БЖЗҚ

Зейнетақы жинақтарына қатысты сұрақтар

Зейнетақы жинақтары туралы сұрақтар оқырмандарымызды үнемі мазалайды. Ең жиі кездесетін өзекті сауалдарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мамандары жауап берді.

Мен келесі жылы жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары енгізілетінін оқыдым. Алайда менің білуімше, қазірдің өзінде кейбір мамандықтар бойынша еңбек етіп жүрген қызметкерлер үшін қосымша 5% төленеді. Осы туралы толығырақ білгім келеді.

– Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бұл – жұмыс берушінің  өз жұмыскерлері үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – БЖЗҚ) өз қаражаты есебінен аударатын ақша. Қазір аталмыш жарна еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын қызметкерлер үшін аударылатынын айта кеткен орынды. Кәсіптер мен лауазымдардың, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен бекітілген. МКЗЖ мөлшері жұмыскердің табысының 5%-ын құрайды.

МКЗЖ ұлттық валютамен табысы төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей төленеді.  Егер жұмыс беруші Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімдерде арнаулы салық режимі қолданылатын шаруашылық жүргізуші субъект болмаған жағдайда. МКЗЖ аударылуын мемлекеттік кіріс органдары бақылайды және егер жұмыс беруші қаражатты қызметкердің шотына уақтылы аудармаған жағдайда, жұмыс берушіден қаражат өндіріп алынады, олар мерзімі өткен әрбір күн үшін есептелген өсімпұлмен БЖЗҚ-дағы шотына аударылады.

Көптеген компаниялар бүгінде жеке куәліктің цифрлық көшірмесін қабылдай бастады. БЖЗҚ-да бұл жағы қалай болуда?

– БЖЗҚ заманауи трендтерден қалыс қалмайды, міне, бірнеше ай бойы стандартты жеке куәлікпен қатар, оның цифрлық көшірмесін де пайдаланып келеді.

Бүгінгі таңда жеке зейнетақы қызметтерін БЖЗҚ-дан жеке куәліксіз алуға болады. Ол үшін eGov Mobile мобильдік қосымшасында жеке куәліктің цифрлық (электрондық) нұсқасы болса жеткілікті.

Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің электрондық нұсқасымен БЖЗҚ бөлімшелеріне өзі келгенде жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алуға, деректемелерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлау тәсілін өзгертуге (айқындау/, зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға болады.

Ескеретін жайт, жеке куәліктің цифрлық (электрондық) нұсқасын азаматтар БЖЗҚ бөлімшелеріне тікелей өзі келгенде ғана пайдалана алады.

Мен бала күтімі бойынша декреттік демалыста жүрмін. Бұған дейін мен ресми түрде жұмыс істедім, тиісінше, жарналарым да БЖЗҚ-ға жүйелі түрде аударылып отырды. Айтыңызшы, мен жұмыс істемеген уақыт ішінде мен үшін зейнетақы жарналары төлене ме, төленетін болса, оларды кім аударып отырады?

–  «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылар үшін бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жататын міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) қосымша белгіленеді.

Субсидиялау қағидаларының 2 2-тарауының 4-тармағына сәйкес БЖЗҚ-да МЗЖ субсидиялау бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем алушылардың пайдасына ай сайын бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Яғни, ай сайын, бала бір жасқа толғанға дейін анасының жеке зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналары бюджет қаражаты және МӘСҚ қаражаты есебінен мемлекеттік корпорация арқылы аударылатын болады.

Субсидиялау кезінде әйелдердің зейнетақы аударымдарының мөлшері МӘСҚ-дан бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер алған бүкіл кезең ішінде төмендетілмейді және әйелдің бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем мөлшері есептелген табыс мөлшері ескеріле отырып сақталады.

Басқаша айтқанда, МЗЖ мөлшері декреттік демалысқа шыққанға дейін белсенді еңбек қызметі кезеңінде алатын табысынан 10% деңгейінде сақталады. 4% – бала күтімі бойынша төлемдерді жүзеге асыратын МӘСҚ-дан (МӘСҚ жарналары) және 6% – республикалық бюджеттен (субсидия) аударылады.

Қазір  цифрландыру туралы жиі айтылады. Мен БЖЗҚ-ға берген өтінімдерімнің мәртебесін кеңсеге жүгінбей-ақ қалай қадағалай алатынымды түсіндіріп берсеңіздер.

– “БЖЗҚ” АҚ-да тіркелген төлемге өтініштің орындалу мәртебесін “Электрондық сервистер” бөліміндегі “Менің төлемдерге/аударымдарға өтініштерім” қызметінің көмегімен қадағалауға болады. Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) ауыстыру кезінде өтініштің орындалу мәртебесін жеке кабинеттің басты бетіндегі “Өтініштердің мәртебесін қадағалау” деген кіші бөлімде қадағалауға болады.

Салымшылардың назарына: БЖЗҚ салымшыдан өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жеткілікті сомадан асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруына аударады. Салымшының зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қала береді.

