Мәдениет

Ырғызбай әулие кесенесі заманауи рухани кешенге айналды

Ырғызбай әулие кесенесі заманауи рухани кешенге айналды

Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толмақ. Айтулы мерейтой қарсаңында елімізде түрлі шаралар қолға алына бастады. Әлбетте, Қазақ хандығының тарихы – алты алаштың, қалың қазақтың тарихы. Елге қамқор, жұртқа тұлға болған хандар мен хазіреттердің, батырлар мен билердің тарихы. Ұлтқа ұстын болған тұлғалардың бірі – есімі елімізде, әсіресе Шығыс өңірінде ерекше құрметпен аталатын Ырғызбай-ата. Биыл Ырғызбай Досқанаұлының туғанына 245 жыл толады. Жуықта Барқытбел баурайындағы Ырғызбай әулие кесенесіне жол түсті. Бір байқағанымыз, қасиетті орында жазда ғана емес, қыста да кісі үзілмейді екен. Біз барғанда Астана мен Алматыдан да қонақтар келіп жатты.

Өсиет

Ел аузында «Ырғызбай әулие» атанған бабамыз 1787 жылы дүниеге келіп, 1850 жылы 63 жасында қайтыс болған. Қайтыс боларының алдында «Мені осы құба белге жерлеңдер, зиратымды көтермеңдер, ұрпақтарым көтереді» деп өсиет қалдырған екен. Бұл – Барқытбелдің теріскей баурайындағы Күмісті жайлауы деген құйқалы, қасиет қонған жер. Заманында Абайдың әкесі – бала Құнанбайды ауыр дерттен жазып алған атақты тәуіп туралы халық жадында жатталған жақсы лебіз, тылсымға толы әңгіме мол. Ырғызбай – өзі молда, өзі тәуіп һәм әулие кісі болған. Дала зертханасында дәрілерін сайлап, алдын ала өзіне келе жатқан адамды, жанына батқан ауруы мен оның емін біліп отырған. Тарбағатай тауларында өсетін елу түрлі шөптен дәрілер жасаған. Қытай емшілерімен байланыста болып, тәжірибе алмасқан. Бір ерекшелігі, ем-домына ақы алмаған. Аурухана жоқ, ешкім ота жасамайтын заманда Алланың жіберген қасиетті құлы ретінде адамдарға шипасы тиген. Мал әкеліп, ризашылығын білдіргендерге «жетім-жесірге беріңдер, менің міндетім бөлек» дейді екен. Қияметке дейін Жаратушының нұры жауып тұратын жерде адамдардың дұғасы қабыл болады дейді. Міне, сондай қасиет қонған өңірлердің бірі – Ырғызбай басына түнеп, дұға еткен жандардың тілегі қабыл болғанына талай мысал келтіруге болады. Өзі өсиет етіп қалдырғанындай, әулие 1920 жылдары Шыныбай есімді ақсақалдың түсіне кіреді. «Ей, Шыныбай, менің басымда қозы-лақ ойнап жүр, зиратымды көтер, саған Алла тағала береді» дейді. Шыныбай өз күшімен тас тасып, әулиенің жатқан жерінің алғашқы сандықшасын қойыпты. Ал әулиенің мазарын ұрпақтары 1956 жылы көтерген. Он жыл өткен соң мазардың жанында зиярат етуге келушілер қонатын тас үй салыныпты.

