Өзіңдікі өзектен теппейді

Зырян ауданында мектеп бітірген түлектердің сыртқа ағылуы күрмеуі қиын өзекті проблемаға айналып отыр. Талапкерлердің жартысына жуығы ресейлік жоғары оқу орындарын таңдайтыны жасырын емес. Алайда олардың бұл таңдаулары жүз пайыз өзін-өзі ақтайды деп тағы айта алмаймыз. Себебі, бастапқыда үйіп-төккен уәделі гранттар алғашқы сессиядан кейін-ақ құмға сіңген судай жоғалып, ал азын-аулақ шәкіртақысы ашқұрсақ студенттердің асқазанының түбін жаппай қалатынын қайтерсіз. Берілетін білім сапасы туралы жақ ашпай-ақ қояйық.
Ал біздің елде қалай? Бізде бәрі басқаша. Шығыс Қазақстанның оқу орындары атам заманынан білім сапасының жоғарылығымен әйгілі. Орта немесе жоғары білім беру мекемелерін алсаңыз да барлығының деңгейі талапқа сай. Сондықтан да ресейлік ЖОО-лардың өкілдері жыл сайын көктемде облыстың мектептерін аралап жүріп, оқу-білімге, өнерге жүйрік жастарды жинап әкетуге тырысады және олар мұны қазақстандық әріптестері қимылдағанша тезірек тындырып тастайды. Көрдіңіз бе, әне? Одан қалса өздерінің артықшылықтарын алға тартып, грантпен оқуға мүмкіндік мол екендігін айтып, түлектерімізді қызықтырады. Ал шынтуайтында айтылған сөздің бәрі рас па, берілген уәде орындала ма? Ол жағын ешкім айта алмайды. Сондықтан мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналары шешім қабылдамас бұрын бәрін ой елегінен өткізіп, салмақтап алғаны абзал. Түлек үшін мамандық таңдау қаншалықты маңызды болса, сол мамандыққа оқытатын білім ордасын таңдау да өте жауапты іс.
– Облыстық кәсіптік бағдар беретін топтың өз жұмысын біздің ауданнан бастағанына қуаныштымыз. Оқушыларымыз каникулдан енді ғана шықты. Біраз демалып, тың күшпен келген балаларымыз қосымша ақпараттар алуға әзір. Біздің жоғарғы сынып оқушыларымыз жаңа форматтағы бұл кездесулерді, стенд-мобты жақсы қабылдап, өздеріне қажетті мәліметтерді ала алды деп сенемін. Ең бастысы, ашық сұхбат жүргізіп, барлық ақпаратты оқытушылардың өз аузынан естіген олар отандық білім ордаларының артықшылықтарын, сапалы білім бере алатындығын түсінді, – дейді Зырян ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.
Мемлекет есебінен оқу мәселесіне келсек, қазіргі күні грантқа қол жеткізу мүмкіндігі әлдеқайда жоғарылады. Мұны азырқансаңыз, облыс әкімінің бұл бағыттағы қолдау-көмегі тағы бар. Мәселенки, ауданға келген сапарында аймақ басшысы Даниал Ахметов келесі жылы түлектер үшін 400 әкімнің гранты бөлінетінін айтып қуантқан.
– Отандық ЖОО-лар мен колледждерде оқудың тағы бір тиімділігі – студент дипломын алған соң жұмысқа орналасуға, еліне қызмет етуге жақсы мүмкіндігі бар. Мектеп бітіретін оқушылардың дұрыс таңдау жасауына көмектесу үшін, біз ауданда түлектерге қызықты бірнеше кезеңдік іс-шаралар жоспарын құрып қойдық. Енді соларды іске асырамыз, – дейді Жанна Асқарова.
Оның айтуынша, оқушыларға өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждеріне саяхат жасату, жерлес студенттермен кездесулер өткізу және басқа да шаралар ұйымдастыру өзінің нәтижесін берері сөзсіз. Дегенмен күні кеше ғана өздерінің мектебін бітіріп кеткен түлектер ізінен ерген іні-қарындастарына, сіңілі-бауырларына ақыл-кеңестерін айтып жатса, бөтеннің насихатынан гөрі бұл жақсы қабылданбай ма?..
Сонымен қоса бұл мақсатта ата-аналармен де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аудандық мәслихаттың хатшысы Лариса Гречушникова мен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ирина Лыкова бірнеше рет ата-аналар жиналысын өткізіп үлгеріпті. Ол жиналыстарда отандық ЖОО-лардың халықаралық стандарттарға сай материалдық-техникалық базасы мен білікті де білімді оқытушылары туралы кеңінен айтылып, білім ордалары туралы молынан мәліметтер берілген. Өткізілген жиындардан түйгеніміз, ата-аналарды қаржылық мәселе алаңдатады екен. Көпшілігі баласы грантқа түсе алмай қалса, оқытуға шамалары келмейтінін айтады. Ол да жөн. Бірақ еліміздегі жоғары білім мекемелерінде жеңілдіктер жасайтын ыңғайлы жүйенің бар екенін де ұмытпауымыз керек. Ал колледждерде сұранысқа ие мамандықтардың бірсыпырасы тегін оқытылады. Бұл да мемлекеттің қазақстандықтарға жасап отырған қолдауы.
Оксана Сосновская
Материал Зырян аудандық ішкі саясат
бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді