Мәдениет

Әз Наурызды Мәскеуде де тойладық

Әз Наурызды Мәскеуде де тойладық
2003 жылы Мәскеуде әз Наурызды қарсы алған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, Қазақстан халық Ассамблеясының мүшесі Орал Шәріпбаев сол бір күндерді ерекше қимастықпен еске алады. «Наурызда біз тек киіз үй тігіп, көже ішумен ғана шектелмеуіміз керек. Әз Наурызда адамдар бір-біріне тілек айтып, көп жақсылық жасауы керек», – дейді ол.
– Қазақтың салт-дәстүрін және патриоттық тәрбиені дамыту саласындағы көптеген игі істер 1990-ыншы жылдардан бастап, ел көлеміне таратылды,-дейді Орал аға, – 1998 жылы Наурыз мейрамын өткізудің жаңа бір үлгісін ұсындық. Неке сарайына арнайы барып, 22 наурыз күні үйленетін 6 жұптың ішінен біреуін алып, оларға салт-дәстүрімізге сай үйленіңдер деп ұсыныс жасадық. Ермек Шәкенов пен Бота Аяшева Орталық алаңда үйлену тойларын көрсетіп, қала әкімі В.Бутин мырза Наурызда жастардың қолына пәтер кілтін табыстағанда, олардың қуанышында шек болмады. Жаңа бастамамызды өзге қала, облыс басшылары қолдады. Моңғолиядан келген студенттерге арнап, «Өр Алтай» қауымдастығын құрып берді. Бұл біздің қоғамымыздың жанынан құрылған жастар ұйымы еді. Келесі жылы Өскемен қаласындағы Наурызда ақын Абаш Кәкенов Мұратхан Түсіпов пен Мәрзия Әмірғалиеваның үйлену тойларында беташар жасады. Ал облыс әкімі В.Метте сыйлықтар беріп, екі жасқа тегін жатақхана және жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасады. Бұл – 1999 жыл еді.
Ал 2003 жылы мені Мәскеуге шақыртып, ақын Абаш Кәкенов екеуІміз барып, еліміздің мерейін өсіріп қайттық. «Наурыз-2003» мен үшін аса қымбат естеліктей. Мәскеудегі мереке қазақ аймақтық-ұлттық мәдени орталығының және «Қазақ тілі», «Мұрагер» қоғамдарының мұрындық болуымен ұйымдастырылған еді. Мейрамға үлкен дайындық жасалып, «Меридиан» театрына сыймаған халықты көріп, төбеміз көкке жеткендей болды. Наурыз мерекесінде сол кездегі Мәскеу мэрі Ю.Лужков мырзаға үш тілдегі «Абай елі» атты кітабын сыйға тарттық. Мәскеу басшылығының атынан келген А.Ярлыков мырза сыйлығымызға дән риза болды «Наурыз – мерекесі ең көне мерекелердің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. \”Наурыз\” сөзі парсы тілінен аударғанда \”Жаңа күн\” деген мағынаны береді. Бұл мереке ғасырлар бойы тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болып келеді. Жыл санағы бойынша, 22 наурызда күн мен түн теңеседі. Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. Наурыз мерекесін қазақ халқы «Армысың, әз Наурыз», «Әз болмай, мәз болмас» деп қарсы алған. Наурыз қалың қарлы қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген», – деп аяқтады әңгімесін Орал Шәріпбаев.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей.

Осы айдарда

Back to top button