Экономика

Зайсанда ет комбинаты іске қосылмақ

Зайсанда ет комбинаты іске қосылмақ

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында қолға алынған «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс», «Жайлау» секілді мемлекеттік бағдарламалар Зайсан ауданында мал басының артуына игі ықпал етуде. Тек «Сыбаға» бағдарламасы аясында 2011-2015 жылдар аралығында 26 шаруа қожалығы жалпы сомасы 179 млн. 350 мың теңгенің несиесін алып, мал сатып алыпты. Бұл туралы обыстық ақпараттық орталықта өткен брифингте аудан әкімі Алмас Оңдақанов журналистерге әңгімелеп берді.
Зайсан ауданының биылғы жылғы әлеуметтік-экономикалық даму үрдісін саралаған А.Оңдақанов барлық салаларда ілгерілеудің бар екенін айтты. Ауданда «Жұмыспен қамту-2020» «Өнімділік-2020» «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес», елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы «Саламатты Қазақстан» секілді бағдарламалардың барлығы да жемісті жүзеге асырылуда. Ауданның экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына негізделген. Биыл бұл салада 6 млрд. 670 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Әсіресе, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» секілді мемлекеттік бағдарламалар ауданда мал шаруашылығын дамытуға игі ықпал етіп отыр. Осындай бағдарламалардың арқасында қазіргі күні аудандағы ірі қараның саны 85 мыңға жетіп, былтырмен салыстырғанда 5 пайызға артқан көрінеді. Сондай-ақ, жылқының да басы артып, былтырғыға қарағанда 16 пайызға өскені байқалады. Сәйкесінше, өндірілген ет пен сүт көлемі де ұлғаюда. Ет өндіру 6812 тоннаға жетіп, былтырғыға қарағанда 3 пайызға артса, cүт 30,1 тоннаға артып, 7 пайызға көбейген.
Ауданда 2013 жылдан бастап «Жайлау» бағдарламасы да жемісті жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаның аясында 35 шаруа қожалығы 112 млн. теңгеге қой сатып алыпты.
Келер жылы Зайсан ауданында шағын ет комбинаты іске қосылмақ. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында «Нұр» шаруа қожалығы іске асырып жатқан бұл жобаның құны 150 миллион теңгені құрайды. Биыл құрылысы аяқталып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау, іске қосу мәселесі 2016 жылға жоспарланып отырған көрінеді.
Зайсан ауданының тағы бір байлығы – газ. Бүгінгі күні 310 үй, 44 коммерциялық нысан және 2 бюджеттік мекеме көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Ағымдағы жылы Қаратал және Қарабұлақ ауылдарын газдандыру жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
Брифингте аудан әкімі А.Оңдақанов әлеуметтік саланың жағдайына да қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, ауданда туу көрсеткіші жоғары. Тек биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 517 бала дүниеге келіпті. Ана өлімі тіркелмеген. Қазір Зайсан ауданындағы 10 балабақшада 903, 22 шағын орталықтарда – 1050 бала тәрбиеленуде. Бұл барлық 1-5 жасқа дейінгі бала санының 85 пайызын, ал 3-6 жасқа дейінгі бала санының 100% құрайтын көрінеді. Білім саласында да жетістіктер жетерлік. ҰБТ бойынша орташа балл – 88,5 құрап, облыс бойынша бірінші орынды иеленген.
Қазіргі күні аудандағы 147 жекеменшік нысан иелерімен халық жиі тұтынатын әлеуметік маңызы зор тауарларға 10 пайыздан артық үстемеақы қоспау туралы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылыпты. Сондай-ақ, уақытша тұрақтандыру қорын ұйымдастыру бойынша 51 меморандум жасалып, 66 тонна қырыққабат, 63 тонна сәбіз, 13 тонна қызылша, 350 тонна картоп, 240 тонна ұн, 300 тонна бидай қорын жасау жоспарланып отырған көрінеді.
Сондай-ақ, брифингте аудандық мәслихат хатшысы Дәулет Ыдырышев пен аудан әкімі жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Шаймардан Оралбаев та сөз алып, өңірде атқарылып жатқан игі жұмыстар жайында баяндады. Аудан әкімі А.Оңдақанов журналистердің сауалдарына жауап берді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button