Қытайдағы қазақ фотографтары қоғамдасты

Қытай елінде «Алтай қазақ этнофотография» қоғамы құрылды. Бұл қоғамның ресми ашылу салтанатына асқаралы шыңдарды қырық жылдан астам суретке түсіріп жүрген Түсіпбек Сламханұлы, Қазақстандағы «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы сынды белгілі фотографтар қатысты.
Қытай еліндегі қазақ фотографтарының басын бір шаңырақ астына ұйытып, «Алтай қазақ этнофотография» қоғамын құруда елеулі еңбек еткен Серік Мұқышұлының айтуынша, бүгінгі құрылып жатқан қоғамдастық болашақ үшін маңызы зор.
– Үкіметке қазақ этнофотография қоғамдастығын құру жөнінде өтініш жолдадық. Құдайға шүкір, заңды түрде бекітіліп, құзырлы органдардың мөрі басылды. Фотоаппарат асынған ағайындардың қуанышты күні бұл. Енді этномәдениетті, дәстүрді үгіттеу үшін жұмыс істейтін боламыз, – деді Серік Мұқышұлы.
Сонымен қатар, Серік Мұқышұлы «Алтай қазақ этнофотография» қоғамының төрағасы болып тағайындалып, мүшелікке 68 фотограф қабылданды. Олардың ішінде шеберліктің шыңдарын бағындырғандары да, фотоаппаратты қолдарына енді алған әуесқойлары да бар. Бұл өнердің құлағын ұстап жүргендердің мамандықтары да әртүрлі. Бірі заң қызметкері болса, енді бірі орманшы, агроном. Ең бастысы, көздеген мүдделері бір – қазақ этнофотографиясын дамыту.
Ресми шарадан кейін екі күнге созылған «Суреттер сөйлейді» атты дөңгелек үстел болды. Мұнда әр фотосуретші объективке ілінген үздік суреттерін экранға шығарып, бір-бірінің пікірін тыңдасты.
Мерей Қайнарұлы