Мәдениет

Өйткені, таулар ұйықтамайды

Пушкин атындағы облыстық кітапханада ақын Хамит Балшабековтің «Таулар ұйықтамайды» атты кітабының тұсауы кесілді.

Кітап ақынның 80 жылдық мерейтой құрметіне шығып отыр. Кешке ақынның жары Бану, ұлы Мерей бастаған туыс-туғандары мен өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алғашқы сөздің тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев ақынның шығармашылық жолы мен адами тұлғасына тоқталды. Ол кісінің айтуынша, «Шығыстың Мұқағалиы» атанған Хамит ақын көзі тірісінде де өз деңгейінде бағаланбай кеткен. Оған араға 10-15 жыл салып барып әрең жарық көрген кітаптарының шыққан уақыты дәлел. Ал қайтыс болғаннан кейін де бағаланып жатқаны шамалы.  Шығыстың өмірден қайтқан ақын-жазушыларына көше сұрап облыс, қала әкімдеріне неше мәрте хат жазылса да, олардың ешқандай көңіл бөлмей қойғанына налыды. Жастарды сол іске атсалысуға шақырды.

Кітаптың тұсауын кесу құрметі «Алтай асу» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасының бірі Түсіпхан Түсіпбеков пен ақын Қалқаман Саринге бұйырды.

Кешті ұйымдастырған кітапхана қызметкерлері ақынның өмір деректеріне қатысты оқырмандар арасына сұрақтар қойып, үздік шыққандарына жаңа кітапты сыйлады. Ал ақынның жары осы кітапты шығаруға мұрындық болған, демеуші болған азаматтарға алғысын айтып, кеш ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғыс хатын сыйлады. Ақынның ұлы Мерей ән орындаса, кенже қызы Еңлік әкесінің өзіне арнаған өлеңін оқып, көрермен көңілін толқытты.

Бұл кітаптың шығуына немере інісі Шалқар Рысқанов мұрындық болса, Қайрат Малғаждаров, Зиядан Бекзадаұлы, Ершікен Ыдырышев, Дәурен Малғаждаров сынды азаматтар демеушілік жасапты. Кітаптың жауапты редакторы Айжан Картаева жаңа басылымның атауын ақынның өз сөзінен алғанын айтады.

-Жерлес, рулас ақын ағам өмірден өткеннен бері мен студенттерімнің ғылыми жұмыстарына, диплом жұмыстарына Балшабеков шығармашылығын арнайы тапсырма ретінде беріп келемін. Бұл кітапты да Шалқар бауырымның атсалысуымен шығарып отырмыз,- дейді Айжан Маратбекқызы.

Кеш барысында ақынның көзін көрген жолдастары мен іні-қарындастары құнды естеліктер айтып, кітапқа кірмей қалған өлеңдерін ортаға салса, Тұрсынбек Жүзбаев, Дархан Садырбаев, Нәбиолда Кемешев сынды әншілер ақынның артта қалған әндерін орындады. Кітапхана тарапынан құрылған «Тамшы» жастар ұйымының мүшелері ақынның өлеңін мәнерлеп оқыды.

Өмірін жырмен өрнектеген ғажайып ақынның өмірден өткеніне де біраз жылдың бедері болыпты. Қатарластарының айтуынша, сол дәуірде Хамаңнан асатын ақын болмаған. Бірақ сондай талантты ақынды он жыл сайын әрең еске алатынымызды жасырып қайтеміз. Басқа өңір болса, мұндай ұлдарын әлдеқашан аспандатып, өз деңгейінде насихатын жүргізер ме еді?! Бірақ нағыз ақын уақыты келгенде жарқырап шығады. Ол, өткінші өмірдің уақыттық тізгінін ұстап отырған әлдекімдердің көмегіне зәру емес. Тарбағатайдың құзар шыңдарын дүр сілкіндіріп, бір күні қайта түлер. Өйткені, таулар ұйықтамайды…

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button