
– Зейнетақы төлемі мыналардан тұрады:
– жасына байланысты зейнетақы (1998 жылға дейінгі өтілі және жұмыстағы үзіліске қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл үшін 1998 жылдан бастап орташа айлық табысы ескеріледі);
– базалық зейнетақы төлемі;
– жинақтаушы зейнетақы (егер зейнетақы аударымдары болса, ЖЗҚ төленетін төлемдер).
– Зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілі қалай есептеледі?
– Еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ескеріледі және еңбек кітапшасымен расталады, ол болмаған кезде немесе дәлелденбесе сот шешімінің негізінде белгіленеді.
Зейнетақы тағайындау үшін қандай құжаттар қажет?
Зейнетке шығу кезіндегі құжаттар тізімі:
– жеке куәлік немесе тұруға ықтиярхатты куәландыратын құжат, қандас куәлігі;
– еңбек кітапшасы;
– диплом;
– әскери билет;
– балалардың туу туралы куәліктері;
– 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қатарынан кез келген 3 жыл ішіндегі табыс сомалары туралы анықтама.
– Тағайындалған зейнетақы мөлшерін қалай білуге болады?
– Тағайындалған зейнетақы мөлшерін Халыққа қызмет көрсету орталығында білуге болады.
– Зейнетақы төлемінің мөлшері қалай есептеледі?
– Базалық зейнетақы төлемі жалпы еңбек өтіліне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. 10 жылдан артық жұмыс істеген әрбір жыл үшін базалық зейнетақы төлемі 2 пайызға ұлғаяды. Зейнетақы жүйесінде 33 жыл және одан да көп өтілі болған жағдайда базалық зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайды.
– Зейнетақы төлемдері қашан тоқтайды?
– Зейнеткердің қайтыс болғаны туралы мәліметтерді алған кезде, ел азаматы басқа мемлекетке тұрақты түрде көшіп кеткен кезде және ел азаматтығынан шыққан кезде зейнетақы төлеу тоқтатылады.
– Банк шоты ауысқанда не істеу керек?
– Банк шоты өзгерген жағдайда зейнетақы төлемдерін алушы жеке куәлігімен және банк шотының нөмірі туралы хабарламамен тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасында банк деректемелерін онлайн ауыстыра алады.
– Зейнетақы мен жәрдемақы үйге қалай жеткізіледі және қандай құжаттар қажет?
– Зейнетақыны үйге жеткізу мына санаттарға бөлінеді:
– ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына;
– 80 жасқа толған зейнетақы алушыларға;
– бөгде адамның күтіміне мұқтаж және денсаулық жағдайы бойынша банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға бара алмайтыны туралы медициналық қорытындысы бар адамдарға;
– пошта байланысының автоматтандырылған бөлімшелері (пункттері) болмаған жағдайда.
Құжаттар:
– Қазпоштада шот ашу;
– Мемлекеттік корпорацияның халыққа қызмет көрсету бөліміне жеткізуге өтініш.
Әзірлеген – Ержан Кеңесұлы