ЫСТЫҚКӨЛДЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛЫП ОРАЛДЫ
Жақында Қырғыз елінің Ыстықкөлінде Стрендлифтинг спортынан тоғызыншы Әлем чемпионаты өтті. Ауыр атлетикаға ұқсас, осы спорт түрінің элементтері бар үш түрінен өнер көрсететін Стрендлифтинг Қазақстанда да дами бастады.
Қол күресі мен гір спортының елімізде негізін қалаушы, 1992-2004 жылдары халықаралық гір спорты федерациясының вице-президенті, 2004-2012 жылдары аралығында Бүкіләлемдік армрестлинг федерациясының вице-президенті қызметін атқарып, қол күресінен дүниежүзінің үш дүркін чемпионы атанған, Алматыда, Өскеменде қол күресі мен гір спортынан Әлем, Азия біріншіліктерін абыроймен өткізіп, осы спорт түрлерінің Қазақстанда, Азияда өркендеуіне ерекше үлес қосқан Мұхамедолла Ағзамов жасы жетпістен асса да алпыс жастағы ардагерлер арасында 95 келі салмақта Стрендлифтингтен Әлем чемпионы болды. Айта кету керек, М.Ағзамов спорттың әртүрлі, өзара ұқсас емес екі түрінен Әлем чемпионы атанған Қазақстандағы жалғыз атлет.
Жуықта Ыстықкөлде жалауы желбіреген Әлем чемпионатында қазақ елінен барған үш спортшы да намысты қолдан бермей, алтыннан алқа тақты. Атап айтқанда, Мұхамедолланың жеңісті жолын Марат Марденов пен Иван Мальков 68 және 76 келі салмақтарда жалғастырды. Мұхамедолланың ұлы Жүрсін Ағзамов ересектер арасында 115 келі салмақта қола медальды иеленді. Талантты ұстаздың ұлы осы жолы тағы бір құрметке ие болды. Стрендлифтингтен Әлем федерациясының президенті Бабул Бикас Патрабанистың ұсынысымен талантты жас Жүрсін Ағзамов Әлемдік федерацияның вице-президенті болып сайланды. Демек, болашағы зор спорт түрі Қазақстанда дами түспек.
– Стрендлифтингтің келешегі кемел. Бұл спорт түрі Үнді елінде дүниеге келді. Қазірдің өзінде әлемнің елуден астам мемлекетінің адамдары стрендлифтингпен шұғылданады. Ауыр атлетикамен ағайындас, бірақ одан да күрделі спорт түрі болашақта Олимпиада бағдарламасына еніп жатса, таңғалмау керек. Яғни, спорттың осы түрін қазақ елі де жатсынбауы керек, – дейді М.Ағзамов.
Оңдасын Елубай, Өскемен.