Білім

 Үздік ауыл мұғалімі кім?

       Облыстық білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұстаз өзгерістер елшісі» кіші жобасы аясында «Үздік ауыл мұғалімі» өңірлік байқауын өткізіп, сыннан сүрінбей өткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Байқауға Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Үржар, Ұлан, Тарбағатай, Алтай аудандарынан, сондай-ақ Өскемен, Семей және Риддер қалаларынан барлығы 17 шағын жинақты мектептің мұғалімдері қатысты. Елдегі карантин шараларына байланысты биыл байқау қашықтан ұйымдастырылды.

«Мен табысты ұстазбын» атты байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар педагогикалық тәжірибелерінің тыныстырылымын қорғаса, екінші кезеңде «Шағын жинақты мектептегі үздік сабақ» тақырыбында бейнесабақтар көрсетті.

Қатысушылардың жұмыстарын әділ бағалаған қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды Бесқарағай ауданы Өндіріс орта мектебінің химия және биология пәнінің мұғалімі Күлімхан Айтбұланова жеңіп алды. Екінші орынды екі мұғалім – Алтай ауданы, Чапаев орта мектебінің химия және биология пәнінің мұғалімі Наталья Каблукова, Катонқарағай ауданы С.Түкібаев атындағы Еңбек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Меруерт Князбаева иеленді. Үшінші орынға Үржар ауданы, Қарабұйрат орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Жаңылхан Исаджанова, Ұлан ауданының С.Аманжолов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айжан Аришева және Көкпекті ауданы А.Пушкин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Асхар ие болды.

Сонымен қатар бес педагог арнайы номинациялар бойынша жеңіске жетті. «Жаңашыл мұғалім» номинациясы бойынша Аягөз ауданы Т.Есімжанов атындағы жалпы білім беретін мектептің информатика пәні мұғалімі Айнұр Смағұлова үздік атанды. Риддер қаласы, Бутаково ауылының негізгі орта мектебінің өзін-өзі тану мұғалімі Иван Кадыров «Білікті ұстаз» номинациясын жеңіп алса, Күршім ауданы Мөнекей негізгі орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фарида Қонақова «Үздік ойшыл мұғалім» атанды. «Шығармашыл ұстаз»  номинациясы бойынша Абай ауданы С.Бекбосынов атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Үмітқан Шаянбай марапатталды. Глубокое ауданы М.Ғабдуллин атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләйлә Жамағанова «Кәсіби мұғалім» номинациясы бойынша үздік атанып, барлық жүлдегер дипломдармен марапатталды.

«Шығыс» өңірлік орталығының басшысы Мұңлық Асанованың айтуынша, байқау қорытындысы бойынша «Үздік ауыл мұғалімі» атты жинақ шығарылып, облыстық білім басқармасының білім порталына орналастырылады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button