Мәдениет

Замандас жайлы эссе

Замандас жайлы эссе


Абай қол созым жер болатын. Алайда, Абайсыз өстік. Абайға баруға өре жетпеді. Өтірік құшағында өстік. Өтірік аккумуляторы арақ болды. Өтірік сананы улады, жайлады, дәстүрге енді.

Нағыз өмір жар жағасында тұрыпты. Міне, мен Әлібек Қаңтарбаевпен сол кезеңде, яғни 1966 жылдың шілде айында кездестім.

Байқағаным, оның өн-бойы сөз өнеріне толы екен. Сөздерін көркемдікпен әдіптейді екен.
***
Кездестік те, өтірік өмірдің миқойыртпағына бірге араласып кеттік. Өзімізді өтірік өмір ішінен іздедік пе, іздемедік пе, ол арасын ашып айта алмаймын. Әйтеуір өзімізше болуға талпындық. Оның не екенін де саралап, санаға салмақ етпедік.

Амалсыздық, шарасыздық, адасушылық дегендерді біліп жатқан біз жоқпыз. Сөз сөйлеп жаттық. Әлібек өлең жазды, әңгіме жазды, скетч жазды. Талпынды.

Өмір танығысы келді ме, өзін танытқысы келді ме, әйтеуір қаракеттер жасай бастады.

Ол өз творчествосын Жыраулар сипатында бастады. Достары арасында, дастархан басында көсемсөзге ұқсас сөздер сөйлей бастады. Онысы тартымды боп, қасына топ қалыптасты. Оны сөзі үшін қадірлейтіндер көбейе берді.
***
Байқаймын, ол Әлібекті беймағұлым бір істерге жетеледі. Өзін өтірік қоғам батпағынан шығаруға талпыныстар жасады ма, әйтеуір бір беймағұлым әрекеттер жасай бастады. Аңғарғаным: Карл Маркс, Владимир Ленин дегендерге наразы. Оларды танып, түсініп наразы болды ма, білмей наразы болды ма, айту қиын. Әйтеуір Әлібек Қаңтарбаевпен әлгі көсемдердің арасында бір салқындық болды.
* * *

…Мұхтар Әуезов атындағы шәкіртақы (стипедия) иегері болғандықтан, 60 рубль аламын. Ол заманда біршама ақша.
Күндердің күнінде кітап дүкеніне барып, ойымда көптен жүрген бір істі тындырдым: Владимир Лениннің елу бес
томдық шығармаларын түгелдей сатып алдым.
Сонда Әлібектің айтқаны:

– Қайран құмға кеткен қаражат-ай!

Жыларман болды. Досы Асхатқа:

– Мына кісіні (кісі деп отырғаны мен) стипендия алған күні, қалайша өз бетімен жіберіп алдық, – деп санын соққандай ауыр халге түсті. Сондағы Әлекеңнің мұңайғанын көрсең ғой.

Иә, солай Әлібек Ленинге сырт берді. Ленин де бұған жақындаған жоқ.

Ойлаймын: мүмкін, Әлібек сияқты тумысынан талантты жандар өтіріктің, өтірікшінің иісін сол кезде сезді ме екен?!

Ленин – нағыз өтірікші еді ғой. Оған менің көзім ХХ ғасырдың 70 жылдарының соңында ғана жетті. Ол туралы менің Америкада, Түркияда, Украинада жарық көрген «Социализм: күнә және кінә» романымда жеріне жеткізе баяндалған.
***
Иә, Әлібек өз талантына өріс аша білді. Аңғардым. Сөзі аузынан қысылмай, еркін шығады. Иә – деп бір қойдым. Әттең, енді осы сөзге тәлім, тәрбие, тәжірибе қажет-ау деймін. Қысқасы ұстаз қажет еді. Нағыз ұстаз мәселеге айналды.

Нағыз ұстаздар: поэзиядан Мағжан Жұмабаев, прозадан Жүсіпбек Аймауытовтар еді. Бірақ ол заманда олар – «жабулы қазан». Олар талантты жастарды Абайға бұратындар, Абай жолына салушылар еді.

Мағжан, Жүсіпбек ол кезде оқылмады. Абай жолы ашылмады. Сондықтан Абайды терең түсіндім деу – далбасалық болатын.
Бірақ, бәрібір, әр төбенің өз биігі бар дегендей, Әлібек бәрібір өз төбесіне шықты! Өзінің кім екенін жария етті.
Жасыңа жас қосылсын, қадірлі інім, досым Әлібек мырза!

Ғарифолла Есім
академик – жазушы.

Осы айдарда

Back to top button