Мәдениет

Үздіктерге «Маска» сыйлығы тапсырылды

Үздіктерге «Маска» сыйлығы тапсырылды

«Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, халық үшін өнер атаулының ішінде театр өнерінің орны қашан да бөлек. Театр да үлкен мектеп. Ізгілік пен адамгершіліктің, ұлағат пен тағылымның мектебі. Сенбі күні шығысқазақстандық сахна шеберлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Бұл жолғы мерекені театр қызметкерлері былтыр ғана пайдалануға беріліп, мемлекет басшысының өзі тұсауын кескен жаңа ғимаратта тойлады.
Театр табалдырығын аттағаннан-ақ керемет бір мерекелік көңіл күйдің куәсі болдық. Келген қонақтарды фойеде облыстық филармонияның камералық оркестрі әдемі әуенмен қарсы алып, салтанатты одан әрі әрлей түсті. Шынында да, бүгін – мереке, бүгін – думан. Әсіресе, саналы ғұмырын сахнаға арнап, өнерді өмірінің өзегі еткен жандар үшін осынау мерекенің маңызы әрқашан бөлек екені сөзсіз. Бұл – театр қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл өнер сүйер қауымның да төл мерекесі десек еш қателеспейміз. Салтанатты шарада бірінші болып сөз алған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмаханованың айтуынша, биылғы халықаралық театр мерекесі елімізде «Театр – өзара түсіністік пен халықтар арасындағы бейбітшілікті нығайту құралы» деген ұранмен тойланып отырған көрінеді. Сондай-ақ, Раушан Қапасқызы сахнада халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген шығармашылық иелерін төл мерекелерімен құттықтай келіп, бірқатар өнер адамдарына «Маска» сыйлығын табыс етті.

Үздіктерге «Маска» сыйлығы тапсырылды

Сонымен, бұл жолғы «Маска» сыйлығына кімдер ие болды?
«Ең үздік ер адам рөлі» номинациясы театрдың көркемдік жетекшісі, актер Сахан Әкелеев бұйырса, «Ең үздік әйел адам рөлі» номинациясына актриса, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Майра Арғынбекова ие болды. Ал «Екінші пландағы ер адам» номинациясы актер, Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі Қанат Ниязбековқа, «Ең үздік эпизодтық рөл» номинациясы Динара Жанымхановаға, «Қызмет міндетін үлгілі атқарғаны үшін» номинациясы Шолпан Лақаеваға, «Балалар қойылымындағы үздік рөл» аталымы Маратбек Сырымға берілді. Сондай-ақ, «Жас талант», «Жас дарын», «Шығармашылық табыстары үшін», «Үздік қойылым», «Үздік техникалық қызметкер» секілді номинациялар да өз иелерін тапты. Сондай-ақ, облыстық драма театрының Гүлбақыт Бақтыбаева, Сайраш Қопабаева, Мәдина Исина сынды белді актрисалары Қазақстан театр қайраткерлері одағының құрмет грамотасымен марапатталды.
Сахна шеберлерінің кәсіби мерекесінде театр өнерін кеңінен насихаттап жүрген журналистер қауымы да назардан тыс қалмады. Театр директоры Дінмұхамед Мамырханұлы төртінші билік өкілдерінің өнерді дәріптеудегі еңбегін ерекше айта келіп, бірқатар баспасөз өкілдерін алғысхатпен марапаттады. Олардың қатарында облыстық «Дидар» газетінің шолушысы, айтыскер ақын Серік Құсанбаев пен бөлім меңгерушісі Мейрамтай Иманғали, «Рудный Алтай» газетінің журналисі Елена Пашке де бар. Сондай-ақ, бұл күні облыстық драма театрының бұрынғы ғимараты, қазіргі қоғамдық келісім орталығы – Достық үйінде де халықаралық театр күніне орай 3-7 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған мерекелік шара болып өтті.
– Біз халықаралық театр мерекесіне орай осындай шара ұйымдастыруды жөн көрдік. Өйткені, балалар кішкентай кезінен-ақ театр дегеннің не екенін біліп өсуі керек. Өкінішке қарай, қазіргі күні біздің кішкентай бүлдіршіндеріміз компьютерден бас алмайды. Ал театрдың берері көп. Сондықтан да ата-аналар мен балалардың назарын театрға аударғымыз келді. Театр – ғажап тәрбие құралы. Мұнда мән-маңызы зор дүниелерді тамашалауға болады, – дейді осынау шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Бақытты отбасылардың халықаралық институтының» құрылтайшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы жанынан құрылған аналар кеңесінің Ольга Иванова.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button