Кесене

Таяуда осы қасиетті мекенге жолымыз түсті. Ырғызбай-ата мазары былтыр жазда табиғи қызыл тастан қайта көтеріліп, жаңғыртылған екен. Сондай-ақ, бұл жерде жалғыз мазар емес, тұтас кешен орналасқан. Әулиеге зиярат етушілер сонау қыспаққа толы кеңестік кезеңде де толастамағаны белгілі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері бұл үрдіс жандана түсті. Соңғы жылдары Ырғызбай әулие кешені жаңадан жүргізілген құрылыстар негізінде заманауи зиярат және рухани орталығына айналды. Айталық, өткен жылы жаңа талаптарға сай, ішінде ыстық және суық суы, әжетханасы, кең дәмханасы және бай кітапханасы мен мұражайы бар үлкен қонақүй салынды. Біріккен Араб әмірлігіндегі Заир мешітінің үлгісімен жасалған, қазіргі заманға лайық дәретхана тұрғызылды. Осы құрылыстардың жобасын жасап, зиярат етуші халыққа тегін қызмет етуге өткізіп берген ағайынды Сабуровтардың иелігіндегі «Ағзам» асыл тұқымды зауыты, Сабуровтар әулетінің қазіргі ағасы, елімізге белгілі азамат Бәделхан Камалханұлы екен. Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, «Ел ардақтысы», «Ұлт мақтаны» медальдарының иегері, жайсаң жан өзінің бұл еңбегін сөз ете беруге ықылас білдіре бермейді. Дегенмен журналистердің қойған сұрағына бірде былай деп жауап бергені бар:
– 1989 жылы «Қияндағы ауыл» («Конечная остановка») атты көркем фильм шығып, ондағы өтірік-шынды оқиғаларды, ондағы Ақсуат «ауылының» мыжырайған тамдарын, елдің ұсқынсыз, мәдениетсіз жүріс-тұрыстарын көріп жаным түршікті. Өзім туып-өскен ауылды осынша төмендеткен фильм намысыма қатты тиді. Сөйтсем, фильмдегі сюжеттер, жапырайған тамдар Алматыдан шыққандағы Сарыөзек стансасына жақын, ескі ауылдардың бірінде түсірілген екен. Бірақ болар іс болды. Әлгі фильмді көрген ел «өй, Ақсуатыңды көрдік қой кинодан» деп мысқылдайтынды шығарды. Тіпті, өзге аймақтың жұрты қызын Ақсуатқа ұзатқысы келмейтін болды, соны көзім көрді. Содан қаншама жылдар өтсе де, намысты ой жібермей Ақсуаттың брендіне айналар деп осы Ырғызбай-ата кешенін тұрғызуға жан-тәніммен кірістім, – дейді Бәделхан Камалханұлы.
Бұл туралы кесене шырақшысы тарқатып айтып берді. Ырғызбай әулиенің басына зиярат ете келгендерді шын пейілімен күтіп алып, баба кешенін тап-тұйнақтай таза ұстауға қызмет етіп жүрген Болат Тағабайдың еңбегі ерекше. Шырақшылық міндетін ізгілікпен адал атқарып жүрген Болат Құнанбайұлы қасиетті орынға кездейсоқ келмеген. 1986 жылы әкесі Құнанбай мазардың алғашқы ескерткіш тасын қойған екен. Кеңес өкіметінің кезінде мұндай іс-әрекеттер партия ұйымы тарапынан қатаң шектелетін. Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін Ақсуат ауданының өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген әкесінің есімін де ел-жұрт Ырғызбай әулиенің Құнанбайды емдегеніне орайластырып, ырымдап қойған. Осы әрекетінен әкесінің халық сөзін сөйлеген батыл адам болғанын байқауға болады.
1990 жылы бүкіл ел болып, кесенені ақ кірпішпен қаптайды. Алайда, ширек ғасырдан кейін тозатын силикат соңғы жылдары үгітіле бастаған екен. Осы орайда көп жылдардан бері іштей ширығып, дайындалып жүрген Бәделхан Камалханұлы тәуекелге бел буып, ауқымды құрылысты бастап кетеді.
– Шын ықылас-ниетімен ұрпақтық парызын өтеп жүрген, елге белгілі, ұлтжанды Бәделхан Камалханұлының көмегімен Павлодар жеріндегі Баянауылдан 60 шақырым жерде орналасқан Бірлік ауылынан 25 КамАЗ-ға тиелген тас жеткізілді. Шала піскен гранит – өте құнды құрылыс материалы. Екі жарым мың шақырым жерден тас тасу да оңай емес. Осылайша, Бәделхан Камалханұлы заман талабына сай 70 орындық қонақжай, 250 орындық асхана салды. Кесене құрылысына келсек, бір ерекшелігі алдын ала ешқандай сызба сызылған жоқ. Бабамыздың бұрынғы тастан қаланған зираты сақталды. Жалпы бұл құрылыс Алланың құдіретімен, бабамыздың қасиетімен салынды деуге болады. Өйткені, жұмыс барысындағы шешім де, құрылыс та тез жүрді. Мұндай сәулеттік шешім Шығыс өңірінде кездеспейді. Таң сібірлеп атқаннан күн еңкейгенше ынты-шынтысымен еңбек еткен шеберлер қызыл гранит тасты балғамен ұрып, пішінін келтіріп, бар өнері мен күш-жігерін салып 50 күнде түп-түзу, әдемі етіп қалап шықты. Мазардың жобасы болмаса да, қасиетті сандар ескерілді. Іргетасы жеті қабаттан өрілді. Кесене біткенде Құдайдың құдіретімен үш күмбез шықты. Күн сәулесіне жалтылдап тұрады. Әлбетте, мазарға бала тілеп келетіндер көп. Сәйкестікті қараңыз, кесене күмбезі атасы сияқты, жанындағы тас үйдің күмбезі анасы іспетті болса, мазардың кіреберісінің үстіндегі кішкене күмбез бала сынды әсер қалдырады. Бастапқыда мұндай көрініс шығатынын ешкім білген жоқ. Күмбезді көтеру барысында ойдан ой туып, осы үйлесімді композиция пайда болды. Жалпы, шошақ күмбезді зират шығыс өңіріне тән. Ағаш, темір есіктің бәрі 40-50 жылда тозатын болғандықтан тот баспайтын құрыш болаттан есік қойылды. Кешенге осындай құрылыстың салынуы, қалың елдің толассыз келуі – әулие бабамызға деген халықтың рақметі деп ойлаймын. Өйткені, қысы-жазы кісі үзілмейді. Шетелдерден де қонақтар көп келеді, – деді кесене шырақшысы Болат Тағабай.

