Экономика

Қытайлар қыруар қаржы салуға дайын

Қытай мемлекеті Қазақстанға қомақты инвестиция салуға ниет білдіріп отыр. Әсіресе, экономикалық және табиғи мүмкіндіктері мол Шығыс Қазақстанда екі жаққа да тиімді бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұл туралы аты әлемге әйгілі «CIBS» компаниясының президенті Чжун Бо кеше облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВПЕН болған кездесу барысында мәлім етті.

Қытайлар қыруар қаржы салуға дайынСоңғы жылдары көрші Қытай мен Қазақстан, оның ішінде біздің облыс арасында сауда-экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынастар тұрақты түрде дамып келеді. Іргелес жатқан екі елдің кез келген саладағы алыс-берісі, барыс-келісі дұрыс жолға қойылып, стратегиялық әріптестік жағдайы айтарлықтай нығайған. Бұл жолғы кездесу сол баяғы жібі үзілмей, керісінше уақыт өткен сайын ширатыла түскен ынтымақтастықтың жемісті жалғасы екендігі даусыз. Осы орайда қытайлық компанияның өкілдері біздің өңірге өздерінің ұтымды ұсыныстарын жеткізе келіпті. Олардың қатарында Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін бірқатар жобалар да бар екен.

– Біздің корпорация сіздердің ай-мақта су электр стансаларын салуға, көпірлер мен жолдар, туннельдер, тұрғын үйлер, әуежайлар құрылысын жүргізуге және басқа да осындай ірі жобаларды қаржыландыруға, бірлесе отырып іске асыруға дайынбыз. Тек қана біздің компания ғана емес, жалпы Қытайдың ірі қаржылық институттары мен қамсыздандыру органдары Қазақстанға қыруар инвестиция салуға қызығушылықтарын білдіруде. Бұл экономикалық әріптестік екі мемлекеттің стратегиялық селбестігін одан ары күшейте береді деп сенемін. Мен мұнда өзім басшылық ететін корпорацияның атынан ғана емес, Қытайдағы барлық ірі ұжымдардың атынан сөйлесуге келіп отырмын, – деп сөзін нақтылаған «CIBS» компаниясының президенті Чжун Бо бірлескен жобаларды орындауда қаржылық жағынан ешқандай проблема болмайтынын жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, аспан асты елінің тарапынан тартылатын инвестицияның ең төменгі мөлшері шамамен 150-200 миллион доллардан бастап жоғарылай бермек. Дәлірек айтқанда, олар қандай да бір бірлескен жобаға жұмсалатын қаражаттың 80-85 пайызын қаржыландыруға бейілді, қалған бөлігін қазақстандық әріптестерінің үлесіне қалдырмақ. Сонымен қатар компания басшысы өз сөзінде орындалатын жұмыстың сапасына қатаң талап қойылатындығын да тілге тиек етті.

– Біз халықаралық нарықта бұрыннан бері жұмыс істеп келеміз. Дүниежү-зіне белгілі компаниялармен одақтастық құрып, көптеген жобаларды атқардық. Солардың қатарында СЭС-тердің құрылысы да бар. Алайда осы уақытқа дейін біздің істеген жұмысымыздың сапасына олардың ешбірі шағым айтып көрген емес. Жұмыстың сапасы екі елдің арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа төте әсер ететіндіктен біз ол жағына мұқият көңіл бөлеміз, – дейді Чжун Бо мырза.

Қытай тарапының су электр стансаларын салу жөніндегі ұсынысы облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВТІ де бейжай қалдырған жоқ. Сөз арасында ол Семей мен Өскемен сияқты өңірдің екі бірдей ірі қаласын энергия көзімен қамтамасыз ету үшін СЭС-термен қатар ЖЭС-тер де салса артық болмайтынын жеткізді. Оған қоса Серік ӘБДЕНОВ бүгінгі таңда үлкен сұранысқа ие тұрғын үй құрылысын тезірек қолға алу кезек күттірмейтін шаруалардың бірі екендігін айтты.

– Сіз ұсынып отырған бағыттар біз үшін өте маңызды. Олардың бәрі де біздің экономикаға аса қажет. Бірақ бұл салаларда біздің жақта жұмыс істеп жатқан отандық және шетелдік компаниялар бар. Соған қарамастан Шығысқа келіп, өз жобаларыңызды ұсынып, бірлесіп іс тындыруға деген ниеттеріңіз үшін алғыс айтамыз. Мұның бәрі, әрине, қосымша күш, қосымша көмек. Егер шынымен де мүмкіндіктеріңіз, нақты мақсаттарыңыз болса, тізе қосып жұмыс істеуге қашан да дайынбыз. Біздегі атқарушы билік қолы-нан келгенше қолдау көрсетіп, қандай да бір құжаттарды ресімдеу керек болса көмектесеміз, – деп атап өткен Серік ӘБДЕНОВ екі жақ бірін-бірі жақынырақ білу үшін әуелі шағындау бірлескен жобаны қолға алуды ұсынды.

Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВТІҢ айтуынша, дәл қазіргі күні бастап кететіндей жобалар бар көрінеді. Дәлірек айтсақ, ол Өскемен қаласында тұрғын үй салу мәселесі. Бас-пана құрылысын жүргізу – ұзақ уақытты қажет етпейтін, жұмыстың нәтижесін тез арада көруге мүмкіндік беретін сала. Сондықтан алғашқы әріптестік байла-нысты осылай бастап көрген дұрыс, егер бәрі ойдағыдай орындалып жатса, келешекте одан да ауқымды істерді бірлесіп қолға алуға жол ашылмақ.

Бұған қоса Серік ӘБДЕНОВ әңгіме арқауына айналған СЭС-терді салу бойынша облысымызда арнайы жұмыс тобы құрылғандығын, олар аталған мәселеге қатысты барлық есеп-қисапты шығарып, жобаларды да әзірлеп қойғандығын ескерте келе қажет десе, сол дайын жобалардың бірін өндіріске енгізуге болатындығын жеткізді. Сөйтіп, екі жақтың өкілдері кездесуде қаузалған мәселелерді жан-жақты талқылап, жекелеген тұстарына көңіл аудару үшін тиісті саланың мамандары бір-бірімен тағы да кездесіп, барлық түйткілдерді пысықтау қажеттігін алға тартты.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button