Әлеумет

Зайсан әуежайы жаңартылады

Ұшақ қатынасын жандандыру мақсатында Зайсан әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылатын болады. Аудан-қала әкімдерімен, басқарма басшыларымен кеңес өткізіп, бірқатар маңызды мәселені талқылаған аймақ басшысы Даниал Ахметов осындай тапсырма берді.

Денсаулық сақтау саласын дамытуға және осы бағыттағы Президент жүктеген барлық міндеттерді іске асыруға басымдық беріліп отыр. Ауылдарда салынатын 36 жаңа медициналық мекеме үшін учаскелер анықталған. Жұмысқа енді кіріскен 72 жас дәрігер көтермеақы және қызметтік пәтер алып отыр.

– Өлім-жітімді азайтуға қол жеткіздік, атап айтсақ, қан айналым жүйесі аурулары 18, қатерлі ісік 8, тыныс алу органдары аурулары 30 пайызға кеміді. Жыл басынан бері бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ. Босандыру сапасын жақсарту үшін осы саладағы аудандық дәрігерлер Өскемендегі Ана мен бала орталығында оқытылатын болады. PACS медициналық деректерді сақтау жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеді, енді оның мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту қажет, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ жиында жолаушылар тасымалы мәселесі талқыланды. Әлеуметтік маңызы бар бағыттар тұрақты субсидияланатын болады.

– Өскемен – Зайсан әуе рейсін жандандыру мақсатында аудан әкіміне Зайсан әуежайының ұшу-қону жолағын жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындауды тапсырамын, – деді Даниал Ахметов.

Жолдарды жөндеу және салу жалғасады, әсіресе Риддер мен Алтайдың туристік аумақтарына дейінгі жолдарға мән беріледі.

Жаңа Бұқтырма ауруханасын жөндеуге сметалық құжат дайын. Кент тұрғындары қазақ мектебін салуды сұрап отыр. Оның үлгілік жобасы да әзір.

Кеңесте бордақылау алаңдарының тиімділігі және балық өсіруді субсидиялау мәселелері де қаралды.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button