Зайсандықтар трактор құрастыруға құлшынып отыр
Зайсанда іссапарда болған кезімізде аудан әкімі Алмас Оңдақанов Елбасы Жолдауында айтылған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша трактор құрастыратын зауытты ашсақ деген ойы бар екенін тілге тиек еткен еді. Бұл жаңалыққа елең ете қалдық.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсембаевамен бірге қаланың күншығыс жағындағы еңселі ғимаратқа енген кезде аумағы атшаптырым алаңдағы қаз-қатар тізілген 36 тракторды көрдік. Шап-шағын, баланың ойыншығындай тракторлар адамды қызықтырғандай. Дәл осы жерде бірнеше мотоцикл, соқалар, дән себетін, шөп шабатын, картоп қазатын қосалқы техникалар тізіліп тұр.
–Өткен жылдың аяғында қытайлық кәсіпкерлермен бірге көрші елде құрастырылған тракторлар мен мына жатқан қажетті техникаларды Зайсанда құрастырып, ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына сату үшін әкелген едік. «Ертіс-ТЗ» серіктестігі трактор жасау зауытын іске қосуды жоспарлады. Қытай жағының өкілдері Зайсанға келіп кетті, бұл тракторлардың қолайлы, жанармайды аз жағатынын қожалық иелеріне айтты. Күні бойы пайдаланғанда тракторлар небәрі 10 литр жанармай жағады екен,–деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Ермек Әдібаев.
–Бағасы қанша, қожалық иелері сатып алған кезде қиналып қалмай ма?
–20, 28 аттық күші бар шағын трактордың бағасы 3 мың доллар шамасында болатын. Былтыр бұл теңгеге шаққанда небәрі 550 мың теңге шамасында еді. Алайда, доллар бағамы көтерілген соң техниканың бағасы еріксіз шарықтап кетті. Қазір 1 миллион 200 мың теңге шамасында. Жақында Күршім, Тарбағатай аудандарынан қожалық иелері келіп, аудан орталығында өткізілген жәрмеңкеге қатысты, олар да тракторлар мен мотоциклдарды көріп, қызықты. Бір трактор 950 мың теңгеге, алты мотоциклдың әрқайсысы 120-140 мың теңгеден сатылып кетті. Демек, тракторларды сатып алғандар ұтылмайды. Егістікті залалсыздандыратын, басқа да жұмыстарды атқаратын функциясы жеткілікті,–деді Ермек ініміз.
Доллар бағамының шарықтап кетуі қолбайлау болып отыр. Себебі, «Кай-Пин» корпорациясының басшылары әліптің артын бағайық, зауыт құрылысын бастап кетсек, ол іске қосылған соң қожалық иелері сатып алудан бас тартса қайтеміз деп алаңдайтын сияқты. Корпорацияның Зайсандағы өкілі Уаң-Жинь-Жань де көңілдегі күдігін білдірді. Ал «Ертіс ТЗ» фирмасының өкілі Төлеу Қинаят болса, трактор зауытын іске қосу екі жаққа да тиімді деп отыр. Әрине, ол үшін асықпаған жөн. Демек, екі жақ келісімге отырып, бұл мәселені кешіктірмей шешетін уақыт жеткен секілді.
Зайсандағы трактор зауыты іске қосылса, ондаған адамға жұмыс табылатынын да естен шығармаған жөн.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.