Зайсандық әжелер Алматыдан олжалы оралды

«Өнерлі елдің өресі биік» деген атпен Алматы қаласында өткен республикалық өнер байқауына Зайсан ауданының атынан Қаратал ауылының «Жанерке» әжелер ансамблі қатысып, жүлделі болды.
Байқаудың мақсаты – ескірген, ұмыт болған ән мен күйді қайта тірілтіп, ұлттық өнерді қолдау, қазақы тәрбиені жаңғырту. «Ән салу», «Хормен ән салу», «Дәстүрлі ән», «Мәнерлеп өлең оқу», «Ақындық өнер», «Аспапта ойнау», «Бата беру», «Қолөнер», «Суретшілік өнер» бағыттары бойынша өткен өнер додасында «Хормен ән салу» бағытында бақ сынаған зайсандық әжелер көрерменнің де, қазылар алқасының да көңілінен шығып, топ жарды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үміткерлердің ішінен озып шыққан жерлестеріміз Шәмші Қалдаяқовтың және халық әндерін шырқады.
Сондай-ақ өнерлі аналарымыз «Ән салу» жанрында да басқалардан бәсі биік екенін дәлелдеді. Жеке ән орындауда 50-60 жас аралығындағы қатысушылар ішінен қараталдық Сақыш Нұрпейісова, 71-80 жас аралығындағы сайыскерлер санатында Бәкира Мүлікова бас жүлдені иеленді. Ал дуэтпен ән салуда «Жанеркелік» өнерпаздардың қанжығасы майланды. Бұл ретте Ұлбосын Қайсақова мен Болат Ақбаева ансамбль қоржынына тағы бір бас жүлдені салды.
Қараталдық әжелерден құралған «Жанерке» ансамблі бұған дейін де талай концерттер мен сайыстарға қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүргенін айта кету керек. Ансамбль мүшелерінің барлығы талай жыл өңіріміздің, еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңіріп, бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан жандар. Әрқайсысы салиқалы ұрпақ өсіріп, шөбере сүйіп отырған ұлағатты аналар. Ақ жаулықты аналарымыз ән салумен қатар, атадан жалғасқан қолөнердің туын құлатпай келе жатыр. Ол кісілердің үйлеріндегі сандық, кебежелері түрлі қолөнер бұйымдарына лық толы.
Республикалық өнер сайысында «Жанерке» ансамблінің бірнеше бағыт бойынша бас жүлдеге ие болғаны туралы ақжолтай хабарды ести сала әжелеріміздің үлкені, жетекшісі Қалима Исаеваға қоңырау шалып құттықтаған едік.
– Биыл «Жанерке» ансамблінің құрылғанына 10 жыл толады. Соған орай осы сайыста бақ сынамақ болдық. Көп еңбектендік, ұзақ дайындалдық, намысты қолдан бермеу үшін барымызды салдық. Сол еңбегіміз ақталып, жеңіс тұғырынан көрініп жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, абырой. Осы жобаға қатысуымызға мүмкіндік жасап, демеуші болған «Ақбай» шаруа қожалығының жетекшісі С.Абылғожинаға, кәсіпкер Жеңіс Әміреновке, «Сайхан» ЖШС жетекшісі В.Дудникке, Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы З.Дүйсенбаеваға алғысым шексіз, – дейді Қалима әже.
Белгілі журналист Гүлмира Нәлібай мен «Мереке» продюсерлік орталығы ұйымдастырған бұл байқау биыл алғаш рет өтті. Жоба авторы әрі ұйымдастырушысы Г.Нәлібайдың айтуынша, өнер додасы алдағы уақытта жалғасын табады.
Гүлден Сайранова
Зайсан ауданы.