Заманауи мектепке қандай мұғалім қажет?
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институты өткізген дөңгелек үстел отырысында осы тақырыптағы өзекті мәселе қаралды.
Институт директоры Сәуле Байхонованың кіріспе сөзімен ашылған жиынға өңірдегі білім мекемелерінің басшылары, ғалымдар, мұғалімдер мен қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, пікір алмасты.
«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген екен ғұламалардың бірі. Заманауи мұғалім осы үштіктің қай қырынан көрінуі керек? Жиынға қатысушылардың пікірінше, заманауи ұстаз өзі ізденіп қана қоймай, оқушысын ізденіске шабыттандыратын, жоғары біліктілік пен құзыреттілік иесі болуы шарт екен.
Мұндай мұғалімді қайдан табуға болады және оны кім дайындайды? Өз сөзін осы сауалмен бастаған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Н.Завалко «Ондай мұғалімді әзірлеп, шығарушы – бізбіз» деп, өзі оған жауап қайтарды. Ғалым ары қарай педагогикалық мамандыққа келіп түсетін студенттердің болашақ мамандықтары туралы мағлұматтары өте тапшы болатынын айта келе, педагогикалық жоғарғы оқу орнына студенттер қабылдау тәсілін өзгерту қажеттігіне тоқталды.
«Өрлеудің» облыстағы филиалы жанынан Кембридж университетінің бағдарламасымен жыл басынан бері өтіп жатқан біліктілікті арттыру курстарында оқыған ұстаздар жұмыс әдістемеліктеріне жаңаша бағдар алғандарын айтты. Бұл бағдарлама бойынша Шығыс Қазақстан мұғалімдерінің алғашқы екі тобы ұстаз тұлғасы мен ұстаз мәртебесіне жаңа көзқарас туындауына себепкер болған-ды.
Дөңгелек үстел отырысына Лондондағы Кембридж университетінің оқытушы-тренерлері Патрисия Таниклиф, Элдон Паскоу, Кэтрин Блэкмоордың қатысуы бұл жиынның ерекше екенін көрсетсе керек. Математика магистрі Патрисия Таниклиф пен оқытушы-тренер Элдон Паскоудың Кембридж университеті бағдарламасының ерекшелігі және біліктіліктің заманауи талаптары жөнінде ортаға салған пікірі көпшілік назарын аударды.
Сол сияқты облыстық білім сапасын бақылау департаментінің директоры Б.Данияров, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы бақылау комиссиясының төрайымы М.Екібасова, НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектебінің директоры К.Раисова, Өскемен қалалық білім бөлімінің бастығы А.Кузнецов, Семей қалалық білім бөлімі бастығының орынбасары Н.Хегай, облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің директоры А.Исаев ұстаз мәртебесі мен ұстаз біліктілігінің өзара ажырамас бірлікте екенін баса айтты.
Дөңгелек үстел қорытындысында Білім және ғылым министрлігі өңірлік құрылымдарының өзара әрекеттестігі мен ынтымақтастығы жөніндегі келісімге қол қойылды.