Әдебиет

Өзекті өртер от еді өлеңдері

Өзекті өртер от еді өлеңдері

«Дауаңды» оқып, Фариза!

«Дауаңды» оқып жаныма,
Мен де бір дауа іздедім.
Онсыз да қалың жанымда,
Мұң болды тәтті – сүзгенім.
Тамашалап, тамсадым
Тамшы жастардың тізбегін.
Аңсай жұтқандай күйдемін,
Күзбен бірге қыз демін!..
Өзіңмен бірге өкініп,
Өзің боп мен де қуанып.
Өзіңдей құмар үмітпен,
Өмірден күдер үзбедім…
Мұратты мұңнан жаралған,
Азамат ойдан нәр алған.
Қасіретін ұққан халқыңның,
Ұл ма едің, өзің қыз ба едің?
Өліп-өшіп өлеңнен,
Жырға асық жаным – сырға асық.
Қалған мынау ғұмырда
Боларсың өзің – іздерім!
Жылата көрме, жылатсаң
Кешермін мәңгі бірге мұң!
Жамалы – жалған дүние,
Кездеспес тәтті күнде мұң!
Аңсау жас та – күн де мұң!..

Төкен Ибрагимов

Семей.

Алаштың асыл қызы еді

Махамбет семсеріндей жарқылдаған,
Шындық үшін күрестен тартынбаған.
«Қымбат» – деп, алтыннан да Фаризаның,
Әу баста беріп қойған нарқын заман.

Қалдырмай қатарынан, басқалардан,
Шығарды шың басына асқақ арман.
Сырт көзге сырын шашып көрген емес,
Болмысы жаралғандай тас қамалдан.
Ешқашан баба жолын кірлетпеген,
Қайтпаған бағытынан бір беттеген.
Шалдыр-шатпақ «таланттың» иелері,
Алдында ақын қыздың дірдектеген.

Желпінтіп желкен желін қырқалардың,
Өлеңменен қарсы алды қырдың таңын.
Жастардың қамқоршысы бола білді,
Бүлдіртпей болашақтың бір бұтағын.

Бұлқынып бұл өмірге құштарлығы,
Қырандай шың-құздарға құлаш ұрды.
Көрген жоқ пендешілік жолын қуып,
Болған жоқ пенделерге іштарлығы.

Жан-жақты қалам тартқан тақырыбы,
Ақынның өнердегі батырлығы.
Жер-көкті жалғастырған өлеңінде,
Кең байтақ даламыздың жатыр үні.

Бұл үнге барлық әлем құлақ түрді,
Қастерлеп сырға толы бұлақ-жырды.
Айырылып енді міне, Фаризадан,
Артында алты Алаш жылап тұрды.

Көл болды көздің жасы ақтарылды,
Көлеңке түсті бір сәт баққа нұрлы.
Қыздарын Көк байрақпен бетін жауып,
Ел-жұрты зор құрметпен аттандырды.

Өлімге көңіл шіркін кімді қимақ,
Өкініш орны толмас тұр ғой қинап.
Дұға етіп, алақанын жайып отыр,
Ақынның әруағын халқы сыйлап.

Пендеміз бәріміз де – құдай құлы,
Біледі жас-кәріміз бүгін мұны.
Ас берді Шығыста да Фаризаға,
Бердібек Сапарбаев Мәшбекұлы!

Советхан Қалиғожин

Өскемен.

Поэзия шырағы

Өрт кеуде, өрнекті тіл, арманы асқақ,
Өксітіп елін кетті-ау артқа тастап.
Сырбаз жырдың сындарлы сырын шертіп,
Жүруші еді ақын қыздар көшін бастап.

Қандай ауыр егіліп, еске алу,
Ойының тамшылары – дертке дәру.
Елге деген махаббаттың балын ішіп,
Сезімнің уын жұтып кеткен ару.

Дүние мұңға батып, тілсіз қалды,
Қатал қыс бір бозарды, бір сызданды.
Тербеген адамзаттың жан жүрегін,
Поэзия патшайымы үнсіз қалды.

Тәңірдің салғанына пенде көнер,
Сәулесі үміттің де кейде сөнер.
Жер-Ана, ұжмағыңа бөлеп алып,
Пейіштің бесігінде тербете гөр.

Жан жылады, ал жүрек қан жылады,
Өлең болып санада жаңғырады.
Фариза-ғұмыр өмірге қайта келіп,
Поэзия шырағын жандырады.
Жандырады, мәңгіге жаңғырады!

Дәмеш Омарбаева
Семей.