ИПБ-ның инвестициялық басқаруына берілген зейнетақы жинақтары біржолғы зейнетақы төлемдері алымдарына жатпайды (тұрғын үй жағдайларын жақсарту және/немесе емделу мақсаттарына алынған жағдайдағыдай) және ИПБ-ға ауыстырған кезде оларға жеке табыс салығы салынбайды.

Сақтандыру ұйымына ауыстыру бойынша өтініштің орындалу мәртебесін жеке кабинеттің басты бетіндегі “Өтініштердің мәртебесін қадағалау” кіші бөлімінде бақылауға болады. Бұл үшін ЖСН мен парольді немесе “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясынан алынған ЭЦҚ кілтті пайдалануға болады, сондай-ақ төлемге және (немесе) аударымға өтініште көрсетілген деректердің көмегімен бақылай алады.

“БЖЗҚ” АҚ сайтында авторизациядан өткеннен кейін алушыға төлем/аударым өтінімінің мәртебесін қадағалауға мүмкіндік беретін бет ашылады. Үшінші әдіс бойынша авторизацияланған кезде сіз тек авторизация кезінде көрсетілген мәлімдеменің мәртебесін ғана бақылай аласыз.

БЖЗҚ-ға уәкілетті оператордан келіп түскен біржолғы зейнетақы төлеміне (БЗТ) өтініштің мәртебесін салымшы “БЖЗҚ” сайтындағы “Менің төлемдерге/аударымдарға өтініштерім” электрондық қызметі және БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасы арқылы дербес тексере алады.

Осы операциялардың барлығын біріншілен,  ЖСН мен парольді пайдалана отырып (олар БЖЗҚ дерекқорында тіркелуі тиіс) жасауға болады. Бұл тәсіл салымшы өз жинақтары туралы ақпарат алу тәсілі ретінде “интернет-ақпараттандыруды” таңдаған жағдайда қолжетімді. Екіншіден, ЭЦҚ кілтінің көмегімен.

Сонымен қатар Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетумен (ТТК) байланысты төлемдерді алу үшін құжаттарды алдын ала тексеруді онлайн режимінде де жүзеге асыруға болады.

Мен Ресей азаматымын, бірақ геосаяси жағдайға байланысты қазіргі уақытта Қазақстанда тұрып, жұмыс істеймін. Келешекте, зейнетақымды қалай ала аламын?

– 2014 жылғы ЕАЭО туралы шартқа сәйкес, ЕАЭО мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру тұрақты тұратын мемлекеттің заңнамасымен, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы жекелеген халықаралық шартқа сәйкес реттеледі. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім осындай халықаралық шарт болып табылады.

Келісімнің негізгі мақсаты – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер еңбекшілерінің зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтары сияқты шарттарда және тәртіппен қалыптастыру болып табылады, яғни ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыру құқығын өз азаматтарына берілетін көлеміне тең дәрежеде беруге тиіс.

Келісімнің нормалары ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында еңбек қызметін уақытша жүзеге асыратын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарын жұмысқа орналастырып, жұмысқа орналастырушы мемлекеттің жұмыс берушісімен еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт жасасып, жұмысқа орналастырушы мемлекеттің зейнетақы жүйесіне міндетті түрде зейнетақы (сақтандыру) жарналарын төлей отырып, ресми жұмысқа орналастыру шартымен Келісім күшіне енгеннен кейінгі кезеңде еңбекшінің жинаған жұмыс өтіліне қолданылады.

Сонымен қатар Келісім Қазақстан Республикасында зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері: зейнеткерлік жасқа толғанда, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектік белгіленген кезде, мұрагерлерге біржолғы төлем кезінде қолданылады.

Осылайша, Қазақстан Республикасында 2021 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс беруші шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат алмай тұрып жасаған еңбегі немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде уақытша еңбек қызметін жүзеге асыратын ЕАЭО елдері азаматтарының табысын есептеу кезінде БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын (МЗЖ/МКЗЖ) ұстап қалуға және аударуға міндетті. Бұл ретте МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есепке алу үшін жеке зейнетақы шоттары (ЖЗШ) жұмыс берушіден түскен МЗЖ/МКЗЖ бастапқы сомасын аударған кезде БЖЗҚ-да автоматты режимде ашылатын болады. Еңбек шарты немесе жұмыс берушімен азаматтық-құқықтық шарт бұзылған жағдайда БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы аталған тұлғаларда Келісімнің 2-бабы 2-тармағының 2.3-тармақшасында көзделген талаптар басталған кезде ғана жүзеге асады.

Осы орайда ЕАЭО елдерінің, оның ішінде Ресей Федерациясының азаматтары зейнетақы төлемін алу үшін Келісімді іске асыру бойынша Қазақстандағы құзыретті орган болып табылатын БЖЗҚ-ға не тұратын мемлекеттің құзыретті органына, мысалы, Ресей Федерациясының зейнетақы қорына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құжаттарды ұсына отырып, жүгінуге құқылы екенін еске саламыз.

Дайындаған – Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button