Спорт

ЗАЙСАННЫҢ ЖАЙСАҢ БАЛУАНДАРЫ

Бұдан біраз уақыт бұрын Зайсан қаласында ел есінде қалатындай елеулі оқиға болды. Жазушы, журналист Асқар Сәбитовтың (марқұм) ұйымдастыруымен жарық көрген «Зайсанның жайсаң балуандары» атты кітаптың тұсаукесеріне арғысы Алматы мен Астанадан, Көкшетау мен Павлодардан, облыстың аудандарынан кезінде боз кілемде жасын ойнатқан балуандар жиналып, жерлестерімен жүздесті. Олар үш күн бойы күреспен шұғылданып жүрген балалардың өнерін тамашалады, өздері де боз кілемде өнер көрсетті.

Аудан халқы шалғайдан ат арылтып келген атақты жерлестерін сағынып қалыпты. Атақты балуан, еңбек сіңірген жаттықтырушы, Өскемен қаласы мен Зайсан ауданының Құрметті азаматы, Олимпиада ойындарының жүлдегері мен Әлем чемпиондарын баптаған Жанәділ Атаев, Алматы, Астана, Өскеменнен, басқа қалалардан  келген, есімі елге белгілі Жеңіс Смағұлов, Еркін Елеубаев, Марат Саухатов, Қадылбек Смағулов, Кенжебек Рахимов, тағы басқалар өз әсерлерімен бөлісті. Олар қалада бірнеше кездесулер өткізді. Балғын балуандардың жарысын тамашалады. Республикалық ұйым қорында Зайсан ауданында туып, еліміздің қалаларында тиімді жұмыс атқарып жатқан кәсіпкерлер мен балуандардың жинаған қаржысына дзю-до күресінен республикалық, еркін күрестен облыстық турнир өткізілді. Зайсан спорт мектебіне жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге қажет екі бейне түсірілім аппараты, телевизор сыйға тартылды. Өсеменде оқып жүріп, жарыс кезінде жарақат алған зайсандық Еркін Абдрамановқа қомақты қаржылай көмек көрсетілді. Өмірден өткен балуандар еске алынып, 300 адамға ас берілді. Республикалық ұйымның ұйымдастыру аясында қазақ күресінен жауырыны жерге тимеген Төлеген Ержанұлының туғанына 100 жыл толуына орай облыстық еске алу турнирі өткізілді. Турнирдің өткізілуіне мұрындық болған республикаға белгілі ақын Тақат Сағымжанов және Зайсан ауданының мәдениет бөлімін басқарған Бауыржан Құмарбеков, қаржыландарған күйеубаласы зайсандық кәсіпкер Қуанышбек Ахметов болды. Үш күнге созылған спорттық, әлеуметтік-мәдени іс-шаралардың басы-қасында болған, ұйымдастыруына қолайлы жағдай жасаған Зайсан ауданының бұрынғы спорт бөлімін басқарған тәжірибелі басшысы Зайнолда Рахимбаев және облысқа белгілі кәсіпкер-балуан қорға бір миллионнан артық қаржы құйған Қуат Абжановтың және жарты миллион құйған Айзат Сиырбаевтың еңбектері өте елеулі. Өскеменнен ат шалдырып келген турнирдің жеңімпазы, түйе балуан Кенжебек Рахимов 130 мың теңгеге ие болды. Жүлде алған басқа балуандар да ақшалай сыйлыққа, алтын, күміс, қола медальдарға ие болды. Жеңімпаздарды, осы жұмыстарға белсене атсалысқан, еліміздің түкпір-түпкірінен келген балуандар және кәсіпкерлерді  аудан басшылары, «Зайсанның жайсаң балуандары» республикалық ұйымының төрағасы Еркін Уанбаев марапаттап, осы іс-шараларға арнайы жасалған естелік медальдарды берді.

«Зайсанның жайсаң балуандары» кітабының тұсаукесерінде аудан ақсақалдары мен балуандар, Алматыдан келген ақын, Әлем жазушылар одағының мүшесі Әбетхан Тоқтағанов, ғалым Еркін Уанбаев жастарға ой салатын ақыл-кеңестерін айтты.     Тағылымы мол бұл кітапта Зайсанда футболдың өркендеуіне ерекше үлес қосқан Жеңіс Смағұлов, аудан спортын ұзақ жылдар басқарған, өзі де футбол ойнап, аудан намысын қорғаған, «Зайсан футболшылары» атты кітапты шығарған Зайсанбек Қажанов, кезінде «Шахтер» командасының белгілі ойыншысы болған, бұл күндері аудандық спорт мектебін басқарып отырған Секен Бодаев, бокстан одақтық жарыста чемпион атанған, спорт шебері Марат Орманбетов, Зайсанның атағын елімізге паш еткен атақты дзюдошы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Жанәділ Атаев, Әмірбек Әубәкіров, Олимпиада ойындарына қатысқан, Азия ойындарының, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы Гүлжан Исанова, спорт шеберлері Қуат Әбжанов, еркін күрестен түйе балуан Еркін Елеубаев, атақты балуан Ақылбай Елеуов, тағы басқалар жайлы қызықты мақалалар бар.

Оңдасын Елубай,

Қазақстанның құрметті спорт қызметкері

Зайсан ауданы.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button