Мұқағали мұң
шаққан Фариза қыз

Өмір бойы әкелген өмірге өлең,
Қиналса да, жас болып төгілмеген.
Жетпіс төртте өмірден Ақын өтті,
Екі жылдай күресіп обырменен.

Тура келген ажалға не қылармыз?
Ақық жасты жанардан тамызармыз!
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Мұқағали мұң шаққан Фариза қыз.

Жыр жолында тәрк еткен қаны, жанын,
Қаншама ақын қыздардың бары мәлім.
Сара апамыз бастаған салқар көште,
Орны бөлек алайда, Фаризаның.

Бөлек еді басқадан Фариза ақын,
Қаракөздің еді оған бәрі жақын.
Сол үшін де қалың ел өлеңі мен,
Жалау етіп көтерген оның атын.

Жақын еді хан емес, қарашаға,
Әлсіздерге түсті ылғи арашаға.
Парламентте жүргенде заңдар жазды,
Көркейсін деп ана мен бала-шаға.

Өзекті өртер от еді өлеңдері,
Жазылды онда шері мен шемендері.
Қалың елге көз салған төмендегі,
Зиялының ойшылы, кемеңгері.

Қаламдастан боп өткен өмірі үстем,
Жеңістері көп болған жеңілістен.
Махамбеттің жырдағы сарқыты еді,
Бір кем емес ерлігі Томиристен.

Қыраны еді қазақтың қалықпан ол,
Жан шуағын арнаған халыққа мол.
Барлығыңа қайғырып көңіл айтам,
Ұлы ақыннан айырылып, қамыққан ел!

Көпен Ерқасов
Өскемен.

Шың басындағы
шынардай болып…

Күлкімді, жайлы күнімді,
Қуаныш, қайғы, мұңымды,
Өзіммен бөліскенің үшін,
Азап пен жеңістерім үшін!
Менің мынау қиындау тағдырым болып,
О баста көріскенің үшін,
Мен сені аялаймын!
Ф.Оңғарсынова

Ақындық қуатпен
дара басқаныңыз үшін,
Жалған жандармен
жағаласқаныңыз үшін,
Өзекті талдырған өтпелі шақта,
Елдің ісіне
араласқаныңыз үшін,
Күрсінген жерді көзбенен көріп,
Алғы күндерде
жазар дастаныңыз үшін
біз сізді аялаймыз!

Өрнектеп өлең
көз ілмегеніңіз үшін,
Егілсеңіз де,
Езілмегеніңіз үшін,
Шың басындағы шынардай болып,
Жеңетін бәрін
төзім дегеніңіз үшін,
Біз сізді ардақтаймыз!

Маңызды жолдағы
мақсаттарыңыз үшін,
Асқар Алатаудай
аппақ жаныңыз үшін,
Жасық жігітті жырменен өртеп,
Мұқағалидай
дос тапқаныңыз үшін,
Біз Сізді құрметтейміз!

Келешегімізге сенгеніңіз де үшін,
Кемел толғаған
еңбегіңіз де үшін,
«Шілдедей» кітап
бергеніңіз де үшін,
Мәжілістегі депутат болып,
Шілдеде Семейге келгеніңіз де үшін,
Біз сізге бас иеміз!

Мұратбек Оспанов

Семей. 1997 жыл

Есіміңіз есте тұрар жаңғырып

Жазуына жаратқанның не етерсіз,
Бар ісіне батылдысыз, бекемсіз.
Қысқа өмірді ұзартуға алысқан,
Фариза апа, нағыз батыр екенсіз!

Әділеттік, тек әділдік ойыңда,
Деуші едіңіз: «Шын мықтыны мойында!»
Бақилыққа сапар шегіп кеттіңіз,
Теңіз-өлең шалқып-тасып бойыңда.

Үрікпедің үкімінен бастықтың,
Ол-дағы ғой бір жалыны жастықтың.
«Заты әйел» дегендігі болмаса,
Азуыңды айға білеп, тасты үктің.

Сіз өткен соң қайғылы өлең қалды ағып,
Артыңызда зар жылауда бар халық.
Сіз өлмейсіз, өлмеу үшін туғансыз,
Жырларыңмен тірілерсіз жанданып.

Талантыңмен тыңдарманды таң қылып,
Есіміңіз есте тұрар жаңғырып.
Ақиықтар жырлайды әлі ән қылып,
Фариза апа жасай беред мәңгілік.

Өмірдегі өлең парыз өтелсін,
Жырларыңнан жас ұрпағың от өрсін.
Арманыңды ақындарың жалғасын,
Ақ жаныңды елің көкке көтерсін!

Аслан Ғафуров

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button