Аймақтар аухалы

ҚЫЗЫЛКЕСІКТІҢ КОНДИТЕРІ

   Соңғы жылдары  шалғай ауылдарда  шағын бизнесімен кәсібін дөңгелетіп отырған  нәзік жандардың қатары көбейген. Ер-азаматтың жұмысын  екі еселеп  атқарып, мал-жанын ғана емес, күллі ауылын  көркейтіп  отырғандардың бірі  – Нұрбану Батхолдина.

Ұзақ жылдар бала оқытып, одан соң   мектептегі  оқушылар асханасын  басқаруға  алып, тәп-тәуір тәжірибе жинақтаған Нұрбану  кәсіпкерлікке оқыту  курстарынан өтіп, кәсібін өзгертті. Ол шағын наубайхана ашып,     төрт пайыздық қайтарыммен  6 млн. теңге несие алды. Қаржыға шетелдік құрал-жабдықтар сатып алып, ауылда алғашқы болып  кондитер өнімдерінің 30 түрін өндіретін шағын цех ашты. Нұрбану  осы кәсіпті ашпас бұрын  ірі  қалалардағы  білікті мамандардан  арнайы сертификат та алған екен.

-Бұл өзі  аса жауапты кәсіп,-деп бастады сөзін істің ебін тапқан кәсіпкер келіншек. -Өйткені кондитерлік өнімдер тез бұзылатын  тағамдардың қатарына жатады. Біздің ауыл қаладан  өте  шалғайда тұрады.  Бұл жерге кондитерлік өнімдер өте көп  келгенімен,  көп дүкендерде уақыты асқан тағамдар тұратыны жасырын емес. Ауыл  жұртшылығы осындайда  өзіміздің өнім болса деп,  талай  рет ұсыныс жасаған болатын. Жерлестерімнің осы ұсынысын ескере  отырып,  мен осы кәсіптің түрін  таңдадым. Қазір тапсырыстың  12 түрін жасап  отырмыз, тапсырыс, әсіресе,  жаз  кезінде өте көп болады,  оның  үстіне  біздің ауыл  тоғыз  жолдың  торабында  орналасқан, келімді-кетімді  жолаушы көп.  Сондықтан жол бойында тұрған  шағын дүкенімнің  бір бөлігінен цех ашып  отырмын,  мұнда барлық санитарлық  нормалар сақталған, тоңазытқыш қойылып, ыстық су  тартылған, жұмысшыларға да жақсы жағдай жасалған.  Жұмыстан шыққанда  жуынатын  орын да  бар. Жолаушылардың  осы  жерден ыстық  шай ішуіне  де мүмкіншілік жасауды  ойластырып  отырмыз.

. Қазір  шағын цех  1,5 мың тұрғынды  кондитерлік өніммен толықтай  қамтып  отыр. Цехта  төрт  жұмысшы  орны  ашылған.

-Тоғыз жолдың торабында  тұрған Қызыл кесік ауылы жыл санап  дамып келеді. Шағын бизнестегілердің басым  көпшілігі нәзік жанды азаматшалар, олар қызмет көрсетудің әр  саласында еңбек етуде. Жас қыз-келіншектердің кейбірі мал шаруашылығымен айналысып, несие алып  малдың басын асылдандырып  отыр, -дейді ауыл әкімі С.Қалиев.

Қадырбек Кәкімұлы                                                                       

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button