Қоғам

Үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталды

Үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталды

Облыс орталығындағы Металлургтердің мәдениет сарайында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай дәстүрлі «Ең үздік мемлекеттік қызметші -2015» байқауының облыстық кезеңі өтті. Өскемен, Семей, Риддер қалалары, Абай, Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім аудандарынан келген, іріктеу турынан сүрінбей өткен он бір сайыскер ақтық сында кездесті.
Байқау алдында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, тәртіптік кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов салтанатты кешке жиналған мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтады.
– Құрметті әріптестер, мен сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Мемлекеттік қызметші- нің бар еңбегі халықтың көз алдында. Сіздерге қызметіміздің мәртебесі мен абыройын асқақтатып, еліміздің өркендеуі үшін қосып жатқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру, қызметкерлердің талаптарын ұштау, олардың кәсіби деңгейлерін шыңдау мақсатында «Ең үздік мемлекеттік қызметші» байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Мен сайыскерлерге сәттілік тілеймін, – деді Тоқтамыс Жұмағұлов өз құттықтауында.
Бұдан кейін Тоқтамыс Жұмағұлов кәсіби шеберліктерімен ерекшеленген, мемлекеттік қызметтің өркендеуіне үлес қосқан, әділдікті ту еткен бір топ мемлекеттік қызметшіге алғыс хат тапсырды.
Кеште мемлекеттік қызметшілердің құрметіне жергілікті өнер шеберлері ән мен күйден шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button