Білім

Заманға сай маман дайындауға ден қоятын

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының, «Атамекен» қоғамы филиалының және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен осымен үшінші рет өткен «Менің кәсібім – менің мақтанышым» атты форум жұмысына облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.

Заманға сай маман дайындауға ден қоятынЖаңа жұмыс орнына ие болу үшін шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасасқан ауыл мектептері түлектерінің, қалалық мектептерді бітірушілердің және облыстағы белді шаруа қожалықтарының жетекшілері мен әріптес кәсіпорындар басшыларының, сондай-ақ, колледждердің биылғы түлектері бар, барлығы 500-ден аса адам жиналған форумға облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ арнайы қатысып, жаңа тірлік бастауға ниеттеніп отырған жастарға тілегін жеткізді.

Біздің облысымызда алдағы уақытта аудандардағы тірек елді мекендерін дамыту мақсатында 855 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл шаруаларды іске асыру мақсатына биылдың өзінде ғана тоғыз миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

– Әрбір адам үшін жауапты да маңызды кезең – өз өмірінің мәні болар мамандық таңдау. Сондықтан мамандық таңдауда көп ойлану қажет. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүргізіп отырған саясатын барлығыңыз да жақсы білесіздер. Бүгінде салынып жатқан кәсіпорындарда заман талап етіп отырған мамандық иелері жұмыс істесін десек, біз оларды бүгіннен бастап дайындауымыз керек. Олар дер кезінде ашылатын болса, бізге жылына ең кем дегенде 20 мыңға жуық маман қажет болады. Сондықтан біздегі колледждер мен кәсіптік-техникалық училищелер, тіпті, жоғары оқу орындары сол бағдарламалардың негізінде мамандар дайындауы тиіс. Бүгінгі форумға жұмыс берушілерді де шақыруымыздағы мақсат – олардың өздеріне қажетті жұмысшыларды таңдауына мүмкіндік жасау. Қазірде біздің өңірде кәсіптік сала кадрларының, құрылыс мамандарының, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласының, энергетика мен коммуналдық шаруашылығы мамандарының жетіспеушілігі айқын сезіліп отыр. Яғни, Мемлекет басшысы үнемі айтып келе жатқандай, бізге әсіресе, орта буын кадрларын көбірек даярлау қажет. Біздің еліміз 30 озық елдің қатарына еркін енуі үшін энергетика, көлік, геология, ауыл шаруашылығы, металлургия, құрылыс, омарта шаруашылықтарында, тіпті, мәдениет саласында еңбек ететін кадрлар аса қажет болып отыр. Озық елдердің санатында болу үшін тек жаңа технологияларды енгізіп, жаңа кәсіпорындар ашу ғана емес, оларда ел игілігі үшін аянбай тер төгетін нағыз мамандар болғаны абзал, – деді облыс басшысы.

Жанарлары от шашып, жүректері жалын атқан жас қауымға осылайша негізді сөз арнаған Бердібек САПАРБАЕВ сонымен қатар, өңірімізде соңғы 3-4 жыл көлемінде жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқан «Жол картасы», «Жұмыспен қамту – 2020», «Агробизнес – 2020» және басқа да ел индустриясын дамытуға, жаңа инновацияларды іске асыруға бағытталған көптеген бағдарламалар бар екені туралы бағамдап айтып өтті. Қазір ерекше қолға алынып жатқан бірегей мәселе кадрларды қайта даярлау екенін де тілге тиек еткен облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаны орындау мақсатында, атап айтқанда, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 600 миллиард теңгеге жуықтайтын ондаған кәсіпорындар салынбақшы екенін баса айтты. Ал оларда еңбек ететіндер бүгінде ел игілігі үшін таңдау жасап жатқан жас мамандар болары сөзсіз. Осындай өзекті һәм өміршең жобалар туралы сүбелі сөз саптаған Бердібек САПАРБАЕВ жиынға келген мекеме-кәсіпорын басшыларына ризалық сезімін білдіріп, жаңа, еңбек таңдауы алдында тұрған жастарға сәтті қадамдар серік болуына тілектес екенін жеткізді.

Форум барысында дүйім елге аян болған бір нәрсе, бұдан бұрынғы осындай форумға қатысқан жастардың дені бүгінде өз мамандықтары бойынша үлгілі еңбек етіп жүргені еді. Осы тұста облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде білім алған 12 түлекке өзінің жолдау хаты мен кәсіптік білім туралы сертификатын салтанатты түрде тапсырды. Олар Өскемендегі политехникалық колледжден Әлихан Тіленов (жұмыс беруші – «ВК РЭК» АҚ), Шыңғыс Асылов (жұмыс беруші – «Өскемен АЕS» ЖШС), Ернат Аханов (жұмыс беруші – «Барика Тур» ЖШС) және басқалар. Бұл 12 түлектің атынан сөз алған Шыңғыс Асылов өздеріне көрсетілген құрметті нақты істерімен ақтайтындарына сендірсе, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ректоры Н.Темірбеков жастарды жұмыспен қамтуда кәсіпорындармен әріптестік мәселесінің шешім табуы турасында әңгіме қозғап, мұндай жиынның жастар үшін ерекше мәні бар екенін көлденең тартты.

Форум барысында шаруа қожалықтарының, кәсіпорындардың басшылары да бүгінгі ұрпақтың алғыр, ізденімпаз екенін дәлелді деректермен сөз етсе, әртүрлі кәсіптерді дәріптеген «Арман. Еңбек. Сенім» атты мамандықтар көрсетілімі тіптен мәнді болды. Ал форум соңында Ерлан Жармұхаметов форумға қатысушылардың ел болашағы – жастарға арнаған Үндеуін оқыды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button