Үздік ұстаздардың ондығына кірді
Семейдегі №3 жалпы орта білім беретін мектеп-кешенінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Жанаспаева «Қазақстан мұғалімі-2020» Ұлттық сыйлығы лауреаттарының үздік ондығына кірді. Енді ол Қазақстанның намысын жүлде қоры бір миллион АҚШ долларын құрайтын Global Teacher Prize – 2021 байқауында қорғамақ.
Қараша айының соңында Алматы қаласында «Қазақстан мұғалімі – 2020» Ұлттық сыйлығы лауреаттарын ресми марапаттау рәсімі өткен болатын. Конкурс жеңімпазы болып «Назарбаев зияткерлік мектебінің» астаналық филиалының мұғалімі Динара Бейсембаева танылса, ал биылғы жылдың үздік ұстаздарының ондығына семейлік жерлесіміз Мейрамгүл Жанаспаева кіріп отыр.
– «Қазақстан мұғалімі-2020» Ұлттық сыйлығын Әлия Назарбаева құрылтайшылық ететін қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры ұйымдастырып отыр. 2019 жылы құрылтайшының өзі Дубайда өткен білім форумына қатысқан болатын. Сол іс-шараның басты шарықтау сәті – «Әлем ұстазы» жаһандық сыйлығын табыстау болған еді. Бұл Нобель сыйлығының әлем педагогтары үшін бекітілген баламасы. Бұл форумға 40 мемлекет қатысқан болатын. Сол кезде қол қойылған келісімге сәйкес Қазақстанның мұғалімдері де іріктеу кезеңінен өтіп, конкурсқа қатысуға мүмкіндік алды, – дейді №3 жалпы орта білім беретін мектеп-кешенінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Жанаспаева.
Ұлттық сыйлық лауреаттарының арасында физика, экология, өзін-өзі тану, математика, орыс тілі мен әдебиеті, сонымен қатар бастауыш сыныптар мұғалімі және логопед-дефектологтар бар. Олардың әрбірі биік құрмет тұғырына жету үшін қатаң жауапты іріктеуден өтті.
– Мектебіміздің директоры – бастамашыл әрі жаңашыл жан. Маған конкурсқа қатысуға кеңес берген де дәл сол басшымыз болатын. Мен он сауалдан тұратын сауалнаманы толтырдым. Бірақ оның әр пункті бойынша сегіз жүз сөзге дейін жазу керек болды. Сол арқылы қазылар сенің қандай адам екеніңді, әлемге, қоғамға, жалпы білім саласына деген көзқарасыңды анықтауға тырысты, – дейді Мейрамгүл Жанаспаева.
Оның айтуынша, педагогтар аталған №3 орта мектеп-кешенінде түрлі жобалармен жұмыс істей жүріп, ата-аналар мен оқушылардың бірыңғай қоғамдастығын құруға қол жеткізген. Дәл қазір барлық ұжым «Жасыл мектеп» ауқымды жобасын жүзеге асыруға жұмылған. Соның нәтижесінде Семейдегі №3 жалпы орта білім беретін мектеп-кешені «Қазақстанның үздік экологиялық мектебі» деп танылып отыр.
– Бұл жобада үлкендер мен оқушылар қатар атқаратын көптеген шағын, бірақ жауапты міндеттер бар. Мәселен, біреулер аумақтарды абаттандырса, өзгелері волонтерлік қызметпен шұғылданады, ал үшіншілері БАҚ арқылы экологиялық мәселелерді жария етеді. Экологиялық білім беру бойынша ғылыми жобаларды әзірлеп жүрген жастар да бар. Сонымен бірге, аталған конкурс аясында біздің оқушыларымыз ата-аналарымен бірге челлендждер өткізіп, көптеген шаруаларды тындырады, – дейді «Қазақстан ұстазы-2020» Ұлттық сыйлығының лауреаты.
Конкурстың басты мақсаты – заманауи қазақстандық қоғамдағы мұғалімнің жоғары мәртебесіне қолдау білдіру. Тәуелсіз қазылар ұлттық байқаудың екі кезеңін өткізген екен. Бірінші кезеңнен еліміздің үздік 50 мұғалімі өтсе, ал финалдық мәреге тек он қатысушы ғана жеткен. Дәл осы ұстаздар енді “Әлем ұстазы-2021” жаһандық сыйлығында Қазақстанның намысын қорғамақ.
Наргиза Омарқанова
Семей.