Өскемендегі Шәуешек күндері ерекше өтті
Өскемен мен Шәуешек қалаларының арасы тағы да жақындай түсті. Облыс орталығына Қытай Халық Республикасының шекаралас аймағынан үлкен делегация келіп, екі күн бойы шаһар жұртшылығын көрме-жәрмеңкелерімен, концерттік бағдарламаларымен қуантты.
Естеріңізге салайық, үстіміздегі жылдың наурыз айында ҚХР-дың Шәуешек қаласында Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері өткізілген болатын. Шығысқазақстандық делегацияның осы сапары барысында 2006 жылы бауырлас қалалар атанып, содан бері сауда-экономикалық, рухани-мәдени байланысы күн санап нығайып келе жатқан шаһарлардың алдағы қарым-қатынасы, ортақ жұмыс жоспары да талқыланған еді. Оның ішінде әсіресе, мәдениет саласына айрықша көңіл бөлінген-ді.
Содан болар, аймағымызға ат басын тіреген қытайлық қонақтар ең алдымен өскемендіктер мен қала қонақтарына арнап тамаша концерт қойып берді. Шәуешек қаласының шығармашылық ұжымдары «Үлбі» мәдениет үйіне жиналған өнерсүйер қауымға қазақ, қытай және ұйғыр тілдеріндегі әндерін ұсынып, тыңдарманды бір серпілтіп тастады. Сахнада шырқалған музыкалық шығармалар арасында әсіресе, «Тарбағатай», «Еркем-ай» сияқты қазақ әндері жиналған қауымның ерекше қошеметіне ие болды. Ал қытай фольклорлық ансамблінің гаоху, пипа, гучжэн сынды саз аспаптарындағы тұла бойыңды шымырлататын сырлы әуендері кім-кімді де бейжай қалдырмағаны сөзсіз. Сахна төрінде мың бұрала билеген бишілер де көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекенің сәнін келтірді.
Дәл осы күні шәуешектіктер қала тұрғындарына арнап қолөнер бұйымдарының көрмесі мен азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды. Әсіресе, Қытай елінің белгілі фарфор бұйымдарын жасаушысы Жуң Жынхуаның туындылары келушілердің назарын еріксіз өзіне баурады.
– Сіздер бізді қытай дейсіздер, ал халықаралық деңгейде бізді «чайна» деп атайды. Ол сөздің түп-төркіні – фарфор. Осы фарфордың тарихы Қытайдан бастау алады және де бұл ең көне төл өнеріміздің бірі. Кезінде фарфор бұйымдарға қызығушылық танытқан шетелдіктер қытайшаға тілі келмей фарфор дегенді білдіретін сөзбен біздің ұлтымызды да атап кеткен деседі, – дейді тарихтан аз-кем сыр шерткен Жуң Жынхуа мырза.
Қазір оның қолынан шыққан фарфор бұйымдары өз елінде ғана емес, шетелде де зор сұранысқа ие екен. Әсіресе, қытай шеберінің кесе мен шәйнек тәрізді ыдыс-аяқ жасауға ден қоятыны байқалды. Жынхуа мырза өз өнеріне тәнті болған көрме қонақтарына арнап шеберлік сыныбын да өткізгенін айта кеткен жөн.
Сонымен бірге, шетелдік қолөнершілер майлы бояумен сурет салу бойынша да шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, өскемендік қылқалам шеберлерімен тәжірибе алмасты.
Ал Шәуешек қаласының Өскемендегі мәдени күндерін қорытындылаған шара екі жақты байланысты нығайтуға арналған дөңгелек үстел отырысы болды. Екі елдің бірқатар кәсіпкерлері қатысқан аталмыш кездесуде негізінен ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту, жаңа нысандар құрылысын жүргізу, сонымен қатар, «Бауырлас қалалар» жобасы аясында Өскемен мен Шәуешектің әлеуметтік-экономикалық байланысын нығайту мәселелеріне ден қойылды.
– Наурыз айында Шәуешекте өткен кездесу «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру жолындағы алғашқы ұмтылыс болды деуге толық негіз бар. Бүгінде Шәуешек пен Өскеменнің бауырласуы екі ел арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға ерекше септігін тигізуде. Біздің достығымыз бен әріптестігіміз өзгелерге үлгі болуы керек. Себебі, қазір Өскемен мен Шәуешектің бауырластығы екі ел арасын жалғаған алтын көпір іспеттес. Сіздерде «Алыстағы туыстан, жақындағы көрші артық» деген бір нақыл сөз бар емес пе?! Сол себепті, сіздермен барлық сала бойынша байланысымызды арттыра беруге мүдделіміз, – деді өз сөзінде Шәуешек халық өкіметі әкімінің орынбасары Шю Хай Бин мырза.
Жиында Шәуешек қаласында іргесі қаланып қойған «Чаннань» халықаралық сауда-коммерциялық қалашығының жоспары таныстырылды. Болашақта бұл жерде аумағы 210 мың шаршы метрді құрайтын алып базар-қала пайда болмақ екен. Жоспар бойынша, «Чаннаньда» 800 сауда орны ашылып, онда 10 мыңнан астам адам қызмет ететін болады. Осыған байланысты екі қала арасындағы сауда-саттық та жаңа деңгейге шығады деген сөз.
Өз кезегінде Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов мұндай сауда нысанын біздің облыс орталығында да ашу жөнінде ұсыныс жасап, қытайлық тарапты бұл мәселені назарға алуларын сұрады.
– Өскемен мен Шәуешек шекараның екі жағында жатқанымен, біз бен сіздердің діттеген мақсаттарымыз ортақ. Ол – шаһарларымызды гүлдендіріп, аймақтағы, тіпті, елдеріміздегі ең дамыған қалалардың біріне айналдыру. Ал ол үшін қасыңдағы көршіңмен ынтымақтаса тірлік кешкенің жөн. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен мен Шәуешек арасындағы сауда-экономикалық, рухани-мәдени қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым ерекше мән беріп, құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар жүктеп келеді. Сондықтан біз де сіздермен әріптестігіміз баянды болғанын қалаймыз. Енді алыс-берісіміздің көлемін азайтпай, жыл сайын ұлғайта беруіміз керек. Сіздерден сауда жағынан үйренеріміз әлі де көп. Сол сияқты сіздермен өз тәжірибемізбен де бөлісуге әрдайым әзірміз, – деген қала әкімі Т.Қасымжанов алыстан ат терлетіп келген қонақтарға осы сапарлары үшін және өскемендік тұрғындарға сыйлаған екі күндік мерекелік шаралары үшін зор алғысын білдірді.
Нұржан Кенжеұлы