Қоғам

Қысты шығарып салды

Қысты шығарып салды


Облыс орталығында Масленица мерекесі ауқымды түрде аталып өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары дәстүр бойынша Ертістің жағалауындағы амфитеатрға жиналып қақаған қысты шығарып салды.

Жиылған қауымның назарына облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының ұйымдастыруымен арнайы мерекелік концерт ұсынылды. Сонымен қатар түрлі қызық ойындар мен бәсекеге толы спорттық жарыстар, тұрғындардың көңілін марқайтып, дәстүрлі жәрмеңке де өз жалғасын тапты.

– Масленица славяндардың мерекесі болып есептелгенімен, өңірімізде бұл мейрамды атап өтетін этностардың саны жыл сайын артуда. Дәл осындай мерекелік шаралар еліміздегі этностардың айрандай ұюына, ауызбіршілігінің одан ары нығаюына атқарар рөлі зор, – деген облыстық Достық үйінің директоры Эльдар Төлеубеков өскемендіктерді мерекемен құттықтады.

Жалпы, қыспен қоштасу рәсімінің айтпаса да белгілі тағы бір өзіндік ерекшелігі бар, ол – шуақты күнді сипаттайтын тәтті құймақтар. Ертістің жағасына жиналған халықтың көңілінен өтіп жатқан шара ғана емес, дәмді пісірілген құймақтар да шықты. Құймақтан бөлек түрлі тәттілер, онымен қоса шеберлердің қолынан шыққан өнер туындылары мейрамның тұздығына айналды.

– Масленица – ол жаңару мен тазалықтың символына айналған дәстүрлі мейрам. Көктемнің шуақты күндеріне жетелейтін бұл шара адамдарды бір-біріне жақындатады. Түрлі этностардың бауырласып, бірге жүргенін көріп, іштей қуанасың, – дейді қала тұрғыны Гафур Мұкатаев.

Мерекенің соңында әдеттегідей тұлып өртеліп, жиылған әр адам осы бір жалынмен қаһарлы қыстың кетіп, шуақты күндердің келеріне бек сенді.

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Мәдениет

Қысты шығарып салды

Қысты шығарып салды


Орталық саябақта қаладағы Достық үйінің этно мәдени орталықтары Масленица мерекесін тойлады. Мейрамды орыс мәдени ұлттық орталығы мен казактар орталығы, Достық үйінің өкілдері бірігіп ұйымдастырды.

– Біз ынтымақ-бірлігі артқан Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз, – деді Достық үйінің директоры Берік Көпбаев, – сондықтан да барлық шараларды бірлесе атқарғанды жөн көреміз. Өзара сыйластық, әріптестік біздің басты қағидамыз. Орыс халқының Масленица, татарлардың Сабантой, Қазақстан халықтарының бірлігі күні, Жеңіс күні сияқты мерекелерді халық болып атап өтуге және «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер», «Прииртышские напевы» байқауларының ұйымдастырылуына ерекше көңіл бөлеміз. Масленицаны жыл сайын кең ауқымда өткізу дәстүрге айналды.

Масленицада құймақтардың түр-түрі пісіріліп әкеліпті. Славяндарда да ауыз бекітер алдында адамдар көңіл көтеріп, тәтті құймаққа тойып алу керек деген ұғым бар.

– Аязға қарамастан қала тұрғындары мен қонақтары «Қар құрсауы», «Ең жылдам», «Орыс моншасы» конкурстарына қатысып, мерекелік концертті тамашалады, – деді концерттік бағдарламаны жүргізуші Лена Тимофеева, – әрбір семейлік тәтті құймақтан ауыз тиді. Біздің қалада 80 ұлттың өкілдері тұрады, олар осылайша әр мерекені бірлесіп өткізеді.

Қала тұрғындарын және қонақтарды қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова құттықтап, мерекеге қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй, бақыт және сәттілік тіледі. Мәдени шара қысты шығарып салу рәсіміне ұласты.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button