Мәдениет

Зайсанда Баймұрат батырдың тойы өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Зайсан  қаласында Абылайханның шеп бұзар батырларының бірі, Қабанбайдың сенімді серігі болған әйгілі батыр Баймұрат Бәйімбетұлының 310 жылдық мерейтойы кеңінен тойланды.

Республикалық ауқымда өткен дүбірлі тойға Баймұратты күллі қазаққа танытқан халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, елімізге еңбек сіңірген қайраткер, облыстың құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, техника ғылымдарының докторы, меценат, «Баймұрат батыр» қорының президенті Марат Бітімбаев, медицина ғылымдарының докторы, денсаулық сақтау саласының үздігі, қордың бас демеушілерінің бірі Жақсыбай Бижігітов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты «Дос-Мұқасан» ансамблін құрушылардың бірі Ұлықпан Сыдықов, тарих ғылымдарының докторы, ауданның құрметті азаматы Ахмет Тоқтабаев, белгілі журналист Оңдасын Елубай бастаған зиялы қауым және облыстың әр ауданынан арнайы шақырылған құрметті қонақтар келіп, тойдың мәртебесін арттырды.

Зайсан қаласындағы орталық стадионда өткен салтанатты шарада алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Серік Ақтанов бұл той “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен, қолдауымен қолға алынып жатқанын атады.

Бұл тойдың тағы бір құнды тәбәрігі ретінде «Қазақ батыры Баймұрат Бәйімбетұлы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, тойға келген тәмам халыққа тегін таратылуы болды. Жас ұрпақ үшін тарихи тағылымы мол кітапты есімдері республикаға белгілі зайсандық қаламгерлер Бекен Жапаров пен Қалибек Алтыбаев бірлесе күш салып шығарыпты. Естеріңізде болса, былтыр батыр бабамызды жалпақ жұртқа кеңінен таныстыру мақсатында алғашқы кітап жарық көрген болатын. Бабаны ұрпаққа насихаттау шаралары жалғаса беретінін айтады ұйымдастырушылар.

 

Мұнан кейінгі ретте еңселі ескерткішті соғу үшін ашылған «Баймұрат батыр» қорына қомақты демеушілік көрсеткен алыс-жақындағы елге белгілі азаматтар, кәсіпкер жігіттер, тарихи кітапты шығаруға атсалысқан қаламгерлер және осы тойды үлкен ұйымшылдықпен өткізген зайсандықтар арнайы тапсырыспен Өскемендегі теңге сарайында соғылған «Баймұрат батыр» медалімен және төсбелгісімен марапатталды. Осыған дейін Аягөз, Үржар, Жарма аудандарының құрметті азаматы атанған Қабдеш ағаға Зайсан ауданының «Құрметті азаматы» атағы тойға келген қалың жұртшылықтың алдында табыс етілді. Марапат балуандар белдесуіне жалғасты. Ал зайсандық және өскемендік өнерпаздар күні бойы орталық сахнада әуелете ән шырқап, күмбірлете күй тартып, мың бұрала би билеп, мерейтойдың ажарын ашып, сәнін келтірді.

Қазақ тойының көркі қашанда күрес пен бәйге ғой. Күрес басталды дегенде атшаптырым стадионның әр жерінде той-тойлап жүрген халық ортада жайылған боз кілемге қарай ағылды. Жарысқа Қызылорда, Қарағанды, Алматы облыстарынан, Алматы қаласынан және біздің өңірдің аудандарынан жиыны отыз екі балуан келген екен. Олар тоқсан келіге дейінгі өгіз балуан, тоқсан келіден жоғары түйе балуан  аталымдары бойынша күш сынады. Араларында әр жылдары «Қазақстан барысында» топ жарған, жүлде алған Мұхит Тұрсынов, Руслан Әбдразақов, Талғат Әміренов сынды халықаралық дәрежедегі спорт саңлақтары бар.

Уақыт түскі бірге тақағанда балуандар алғашқы айналымды аяқтап, үзіліс жарияланды. Бұл кезде орталық стадиондағы көкмайсаға тігілген ақшаңқан үйлерде Баймұрат батырға арналып ас беріліп, рухына құран бағышталды. Жас ұрпаққа қаратылып, бабаның батырлық тұлғасы мен ерлікке толы өмірін насихаттаған, өнегелі әңгімелер айтылды. Алыстан келген меймандарды марапаттау сәті мұнда да жалғасын тапты.

– Бүгін жоңғарларға қарсы соғыстың даңқты батырларының бірі Баймұрат батырдың 310 жылдығына орай Зайсан өңірінде үлкен ас беріліп жатыр. Оның Зайсанда өтуі жайдан-жай емес, себебі Баймұраттың ұрпақтары – осындағы төртуылдар. Ескерткішінің осында орнауы да сондықтан. Жұрт қазір төртуылдардың астанасы Зайсан қаласы деп айтып жүр. Қазіргі уақытта батыр бабамыз астындағы нарқызыл тұлпарымен, бес қаруымен Зайсан төріне жайғасты. Ескерткіш өлілерге емес, тірілерге, бүгінгі ұрпаққа керек. Жастар өздерінің қайдан шыққанын білсін.  Мына кең даланы жаудан кімдер қорғап қалғанын ұғынсын. Менің «Дарабоз» романымда Қабанбайдың шәкірттерінің бірі ретінде суреттелген. Баймұратты насихаттау дәуірі енді ғана басталды деп санаймын.  Бұл той – Зайсандағы ағайынның, елдегі қалың төртуылдың бірлігінің, ынтымағының тойы, – деді Қабдеш Жұмаділов.

Үзілістен соң балуандар бәсекесі қайта қызып, финалға шыққан апайтөстердің ақтық айқастары басталды. Таңертеңнен қарсылас шақ келтірмеген Мұхит пен Руслан финалда кездесіп, сәл ғана басымдықпен Мұхит тойдың түйе балуаны атанып, жүлдеге тігілген бір миллион теңгені ұтты. Өгіз балуанды анықтау да аса қиынға түспеді. Қарсыластарының бәрінен күші мен айласын асырған семейлік Әсет Ахметжанов топ жарып, бірінші орынға тігілген жеті жүз мың теңгені иеленді. Жүлдегерлердің бәрі де ауданның атымтай кәсіпкерлері тіккен қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Балуандар күресінен соң халайық стадионнан қала сыртындағы орталық атшабарға ағылды. Онда тойшыл қауым көкпар, топ бәйге, жорға, аламан бәйге жарыстарын кеш батқанша тамашалады. Бәйгеге де облыстың әр өңірінен, Алматы облысынан желмен жарысқан кіл жүйріктер қатысты. Мұнда да жергілікті азаматтар көліктен бастап бесінші орынға дейін қаржылай жүлде берді.

Міне, Зайсан қаласында өткен Баймұрат Бәйімбетұлының туғанына 310 жыл толу құрметіне арналған салтанатты жиын осылай мәресіне жетті. Айта кетсек, былтыр күзде республика көлемінде жүрген төртуыл ұрпақтары үлкен ұйымшылдық танытып, Зайсан қаласына кіреберістегі қақпа алдына батырдың ескерткішін орнатқан болатын. Енді, міне, батыр бабаларының туғанына 310 жыл толуына орай үлкен ас беріп, тарихын түгендеп, той жасап, шын мәнінде, рухани жаңғырып жатыр.

Дәурен Аллабергенұлы

 

Осы айдарда

Back to top button