Экономика

«Зайсан-сүттің» қуаты артады

«Зайсан-сүттің» қуаты артады

Сонау жылдары Зайсан қаласының оңтүстігінде қалалық газ мекемесі болған, нарық кезінде ол талан-таражға түсті, тіпті, кірпіші мен бетонына дейін құрып кетті. 2010 жылы ауданның тумасы, мамандығы ұстаз болса да кәсіпкерлікпен шұғылдана бастаған Айдар Барысов газеттен сол мекеменің сатылатыны туралы хабарды естіп, бағын сынап көрмекші болады. Сөйтіп, Айдар сүт зауытын тұрғызуды қолға алды.
Айдар банкттен несие алып, өз қалтасынан 20 миллион теңге жұмсады, 500 шаршы метрлік зауытты қатарға қосты. Ал қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға 25 миллион теңге кетті. Сонымен, 2011 жылдың 9-шы тамызында Зайсандағы сүт зауытының салтанатты ашылуы болып, оған аудан тұрғындары қатысып, қариялар батасын берді.
Жақында «Зайсан-сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен таныстық. Бұдан төрт жыл бұрын болғанда, замануи талаптарға сай Ресейдің қуатты қондырғылары жоқ болатын. Ресейдің Рязань қаласынан жеткізілген технологиялық жабдықтар мінсіз қызмет етіп тұр. Оның қуаты тәулігіне 6 тонна сүт өнімдерін шығаруға арналған. Қазір зауытта сүт тағамдарының 6 түрі, атап айтқанда, майлылығы 2,5, 3 пайыздық сүт, кілегей, ірімшік, иогурт, жаз айында балмұздақ шығарылады екен. Оны мектептер мен интернаттар, бала бақшалары тұтынады, себебі, зауыттан алынған сүт тағамдары стандарттық талаптарға сай тазартылып, өңделген.
–Аудан халқы күніне қанша сүт тағамдарын тұтынады, шеттен тасымалданатыны туралы хабарыңыз бар ма?—деп сауал тастадық.
– Зайсандықтар тәулігіне он тоннадай сүт тағамдарын тұтынады. Жасырары жоқ, «Фуд-мастер», «Эмиль» мекемелерінен, тіпті Ресейде өндірілген сапасыз сүт тағамдары қала базарларында толассыз сатылып жатады. Оның сапасы қалай, адам ағзасына пайдасы бар ма дегенге тұтынушылар бас қатырып жатпайды. Жақында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ біздің кәсіпорында болып, жұмысымызбен танысты. Оң баға берді. Алдағы уақытта тауарлы-сүт фермасын құру жөнінде аудан әкімі Алмас Оңдақановқа тапсырма беріп кетті. Кәсіпорынның қуатын жыл аяғына дейін бір тоннаға арттыру мәселесін көтерді, – деп зауыт басшысы Айдар Барысов алда тұрған міндеттермен таныстыра кетті.
Сонымен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен Зайсан ауданында тауарлы-сүт фермасын құру қолға алынды. Нәтижесі жаман емес. Аудан әкімі Алмас Оңдақановтың тапсырмасы бойынша қараталдық Жеңіс Әміреновтің қожалығына Қарабұлақ ауылындағы түріктердің инвестициясына салынған бұрынғы сүт зауыты берілді, олар 50 бас асыл тұқымды сиыр сатып алды, осы жерде тауарлы-сүт фермасын құрмақ. Аманшылық болса, қарашадан бастап 1 тонна сүтті «Зайсан-сүт» серіктестігіне өткізбекші. Кәсіпорын сүтті аудан тұрғындарынан жинайды, кейбір көліктері барлар талапқа сай ыдысты зауыттан алып, оған құяды да, өткізеді. Ризабек Шәкеровтің, Мұхтар Базаровтың, Мұхтар Жазбаевтың қожалығы күніне 50-100 литрге дейін сүт өткізіп, литріне жазда 70, сүт азайған қыста 100 теңгеден алады екен. Ал кейбірі айына бірақ рет алуды қалайды, кейбір шаруа қожалық иелері тек сүттен бір айда 140-150 мың теңге пайда табады. Осы орайда тағы бір проблема туындайды, сауын сиырлары бар кейбір тұрғындар сүттің литріне 130-150 теңге берсеңдер, өткіземіз дейтін көрінеді. Санитарлық нормасы сақталмаған жерде, қыстың көзі қырауда бұрыш-бұрышта дірдектеп, сүт сатып тұрған қалай болар екен?
Зауыт директоры Айман Барысова, есепші-экономист Ризабек Манкупов, оператор-техник Нұржан Көккөзов, технологтар Тәуба Асқарова, Сәуле Бепеева өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Жақында қала орталығында кәсіпорынның құрастырмалы сендвич-панелден жасалған, қыста жылы, жазда салқын, әдемі, көз тартатын автодүкені ашылып, сүт тағамдары кәсіпорын бағасымен сатыла бастады. Дүкенге қажет материал сонау Мәскеуден 1,5 миллион теңгеге сатып алынған.
Дағдарыс дендесе де, сүрінбей келе жатқан кәсіпорын басшысы Айдар Барысовтың талап-тілегі бар. Мәселен, 100 нақты қадамның 60-шы қадамында сүт өнімдерін шығаруды өркендету жөнінде Елбасының қадау-қадау тапсырмасы тайға таңба басқандай нақты көрініс тапқан. Ал ол үшін жеңілдікпен несие, субсидия берілсе, шағын және орта кәсіпкерлік құлашын кеңге жая бермек. Кәсіпорын мамандары субсидия алу жөнінде бизнес жоспар жасап, ауыл шаруашылығы басқармасына өткізсе, ондағылар егер 40 тонна сүт өндірсеңдер ғана субсидия беріледі, дейтін көрінеді.
Аудан жұртына ауадай қажет сүт зауытына көмек беру қажет деген облыс басшысының тапсырмасы кәсіпорынды қолтығынан демеп жіберді, – дейді зауытта еңбек ететін қарапайым жұмысшылар. Кәсіпорын көркейсе, табыс арта түседі. Оның үстіне аудан басшысы елді мекендерден сүт жинауды қадағалауды ауыл әкімдеріне тапсырған көрінеді. Демек, «Зайсан-сүт» зауытының өрісі кеңейеді.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button