«Зердеге» зеректер жиналды

Бүгінгі мектеп оқушысы – еліміздің ертеңгі болашағы екені сөзсіз. Ендеше еңбексүйгіш, шығармашылықпен ойлай алатын, ел мен жер тағдырына бей жай қарамайтын ұрпақты тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік. Болашақ зерттеуші ғалымдар да бүгінгі оқушылардың арасынан шықпақ. Осы орайда Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы дарынды жас зерттеушілерді іріктеу және қолдау мақсатында 1-7 сынып оқушылары арасында республикалық «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңін өткізді.
Бұл жолғы байқау Өскеменде жаңадан бой көтерген Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтті. Байқауға қатысушылардың барлығы кіл жүйріктер. Олардың бәрі де байқаудың аудандық, қалалық кезеңінде оза шауып, бәйге алғандар. Оқушылардың жоба қорғауы математика, информатика; физика, техника; қазақ тілі және әдебиеті; орыс тілі және әдебиеті; биология, химия; валеология, экология; тарих, өлкетану, этномәдениеттану; медицина, психология секілді 8 секция бойынша өткізілді. Оқушылардың жұмысын құрамына облыстың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының ғалымдары, ғылым докторлары мен кандидаттары кірген қазылар алқасы бағалады.
Болашақ жас зерттеуші ғалымдардың таңдаған тақырыптары әр алуан. Мысалы, Күршім ауданы Күршім ауылындағы Ю.Гагарин атындағы №1 мектебінің 6-сынып оқушысы Айым Төлеубек «Математика және спорт» тақырыбында зерттеу жұмысын қорғапты.
– Мен бұл тақырыпты зерттеу барысында бүкіл спорт түрлерінің математикамен байланысты болатынын байқадым. Спортта да белгілі бір жетістікке жету үшін математикалық білімді дұрыс қолдану қажет. Мысал ретінде футболды алайық. Бұл ойын түрінде командалардың құрамын анықтау үшін математика керек. Тіпті команданың құрамындағы ойыншыларды футбол алаңына орналастыру үшін де біз математикаға сүйенеміз, – дейді Айым. Ал осы мектептің тағы бір оқушысы Аделина Слямбекова орыс тіліндегі кейбір мақал-мәтелдердің шығу тарихын зерттеген екен. Мысалы, орыс тілінде «кататься как сыр в масле» деген сөз бар. Аделина бұл сөздің шығу төркінін анықтау үшін арнайы тәжірибе де жасапты. Ол үшін Аделина нан кесетін тақтайдың бір жағына сары май, ал екінші жағына шемішке майын жағыпты. Бірақ, екі түрлі майдың үстінде де ірімшік (сыр) қозғалмаған. Сонда бұл сөз қайдан шыққан? Сөйтсе, бұл сөздің шығу тарихы былай көрінеді. Ертеде адамдар ағаш бөшкенің ішін алдымен майлап барып қана ірімшік салады екен. Сөйтіп, оның бетін жауып, бөшкені ары-бері қозғайтын көрінеді. Сары май жағылып, жақсы сіңген ірімшік ұзақ уақыт сақталады екен. Бірақ мұндай ірімшіктің қызығын тек байлар ғана көріпті.
– Жалпы, баланы кішкентайнан ғылыми-зерттеу жұмысына баулыған өте дұрыс. Өйткені ғылыми зерттеу жұмысы секілді ой еңбегі оқушының дүниеге деген өзіндік көзқарасын қалыптастыруға оң ықпал етіп, белсенділігін арттырады, – дейді аталған мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Иманжанова.
Сондай-ақ біз медицина және психология секциясы бойынша «Еліктеушіліктің оқушылар тәрбиесіндегі әсері» тақырыбында зерттеу жұмысын қорғаған Ботакөз Серікқызы мен Аружан Сәбетбековамен де тілдестік.
– Бұл – үлкен қоғамдық мәселе. Өйткені қазіргі жастар арасында ашық-шашық киіну, темекі тартып, арақ ішу, татуға үйір болу секілді еліктеушілік белең алған. Мысалы, татудың өзі тері рагын тудырып, қан жолдарын зақымдайды, – дейді Аружан.
Осынау байқаудың қорытындысы бойынша 141 оқушы (119 жоба) жүлдегер атанды. Олардың 27-cі (20 жоба) – І орынды, 51-і (43 жоба)- ІІ орынды, 63-і (56 жоба) ІІІ орынды иеленіп, грамоталар мен сыйлықтарға ие болды.
Мейрамтай Иманғали