Мәдениет

«Үздіктердің үздігі» атанды

Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Үздіктердің үздігі»  халықаралық байқау фестивалінің бас жүлдесі шығыс- қазақстандық балет мектебіне бұйырды. Өнер ұжымына ұзақ жылдардан бері Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет саласының үздігі,  облыстық татар қоғамдық орталығының жетекшісі Камилия Исмаилова басшылық етеді.

Камилия Рашитқызының айтуынша, байқауға еліміз бойынша ең мықты би мектептері мен өнер студияларының өрендері жиналған. Ал Семейдегі балет мектебінің тәрбиеленушілері өздерінің шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жеңімпаздар Нұр-Сұлтаннан Семейге оралысымен  Камилия Рашитқызы жүлделі өрендерді құттықтап, балет шыңына өрлей беруді тіледі.

Байқауға қатысқан өнерлі өрендердің бірі – Семейдегі №31 мектептің 3-сынып оқушысы Көркем Өмірғазы. Балет мектебіне барып жүргеніне де бірнеше жыл болыпты, жетекшісі – хореограф Римма Иманбекова.

-Елордамыз маған өте ұнады. Фестиваль оқушылар сарайында өтті. Өнерімізді қазылар алқасы өте жоғары бағалады. Жалпы, мен болашақта дизайнер болғым келеді. Балетті де қатар алып жүремін. Дизайнерлікті жақсы көретін себебім, маған киім тіккен, моншақтар терген, түрлі әшекей-бұйымдар жасаған өте ұнайды,-дейді биші Көркем Болатқызы.

Жас талап Көркем Өмірғазының анасы Жансая Кабдоллина Семей мемлекеттік медицина университетінің балалар аурулары кафедрасында оқытушы, ал әкесі Болат Кабдоллин М. Әуезов атындағы полиция бөлімшесінде инспектор болып қызмет істейді.  Олар Көркемнің балетке, би өнеріне деген құлшынысын ерте байқап, қыздарының талантты болып шығуына барлық мүмкіндік туғызып отыр.

Балет мектебінің директоры Камилия Исмаилованың айтуынша, «Үздіктердің үздігінде» олардың тәрбиеленушілері жеті нөмір бойынша орын алған. «Қамажай», «Аққу» биінен де 1-орын алған, дайындаған – педагог А. Качанова. «Көңілді маймылдар биі» 1-орын және «Барышни и солдатики» биінен байқаудың бас жүлдесін еншілеген,  дайындаған педагог Р. Иманбекова. «Фрески» биінен де байқаудың Гран- приін алған, бұған бишілерді әзірлеген педагог А.Качанова. «Джигитовка» биі де байқаудың Гран- приіне ие болды, қойылымды ұсынған педагогтар тобы А. Айдарханова, А. Качанова және Р. Иманбековалар, сондай-ақ  «Гүлдер вальсі»  фестивальдің бас жүлдесін иемденген.

Жеңімпаздарды құттықтағаннан кейін балет мектебінде педагог-хореограф Жанара Сағиеваның қарауында білім алып жатқан ең жас балериналарды бишілер қатарына ресми қабылдау рәсімі өтті. Әлемдік балеттің болашақ жұлдыздары қабылдау рәсімінде халықаралық конкурстарда әрдайым жеңіск жетуге, балет өнерінің қыр-сырын жетік меңгеруге ант берді. Олар «Жас балерина» биін орындап, екі ай бойы алған білімдерін көрсетті.  Балет мектебінің директоры  Камилия Исмаилова ата-аналар мен балаларға ақыл-кеңесін беріп, шығармашылық табыс тіледі.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button