БЖЗҚ

Әлеуметтік кодекс бойынша зейнетақы жүйесінде не өзгерді?

Биыл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылғанына он жыл толады. Сол уақыттан бері қор зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады және салымшыларға зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпарат беріп келеді.

Газет редакциясына оқырмандарымыздан келіп түсетін сұрақтардың дені осы бірыңғай зейнетақы жүйесіне қатысты. Сондықтан биылғы 1шілдеден бастап Әлеуметтік кодекстің күшіне енуіне орай зейнетақы жүйесіндегі бірқатар өзгерістер жайлы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Байділдаева айтып берді.

Зейнетақы жарналарының міндетті сипаты 

Биылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енгені белгілі. Онда зейнетақы жүйесіне қатысты бірқатар өзгертулер бар.

Қарлығаш Байділдаева түсіндіріп өткендей, міндетті зейнетақы жарнасы – бұл жұмыс беруші Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шотына төлейтін ақшалай мәндегі еңбекақы мен өзге де кірістердің барлық түрлерінің 10% бөлігі. Бұл ереже еңбек шарты бойынша да, заңды тұлғамен жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша да қызметкерлерге қолданылады.

Бірінші шілдеге дейін азаматтардың мынадай санаттары БЖЗҚ-ға міндетті жарна төлеуге құқылы, бірақ міндетті емес болды:

  • – салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар;
  • – ел аумағында тұрақты тұратын, халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар.

Бірінші шілдеден бастап жоғарыда аталған тұлғалар БЖЗҚ-ға жарна төлеуге міндетті болады. Міндетті зейнетақы жарнасын төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы қолма-қол ақшамен не қолма-қол ақшасыз тәсілмен Мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырылады. Ол оны жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне сәйкес БЖЗҚ-ға аударады.

Бұл шара халықты болашақта лайықты төлемдермен қамтамасыз етуді көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту аясын ұлғайтуға ықпал етеді.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі

Күшіне енген Әлеуметтік кодекс жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мәселелерін реттейтін нормаларды қамтиды.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ қызметтері жұмыс берушінің  қаражаты есебінен және 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған қызметкерлер үшін ғана жүзеге асырылатын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебін жүргізу міндетімен толықтырылады. Бұл жарнаның шамасы әрбір қызметкердің ай сайынғы табысынан есептеледі: 2024 жылғы 1 қаңтарда 1,5% мөлшерінен бастап, 2028 жылы 5% мөлшеріне жеткенше жыл сайын ұлғайып отырады. Аталған жарна есебінен төлемдерді 2038 жылы зейнетке шығатын қызметкерлер ғана ала бастайды.

Қызметкердің жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табысы ең төменгі жалақының мөлшерінен кем болмауы тиіс және тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауы керек.

Айта кетсек, жеке жинақтаушы зейнетақы жүйесінен айырмашылығы, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы есебінен құралатын зейнетақы жинақтары шартты-жинақтаушы болып есептеледі, яғни ол қызметкердің меншігі болмайды. Сондықтан ол мұраға берілмейді, зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін сақтандыру компаниясына немесе салымшының таңдауы бойынша сенімгерлік басқаруға аударылмайды және оған зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік қолданылмайды.

Салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейеді 

Қарлығаш Байділдаеваның айтуынша, міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беру кезінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі бұдан былай ескерілмейді. Салымшы аталған зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін сенімгерлік басқаруға беруге құқылы.

Ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар аталған зейнетақы жинақтарының 100%-на  дейін сенімгерлік басқаруға бере алады.

Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының  сенімгерлік басқаруынан Ұлттық банкінің сенімгерлік басқаруына қайтару мерзімі бір жылға қысқарды. Бұрын бұл мерзім екі жыл болатын.

Жинақтарын тұрғын үй және емделуге пайдалана алады 

Зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының 100% дейін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалана алады. Зейнеткерлердің мұндай санатына әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ, арнаулы атақтарға, шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар жатады. Сондай-ақ бұл санатқа Ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай үзіліссіз еңбек сіңірген жылдары болған адамдар қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу абақтылары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда кіреді. Қалған зейнеткерлер, егер олардың зейнетақы төлемдерінің мөлшері 40%-дан төмен емес деңгейдегі табысты алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе, жоғарыда аталған мақсаттарға міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін пайдалану құқығын сақтайды.

Жерлеуге арналған төлем ұлғаяды 

БЖЗҚ-да, ЕЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінен 94 еселенген мөлшеріне  дейін, бірақ қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан аспайтын мөлшерге ұлғаяды. Ол қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне төленеді.

Ерікті жарна салушылар артып келеді

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі зейнетақы жарналарының үш түрінен тұратыны белгілі. Олар – міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары.

