Үздік үштіктен көріндік
Аягөзде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Ол сөзімізге биылғы жылдың алғашқы жартысындағы облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму рейтингі дәлел. Аудан ол тізімде Жарма мен Күршім аудандарынан кейін үшінші орында тұр.
Дегенмен, Аягөз үшін рейтингтің алдыңғы орыны да таңсық емес. Аудан осыған дейін де әлденеше рет алдыңғы орындарға шыққан болатын. Биылғы жартыжылдықта ауыл шаруашылығы саласында 9,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға өскен. Айта кетерлігі, облыс бойынша өндірілген өнімнің 7,8 пайызы ауданға тиесілі болып, даму рейтингісі бойынша 2-орынды иеленіп отыр.
-Аудан халқын арзан әрі сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні 8 мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр,-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Райхан Шәукентаева, -оның екеуі қой, алтауы ірі қара бордақылаумен айналысады. Мемлекет біздің саланы қолдап, жеңілдетілген несиелер беруде. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7 шаруа қожалығы 258 млн. теңгеге 400 бас ірі қара сатып алуға «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-на құжаттарын өткізіп отыр. 5 шаруа қожалығы 263 бас мал алу үшін 170 млн. теңге несие алуға құжаттарын дайындауда.
Сол сияқты, «Аягөз-Несие» серіктестігі арқылы 4 шаруа қожалығы 186 бас ірі қара алуға 120 млн. теңгенің құжаттарын өткізді. Қорыта айтқанда, ауданда «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шет елден 548 млн. теңгеге асыл тұқымды ірі қара алу көзделуде. Жалпы, мал шаруашылығы бойынша жарты жылда 341 млн. теңгенің субсидиясы төленіп, 352,8 млн. теңгенің инвестициясы тартылған.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.