Аймақтар аухалы

Зайсанда бірқатар ірі жоба жүзеге асырылады

Мейрамтай Иманғали

Зайсанда «Шекаралық аудандарды дамыту» бағдарламасы нәтижелі іске асырылып жатыр. Бес жылда барлығы 20,7 млрд теңгенің жұмысы жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін 10,4 млрд теңгенің жобасы орындалған екен. Бұдан бөлек өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция, бөлшек тауар айналымында да ілгерілеушілік бар.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Зайсан ауданының әкімі Дулат Қажанов ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2023 жылға жоспарланған міндеттер туралы баяндады.

Аудан басшысының хабарлауынша, биыл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3 млрд 292 миллион теңгеге жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 14,5 пайызға артқан. Ал өнеркәсіпте 1 млрд 694 миллион теңгенің өнімдері өндіріліп, табиғи көлем индексі 169,4 пайыз болған. Жылдың алғашқы екі айында 423 миллион теңге инвестиция тартылған. Құрылыс жұмыстарының да көлемі артқан. Қазір Зайсан ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны – 4 226, яғни бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға көп. Бөлшек тауар айналымы көлемі 1 млрд 463 млн теңгеге жетіп отыр.

Сонымен қатар аудан әкімі әлеуметтік сала көрсеткіштеріне де тоқталды. Жыл басынан бері 69 адам жұмысқа орналастырылған. Жалпы, биыл аудан бойынша 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал тіркелген жұмыссыздар саны – 244, яғни экономикалық белсенді халықтың ішіндегі жұмыссыздардың үлес салмағы – 2,5 пайыз.  Аудан бойынша орташа еңбекақы былтырғымен салыстырғанда 45,7 пайызға өсіп, 223 мың 620 теңге болды.

Қазір 18 балабақша, 13 шағын орталық пен мектепалды даярлық сыныптарында 1683 бала тәрбиеленіп жатыр. Жалпы, аудан бойынша 3-6 жас аралығындағы балдырғандар мектепалды біліммен және тәрбиемен 100 пайыз қамтылған.

Денсаулық сақтау саласында да көрсеткіштер көңіл көншітеді. Наурыздың 1-і күнгі мәлімет бойынша, ауданда туберкулез дертін жұқтырған бір ғана адам анықталған. Ана өлімі тіркелмеген.

Жыл басынан бері аудан бойынша тіркелген қылмыстар саны 12 болса, қылмыстың ашылу көрсеткіші – 91,7 пайыз.

Дулат Қажанов Зайсан ауданында 2020 жылдан бері «Шекаралық аудандарды дамыту» бағдарламасы іске асырылып жатқанын айтты. Жоспарға сәйкес бес жылда барлығы 20,7 млрд теңгенің жобасын жүзеге асыру көзделген болса, 2020-2022 жылдар аралығында 10,4 млрд теңгенің жұмысы атқарылыпты. Ал биыл 6,1 млрд теңгенің алпыстан астам жұмысын іске асыру жоспарда бар. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 5,6 млрд теңгенің 50 жобасы, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 485 миллион теңгенің 12 жобасы орындалмақ

Газ бен су тартылады

Аудан әкімі биыл іске асырылуға тиіс инвестициялық жобалар аясында көзделген жұмыстарды да санамалап берді. Олардың қатарында Зайсан қаласында 100 миллион теңгеге электрмен жабдықтау желілерін тарту және «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша қоспәтерлі бір қабатты 35 үй салу үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу, Қайнар ауылында 216 миллион теңгеге су құбыры желісін және құрылысын салу, Көгадай ауылында бюджет есебінен 7 миллион теңгеге блок-модульді станция орнату, сегіз елді мекенде 940 миллион теңгеге газдандыру жұмысын жүргізу, Көгадай ауылында шағын футбол алаңын салу, Жамбыл ауылында көшелерді жарықтандыру, Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар жолына орташа жөндеу жүргізу, Зайсан қаласының көшелерін орташа жөндеу, Біржан ауылының көшелерін орташа жөндеу, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында төрт ауылда 694 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 25 шақырым болатын көшелерге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.

