Үздік әлеуметтік жобалар
«Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының аймақтық кезеңінің қорытындысы шығарылды. Айта кету керек, биылғы 20 сәуір мен 30 маусым аралығында байқауға қатысуға барлығы 32 жоба келіп түсіп, тіркелген. Оның тоғызы арнайы құрылған комиссияның шешімімен ақтық сынға өтті.
Жеңімпаздарды партияның облыстық филиалында ұйымдастырылған салтанатты іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова құттықтап, сертификаттарды табыстады.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановтың айтуынша, байқауға қатысуға жоғары белсенділік танытқан Өскемен мен Семей қалалары болса, аудандар арасында Бородулиха мен Шемонайхадан ең көп әлеуметтік жоба түскен.
– Өткен жылы байқауға небәрі бес өтініш қана түскен болатын. Ағымдағы жылы көрсеткіш еселене түсті. Бұл ретте, партия тарапынан жүргізілген белсенді ақпараттық-насихаттық жұмысты айта кеткен орынды. Себебі биылдан бастап байқау «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жүзеге асып отыр. Бұған дейін 2014 жылдан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткізіп келген-ді. Республика бойынша өңірлер арасында ең көп жоба Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облысынан ұсынылды. Нәтижесінде біздің облыс республикада көш басынан көрінді, – дейді Әнуарбек Мұхтарханов.
Байқауда негізінен қызметі халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған өңірдегі қоғамдық бірлестіктер, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ұйымдары, ҮЕҰ мен жеке тұлғалар ұсынған әлеуметтік жобалар сынға түсті. Арнайы аумақтық және аймақтық байқау комиссиялары құрылып, бір ай көлемінде бірнеше отырыс өткізіп, нәтижесінде облыстың үздік әлеуметтік жобаларын анықтады.
Марапаттау алдында ақтық сынға өткен жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, оны облыс әкімінің орынбасарымен бірге, іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бұл жобаларды алдағы уақытта да мүмкіндігінше қаржылай қолдау керектігін атады.
Байқаудың жүлде қоры өңір демеушілерінің қолдауымен құрылғанын атап өткен орынды. Сонымен марапаттау рәсімі басталып, партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов алты қатысушыға 100, 200 және 400 мың теңгенің ынталандыру сыйлықтарын тапсырды. Олардың ішінде «Инклюзивті театр» зертханасы, «Үміт нұры» әлеуметтік бейімдеу орталығы, Өскемен қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Қітапқұмар» ҚБ, Зырян ауданынан «Халықтың осал топтарын жұмыспен қамтуға арналған қосалқы шаруашылықты дамыту» жобасы, семейлік «Шуақты қала» және «Өскемен қаласының әлеуметтік осал топтарына төмен бағамен көмір алу және жеткізуде көмек көрсету және қолдау» жобалары бар.
Байқаудың үшінші орны және 500 мың теңгенің сертификаты «Біз бірге мықтымыз!» жобасын ұсынған облыс орталығындағы мүгедек әйелдердің «Алтын-Ай» қоғамдық бірлестігіне тапсырылды. Бұл ұйым бүгінде төсек жабдықтарын, сондай-ақ сәбилерге арналған киім-кешек пен сан алуан жиһаздар түрлерін де шығарады. Кембағал жандардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасап, ақпараттық-құқықтық тұрғыда көмек көрсетеді. Қазіргі таңда бірлестік 27 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамтып отыр.
– Біз барлық байқауларға қатысуға тырысамыз. Атқаратын ісіміз, жобаларымыз туралы халық білсе екен дейміз. Себебі қоғамның белсенді мүшелері ретінде еліміздің дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Ал алған жүлдені өндірісті өркендетуге жұмсаймыз, – дейді «Алтын-Ай» ҚБ тігін цехының жетекшісі Татьяна Веляева.
Айта кетсек, Өскеменде «инватакси» қызметін де көрсететін осы ұйым. Байқауға жіберілген бейнероликте бұл қызмет түрінің кембағал жандар үшін аса қажеттігі көрсетілген. Көрмеге әкелінген тігін өнімдері де қазіргі таңда өскемендіктер арасында жоғары сұранысқа ие. Себебі өнім сапасы қайбір шетелдікінен де кем түспейді. Көрмеге қойылған балалар қуыршағы бейнесіндегі ас үй жабдығына жоғары баға берген Әсем Нүсіпова да «балама деп» біреуін сатып алды. Аймақта ІІІ орынды иеленген ұжым енді республикалық байқауда топ жаруды мақсат етіп отыр.
Екінші орын мен 700 мың теңгенің сыйлығы Ұлан ауданынан қатысқан «Қамқор» жобасына бұйырды. Жиһаз цехы, қолөнершілер үйірмесі, тағы да қызығушылықтарына қарай бірқатар бағытты бірге алып отырған ұландық еріктілер ұйымы басты мақсат бір-бірімізге қамқор болу дейді.
Ал байқаудың бірінші орны мен 1 миллион теңгенің сертификатына Өскемендегі жас кәсіпкерлердің «Авангард плюс» мектебі жобасы лайық деп танылды. Сертификатты және дипломды жоба жетекшісі Елена Березинская-Абиловаға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова тапсырды.
– Біз өз бастамаларымызды жобалық менеджментте бюджет қаржысын шығындамай іске асырдық. Бұл ретте облыс басшылығына, «Нұр Отан» партиясына, оның облыстық филиалына көрсеткен қолдауы үшін үлкен алғыс айтамыз. Бізді барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар қолдады. Өзімізге артылған жауапкершілік пен сенімді ақтаймыз деген ойдамын, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, жас кәсіпкерлер мектебін ұйымдастырушы Елена Березинская-Абилова.
Оның мектебі осыған дейін 300-ден астам адамды оқытып, оның 20-дан астамына өз кәсібін ашуға жәрдем көрсеткен.
Енді республикалық сында облыстың намысын үздік деп танылған осы үш жоба қорғайтын болады.
Дәурен Аллабергенұлы