Үздік ұстаздарға құрмет көрсетілді
Кеше Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті. Оған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады.
Айтулы шараға 700-ден астам адам қатысты. Бейнеті мен зейнеті, қияметі мен құрметі, қызығы мен шыжығы қалың ұлағатты мамандық иелері лайықты құрметке бөленген күн болды. Құшақтары гүлге толып, Металургтер мәдениет сарайына ағылған ұстаздарды кіреберістен оркестрлер әуезді әнмен, күмбірлі күймен қарсы алып тұрды. Ұрпақ болашағының алдындағы жауапкершілікті жете сезінгендіктен тынымсыз әрі көзге көрінбейтін, бір сарынды жұмыстан қолдары босай бермейтін мұғалімдер мұндай құрметке әбден лайық екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда осынау қасиетті мамандық иелерінің қоғамдағы дәрежесі қайта тіктеліп, еліміздегі ең құрметті мамандықтардың біріне айналып келеді. Бұл бетбұрыстың біздің өңірде де белең алып үлгергенін аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өзінің құттықтау сөзінде атап өтті. 1996-2014 жылдар аралығында облыс бойынша 179 білім ошағы бой көтерсе, соның 100-ден астамы соңғы бес жылда салыныпты.
– Бүгінгі қоғамды, тұтас мемлекетті, керек десеңіз, мынау әлемді мұғалімдерсіз елестету мүмкін емес. Әрбір азамат өзінің адам деген атқа лайық тұлға болып қалыптасқаны үшін ата-анасынан кейін ұстазға қарыздар. Сондықтан қазіргі Қазақстан қоғамында ұстаздық деген ең құрметті мамандыққа айналып отыр. Мемлекет басшысы бұл саланың ел дамуындағы маңызын жоғары бағалап, ерекше көңіл бөліп келеді. Осыдан 25 жыл бұрынғы жағдай, мектептердің материалдық-техникалық базасы қандай болғаны әлі есімізде. Осы ретте ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалған емес. Елімізде ең әуелі өзге сала мамандарынан бұрын педагогтардың еңбекақысы көбейтілетіні де сондықтан. 2016 жылға қарай біздің облыста халықаралық стандартқа сай емес бірде-бір мектеп қалмайды. Қазіргі таңда біздің аймақта үш ауысыммен білім беру деген атымен жоқ. Бұл өзгерістер елдегі білім сапасының артуына тікелей себепкер
болып отыр. Халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен бәсекелерде біздің оқушылардың Қазақстанның атын әйгілеп жүргені сіздердің арқаларыңызда. Соңғы жылдары облыстың білімпаз жеткіншектері гуманитарлық бағытта да, нақты ғылымдар саласында да республика бойынша көшбасшы ретінде танылып жүр. Бұл жетістіктер сіздердің үздіксіз еңбек етіп, жұмыстарыңызға жан-тәндеріңізбен беріле білгендеріңіздің арқасында бағынып жатыр. Сіздерге осынау қажырлы да абыройлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Ел болашағы үшін атқарып жүрген еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді облыс әкімі.
Кәсіби мерекелері қарсаңында үздік деп танылған ұстаздар білім саласына қосқан үлестері үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағымен, Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен және облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл кеште аймақ басшысының қолдауымен жарық көрген «Педагогтер әулеті» атты кітаптың тұсауы кесіліп, мереке қонақтарына таратылды. Аталмыш кітапқа 50-ден астам ұстаздар әулетінен тараған 500 мұғалім жайында деректер енгізіліпті.
Солардың ішінде ортақ еңбек өтілі бірнеше ғасырды қамтитын ордалы деген әулеттер мерекелік кешке тікелей қатысып, шараның шырайын кіргізді. Мәселен, Көкпекті ауданынан шыққан Айжақсиндер әулетінің ортақ ұзтаздық өтілі 350 жылды құрап отыр. Әулеттің 20-ға жуық өкілі ұстаздық жолды таңдап, жемісті еңбегімен танылған. Ал Тарбағатайдың тумасы Асқар Ісләмовтан тараған ұрпақтың алды университеттерде білім беріп жүр. 82 жастағы әулет анасы Нағима Сатыбалдина да өмірінің 40 жылын бала оқытуға арнапты. Ардагер ұстаз әрі «Батыр ана» өзінен туған 10 баланың сегізі, олардан тараған немелердің бесеуі ата-ананың жолын жалғап келе жатқанын айтады. Шара барысында бұлардан басқа зайсандық Кемелбаевтар әулетіне, Глубокое мен Шемонайха аудандарынан келген Булыга және Старожиловтар отбасына құрмет көрсетілді. Салтанатты шараның соңы өнерпаздар ұсынған мерекелік концертке ұласты.
Есімжан Нақтыбайұлы