Білім

Үздіксіз білім беру – уақыт талабы

  Мемлекет басшысы Жолдауында білім саласындағы жаңа стратегиялық бағыттарды айқындап берді. «Азаматтардың сауаттылық деңгейін, олардың цифрлық білімін арттыру мақсатында Үкіметке үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын»,   деді Президент. Осыған орай С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ректоры Мұхтар Төлеген баспасөз мәслихатын өткізіп, үздіксіз білім беру және білім саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Мамандардың айтуынша, қазір қоғамда заманауи мәселелерге жауап беретін білім жүйесіне деген қажеттілік артып келеді. ХХІ ғасырда білім беру «қатып қалған» жүйе бола алмайды. Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын алғаш рет 1965 жылы ЮНЕСКО форумында ғалым Пауль Ленгранд ұсынып, адам қабілетін өмір бойы дамыту үшін жағдай жасау керектігін айтқан. Бұл тұжырымдамада адамның оқу және еңбек қызметі сынды өмір кезеңдері жаңаша қаралды. Осылайша, үздіксіз білім өмір бойы жалғасатын процесті білдіре бастады.

– Үздіксіз білім беру заман ағымынан қалмау қажеттілігінен, қазіргі кәсіби, әлеуметтік ортада сұранысқа ие болуға, жаңа жағдайға, кәсіпке, техникаға тез бейімделуге деген ұмтылыстан туындап отыр. Елімізде үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасы қарқынды дамуда, бүгінде біз «өмір бойы білім алу» тұжырымдамасының жаңа цифрлық форматта серпін алып, осы процеске барлық дерлік азаматтардың тартылғанына куәміз, – деді ЖОО ректоры.

Жолдауда «Цифрландыру – сәнді үрдіске еліктеу емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы» деп атап өтілді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру ІТ-құзыреттіліктерге ие кадрларды талап етеді. Бүгінгі таңда «цифрлық педагогика» термині пайда болып отыр және бұл тіркес «онлайн оқыту» деген мағынаны білдірмейді. Сандық педагогика дегеніміз – түрлі цифрлық технологияларды қамтитын педагогикалық процесс.

– IT-технологияларды дамыту – оқу орнымыздың басым бағыты. Университетте заманауи сандық жабдықтармен жарақталған зертханалар мен дәрісханалар ашылуда. Мұның бәрі студенттерге сапалы білім алуға, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Жуырда оқу орнымызда цифрлық педагогика зертханасы ашылды, ондағы мақсат – IT-құзыреттіліктерге ие заманауи педагогикалық кадрларды даярлау, оқытудың қосымша формаларын іске асыруды қамтамасыз ету, – деді Мұхтар Төлеген.

Аталмыш зертханада оқыту цифрлық білім беру ресурстары, білім берудегі қашықтан оқыту технологиялары, онлайн оқыту, цифрлық білім беру ортасы, компьютерлік технологиялар сынды бағыттар бойынша жүретін болады.

Университет үй шаруасындағы әйелдерден бастап, жоғары оқу орны оқытушыларына дейінгі азаматтардың барлық санаттары үшін курстық дайындық жүргізді. Осылайша, болашаққа есік ашып, алға қадам басты.

– Университеттегі «Цифрлық педагогика» жобаларының бірі – «Жайлау» логопедиялық тренажері» компьютерлік бағдарламасы. Бағдарламаны университеттің жас ғалымдары – дефектология және информатика білім беру бағдарламаларының магистранттары әзірледі. «Логопедиялық тренажер» әдемі суреттері бар, әр балаға түсінікті сюжеттер мен қарапайым ережелерден тұратын оқыту ойындарын жүргізеді, ол балалардың сөйлеуін айқын, мәнерлі етеді. Авторлық құқық куәлігі бар бағдарлама логопедтік пәндерде, сондай-ақ Өскемендегі психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде сәтті қолданылуда. Бағдарламаны барша ата-аналар да пайдалана алады, – деді оқу орнының ректоры Мұхтар Төлеген.

«Цифрлық университет» бағдарламасына көшу – ШҚУ қызметінің басты бір бағыты. Осыған орай, университет кітапханасы қашықтан оқыту жағдайында жұмыстың жаңа форматын ұсынуда. Кітапхананың барлық электрондық ресурстары тәулік бойы Интернет арқылы қолжетімді. Сонымен қатар университет 1-ші курс студенттеріне арналған оқулықтарды, ғалымдардың еңбектерін цифрлай бастады.

«Кәсіпкерлердің жаңа толқынын дайындауға күш салынады. Сондықтан «Кәсіпкерлік негіздері» пәні білім берудің барлық деңгейінде – мектептерден жоғары оқу орындарына дейін оқытылуы тиіс», – деп атап өтті Президент. ШҚУ осы бағыттағы озық іс-тәжірибесімен бөлісуге әзір. Университетте кәсіпкерлік негіздері бойынша бүгінде 11 пән оқытылады, барлық білім беру бағдарламаларына кәсіпкерлік негіздері бойынша пәндер енгізілген.

Сонымен қатар өткен оқу жылының бірінші семестрінде жоғары оқу орнындағы барлық білім алушыларға кәсіпкерлік курстары оқытылды. Нәтижесінде 129 жеке және ұжымдық бизнес-жоба қорғалды. Экономика және құқық факультетінің 12 оқытушысы «Атамекен» палатасы ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button