Міндетті зейнетақы жарнасы – жалақымыздың 10%-ы. Оны жұмыс беруші жеке зейнетақы шотымызға ай сайын аударып отырады.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – жұмыс берушінің зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары үшін өтемақысы.  Мұндай жарналардың мөлшері қызметкердің жалақысының 5%-нан құралады, бірақ жұмыс берушінің бюджетінен төленеді. Шахталарда, пайдалы қазбаларды өндіру кеніштерінде және басқа да зиянды немесе қауіпті қызмет салаларында еңбек ететін азаматтар жарнаның осы түрін алуға  құқылы.

Ал ерікті зейнетақы жарнасы – бұл зейнетақы капиталын айтарлықтай толықтырудың тиімді тәсілі. Оны кез келген адам өзі үшін ғана емес, жақындары үшін де, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларының шотына аудару арқылы да жүзеге асыра алады.

Заңды тұлғалар өз қызметкерлері үшін ерікті зейнетақы жарналарын міндетті жарналарға қосымша бонус ретінде аудара алады.

Ерікті зейнетақы жарнасы бойынша шоттар зейнетақы қорына алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Ерікті жарна екінші деңгейдегі банктер мен «Қазпошта» АҚ немесе жұмыс беруші арқылы аударылады.

Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақтардан төлемдерді елу жасқа толған азаматтар, мүгедектігі бар адамдар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, елімізден тыс жерге тұрақты тұруға кеткен азаматтар ала алады.

QR-кодпен қол қоюға болады

Қазір зейнетақы қызметтерінің көпшілігін алу үшін ең сұранысқа ие және ыңғайлы жол – enpf.kz сайтындағы жеке кабинет. Олардың ішіндегі ең танымалы – зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алу. Айта кетейік, бұл ақпаратты электрондық үкімет порталынан да алуға болады. Онда бұл қызмет түрі екі нұсқада ұсынылған:

1) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме қоса берілетін, кеңейтілген түрде (қызметтің атауы – «БЖЗҚ-дағы зейнетақы есептеулері туралы ақпарат»);

2) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме қоса берілмейтін қысқа форматта (Жеке кабинет / Құжаттама-дерек / Жеке кабинетке кірген сайын жаңартылуы қажет зейнетақы жинақтары).

Сонымен қатар электрондық үкімет порталында салымшы қаражатының түсуі мен қозғалысы туралы мемлекеттік қызмет ұсынылады. Оны екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы да алуға болады. Осы қызмет шеңберінде ұсынылатын құжат инвестициялық табысты есепке алмай берілетінін атап өткен жөн.

Зейнетақы қорының enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетте жеке зейнетақы шотына түсетін жарналар мен оған есептелген инвестициялық кіріс туралы толық ақпарат ұсынылған. Онда кез келген кезең үшін үзінді көшірмені алуға болады. Сонымен қатар, ең төменгі жеткіліктілік шегі және алуға болатын сома бойынша ақпаратты, зейнетақы шотының бар екендігі туралы анықтаманы алып, мерзімсіз белгіленген бірінші, екінші топтағы мүгедектік бойынша және ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш бере аласыз. Қажет болған жағдайда  деректемелеріңізге өзгерістер енгізуге, жинақтарды сенімгерлік басқаруға аударуға, өтінімдеріңіздің мәртебесін көруге, зейнетақы калькуляторын пайдалануға және басқа да қызметтерді жүзеге асыруға болады.

–Жеке кабинеттегі қызметтер үнемі жетілдіріліп отырады. Мәселен, зейнетақы төлемдерін тағайындау және деректемелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтініш берген кезде өтінішке электрондық цифрлық қолтаңбамен ғана емес, сонымен қатар QR-кодтың көмегімен де қол қоюға болады. Қор осы бағыттағы жұмысын одан әрі жалғастыра береді, – деп қорытындылады Қарлығаш Байділдаева.

Ақпарат үшін айта кетсек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалы көшпелі қызмет көрсету бөлімі, операциялық бөлім, бақылау бөлімі және әкімшілік бөлімнен тұрады.

Операциялық бөлімде он маман қызмет етсе, соның сегізі келушілерді қабылдайды. Көшпелі қызмет көрсету бөлімінде 12 маман еңбек етеді.

Облыс тұрғындары жоғарыда аталған қызметтердің барлығын сайттағы жеке кабинеттен немесе филиал мамандарынан алуға болады. Облыстық филиал Өскемен қаласы, Жеңіс даңғылы, 3/2 мекенжайында орналасқан. Дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 9.00-18.00-ге дейін жұмыс істейді. Сенбі, жексенбі күндері – демалыс.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button