Білім

Үздік оқушылар мен білікті ұстаздарға құрмет көрсетілді

Үздік оқушылар мен білікті ұстаздарға құрмет көрсетілді

Облыстық білім басқармасына қарасты Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы оқу-сауықтыру базасында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар дарынды балалармен кездесу өткізді.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіңдер» деп жастарға қай кезде де зор үміт артады. Облыс басшылығы жас дарындардың білімін шыңдап, оны дамытуға, қолдауға үлкен көңіл бөліп отыр. Атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде оқушылар түрлі республикалық, халықаралық олимпиадалар мен жарыстарда жетістіктерге жетіп, облыс командасы бірнеше жыл қатарынан «Үздік олимпиада командасы» атағын жеңіп алып жүр. Біздің балалар Ресей, Армения, Әзербайжан, Бразилия, Корея, Америка сынды мемлекеттерге барып білім деңгейлерін көрсетті. Келесі жыл да білім саласының қызметкерлері үшін жемісті болатынына сенеміз, – деді Жақсылық Омар.
Шараның ашылу салтанатында Семейдегі №39 мектептің түлегі Темірлан Махметов оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға сүбелі үлес қосқаны үшін облыс басшылығына алғысын білдірді.
Бұдан соң оқу-сауықтыру базасының ашылу салтанатына орай Үлбі металлургиялық зауытының өкілі Александра Ковалева үздік оқушыларды құттықтап, «Дарын» орталығының қызметкерлеріне аталмыш демалыс орнының кілтін табыс етті.

Үздік оқушылар мен білікті ұстаздарға құрмет көрсетілді

Бұл күні дарынды балалар базасының жалауын ілу құрметі ҰБТ-дан 125 ұпай алған Абай ауданы Абай атындағы мектеп-лицейінің түлегі Ақерке Маратова мен семейлік Кәмшат Болатқа, сондай-ақ, шайбалы хоккейден әлемнің екі дүркін чемпионы, «Торпедо» командасының ойыншысы Әділбек Жанғазинов пен бірнеше мәрте республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанған Алямдар Әскеровке бұйырды.

Үздік оқушылар мен білікті ұстаздарға құрмет көрсетілді

Орталықтың оқу-сауықтыру базасында «Әлемді өзгертетін идеялар» тақырыбында TED конференция ұйымдастырылды.
Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, HiPO.kz сайтының негізін қалаушы, Ұлыбританиядағы Barclays банк тобында жұмыс істеп, тапқан екі миллион долларын оба ауруын зерттеу ісіне аударған Асхат Мұрзабаев, қазақстандық эстрада жұлдыздары Серік Ибрагимов пен Санда қатысты. Түлектер өздерін қызықтырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды.
Семейдегі №47 мектептің түлегі, республикалық «Абай оқулары» сайысының жеңімпазы Айдос Оразов эстрада жұлдыздарының басынан өткерген қызықты жайттарын сұрай келе, олармен бірге ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай» әнін бірге шырқады. Ал Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Ақбаян Амангелдина Асхат Мұрзабаевтан осыншама қаражатты неге өз қажеттілігіне жаратпағанын сұрады.
– Меніңше, миллион тапқан адамдар, тағы да сондай ақша табуға қабілетті. Бірақ, бұл өмірдің мәні тек ақшада жатқан жоқ. Мақсат деген жай ғана ақша табудан тұрмауы қажет, – дейді Асхат Мұрзабаев.
Кездесу барысында республикалық және халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен шығармашылық байқаулар, түрлі спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ, жас дарындарды даярлаған мұғалімдерді облыс басшылығының атынан Жақсылық Омар марапаттады.
Ағымдағы оқу жылының қорытындысы бойынша «Жыл оқушысы» номинациясын Семейдегі қазақ-түрік лицейінің түлегі Азамат Смағұлов иеленді. Ол Павлодарда ағымдағы жылы өткен Ә.Бектұров атындағы ІІ халықаралық химия олимпиадасында еліміздің тоғыз аймағынан, Астана, Алматы қалаларынан, Ресейдің Новосібір қаласынан және Қарағанды, Павлодар қалаларының Назарбаев зияткерлік мектептерінен келген 66 оқушының арасынан екінші жыл қатарынан олимпиаданың абсолюттік жеңімпазы атанған. Азамат Смағұлов – химия пәнінен ұйымдастырылған республикалық олимпиаданың гран-при иегері, халықаралық Менделеев олимпиадасының екі дүркін жеңімпазы, оқушылар арасындағы 47 халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері екенін айта кеткен жөн.
– ҰБТ тапсырған жоқпын. Себебі, Кореядағы KAIST жоғары оқу орнына білім грантын жеңіп алдым. Әзірге нақты қай мамандықты таңдайтынымды шешпедім. Өйткені, мұнда бірінші курста барлығымыз химия бағытында бірге оқиды екенбіз. Ал екінші курстан бастап оқытушылар студенттің білім деңгейіне байланысты бағыт-бағдар беріп, өздері мамандықтарға бөледі. Бұйырса, шілде айының 23-інде Кореяға барамын. Болашақта сол елден алған білімімді өз мемлекетіміздің кәдесіне жаратсам ба деген ойым бар, – деді
Бұл күні республикалық және халықаралық олимпиадаларда оқушылары топ жарып жүрген мұғалімдерге облыс әкімінің атынан грамота мен 100 000 теңгенің ақшалай сертификат табыс етілді. Атап айтсақ, Семейдегі қазақ-түрік лицейінің мұғалімдері Нұрлыбек Ташев, Олжас Юсупов, Раушан Иманбаева, Нодирбек Анваров, Ашим Абдиевке берілді. Сонымен қатар, Зайсан ауданы Шекарашы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлім Шағыроваға, өскемендік Антон Шерстобитов, Александр Денисенко, Жалын Қанатбеков, Роза Жакупова, Сәуле Нұрғожанова, Әсел Темірова, Марина Серохвостова сынды ұстаздарға да құрмет көрсетілді.
Шара соңында барлық ата-аналардың атынан Айымгүл Бозжігітова алғысын білдірді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button