Сондай-ақ 43 миллион теңгеге Зайсан қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, таяуда Жаңатұрмыс, Шілікті, Тасбастау ауылдарын интернетпен қамтамасыз ету үшін антенна орнатылмақ.

Баспасөз мәслихатында аудан әкімі биыл Зайсан қаласында 1 млрд 332 млн теңгеге 300 орынға арналған мектептің құрылысы басталатынын айтты. Сонымен қатар Зайсан аудандық орталық ауруханасы ғимаратының шатыры мен алты ауылдағы дәрігерлік амбулаторияларға 475 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізу көзделген.

Брифинг барысында аудан әкімі Дулат Қажанов журналистердің қойған сауалдарына жауап берді. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бірі аудандағы Үйдене су қоймасының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Айта кетейік, Үйдене су қоймасы 1966 жылы салынған. Су қоймасының сыйымдылығы – 75 млн текше метр. Магистральді каналдармен бірге жалпы ұзындығы 113 шақырым болатын ішкі каналдар бар. Үйдене су қоймасының мәселесімен облыс әкімі жақсы таныс. Су қоймасын іске қосу үшін алдымен оны жөндеу керек. Осыған байланысты «Қазсушар» мекемесі қазір жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп жатыр,  дайын болғанда республикалық бюджеттен жөндеуге қажетті қаражат сұралмақ. Басты мәселе – суды ауылшаруашылық құрылымдарына жеткізу. Магистральдардың жағдайы жақсы болғанымен ішкі каналдарға жөндеу жүргізу қажет. Ол да тиісті құжаттама дайындауды талап етеді. Осы құжаттамалар дайын болғаннан кейін ғана облыстық бюджеттен қаражат бөлінбек.

Іргеде Қытай сияқты алпауыт елдің тұтынушы нарығы тұрғанда экспортқа иек артпау ағаттық болар. Мұны зайсандық кәсіпкерлер де бек түсініп отыр. Ендеше, көрші елде жоғары сұранысқа ие өнімдерді неге шығармасқа? Осы орайда жергілікті шаруалар көп мөлшерде болмаса да Зайсанның брендіне айналған тарыны экспортқа шығарып жатқан көрінеді. Аудан әкімінің айтуынша,  бұл бағытта ілгерілеу бар. Желтоқсан, қаңтар айларында тарының  алғашқы партиясы Қытайға жіберілген. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа шығару бойынша Қытайдың Жеменей ауданымен арнайы келісім жасалған. Әсіресе Қытай тарапынан табиғи өнімдерге сұраныс өте жоғары көрінеді.

Үш ауыл интернетке қосылады

Кейбір өңірлердегі секілді Зайсан ауданында да интернет мәселесі өзекті. Дулат Қажановтың айтуынша, қазір аудан елді мекендерінің интернетпен қамтамасыз етілуі – 70 пайыз. Биыл Жаңатұрмыс, Шілікті және Тасбастау секілді үшін ауылда интернет қосу үшін «Қазақтелеком» ЖШС-мен келіссөз жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ журналистердің кадр мәселесіне қатысты қойған сауалына жауап бере келе аудан әкімі кейбір салаларда маман тапшылығы әлі де бар екенін айтты.

– Зайсанның жастары өте белсенді. Әсіресе кәсіптің көзін тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған жастарымыз өте көп. Десе де сәулет-құрылыс, коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, ветеринария салалары жас кадрларға мұқтаж, – деп түйіндеді Дулат Қажанов.

Зайсан ауданының ауызсумен қамтамасыз етілуі – 98 пайыз. Биыл Қайнар ауылында орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі орнатылады. Сол сияқты газдандыру жұмысы да қарқынды жүргізілмек. Бүгінгі таңда аудан орталығы мен сегіз ауыл толық газдандырылған. Ендігі кезекте тағы сегіз ауыл тұр. Алайда екі мердігердің өзара соттасуына байланысты былтыр сегіз ауылды газдандыру тоқтап қалған еді. Бұл жұмыс биыл қайта жалғасатын болады.

 

Осы айдарда

Back to top button