Шығыстың мәдени орталығы

Ырғызбай әулие кесенесі заманауи рухани кешенге айналды

Ырғызбай-ата мазары VII ғасырда салынған сәулеттік құрылысымен ерекшеленеді. Мазардың жанындағы тас үй де осы ансамбльді сақтау орайында қызыл гранит таспен қапталғанын байқадық. Сондай-ақ, Ырғызбай әулие кесенесінің жанында әйдік мешіт бой көтерді. Оның кірпіші Хиуадан әкелінген екен. Зәулім күмбезі мен төрт мұнарасы көз тартады. Одан кейін «Дала даналарының кітапханасы» атты кешен орын тепкен. Бүгінде үш мыңға жуық кітап қоры жинақталған кітапханада өте сирек кездесетін кітаптар бар. Оның ішінде көне қисса-дастандар, араб қарпімен, қадымша жазылған Құран-Кәрім және медицина, әдебиет, тарих, халық емшілігі, әулиелік туралы, сондай-ақ, орыс тіліндегі әдебиеттер жинақталған.
– Елбасымыз қазіргі заманда кітап оқу керектігін айтады. Біз жас кезімізде таң атқанша кітап оқитынбыз. Оқыған адам жаман болмайды. Жастарды ой-өрісін өрбіту, интернеттің шырмауынан құтқару үшін де кітапқа баулуымыз керек. Кітапхананы зиярат етуге келген адамның бос уақытын рухани байлық жинау мақсатына пайдаланамыз. Тіпті, мектеп оқушылары да жиі келеді. Мамыр айында маңайдағы аудандардың оқушылары осы жерге жиналады, оқуға түсу үшін зиярат етеді, кітапханада отырып білімдерін жетілдіреді. Бұл дәстүр болып қалыптасты, – деді Болат Тағабай.
Кешендегі ерекше нысанның бірі – «Аманат» мұражайы. Екі қабаттан тұратын мұражайдың ұзындығы 63 метрді құрайды. Бұл – Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құрметіне және Ырғызбай әулие жасаған пайғамбар жасына сәйкестендіріліп жасалған. Қазіргі уақытта мұражайдың бір қабаты түрлі заманның жәдігеріне лық толы. Ерекше коллекционер Болат Құнанбайұлының еліміздің түкпір-түкпірінен, антикварлық дүкендерден, шетелдерден жинаған және кешенге келуші қонақтар сыйлаған екі мыңнан астам жәдігері кез келген адамның қызығушылығын оятады, көңілін сүйсіндіреді. Енді екінші қабатты да толтыруға кіріскелі отырған ол заманның куәсі мен өркениеттің айғағы саналатын құнды дүниелер шет елдерге сатылмай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей, елдің игілігіне қызмет етуі қажет дейді.
Кешенде сонымен бірге, жалпы халыққа арналған 100 орындық қонақжай салынды. 200 гектар аумаққа орын тепкен кешен аумағы абаттандырылып, балалардың ойын алаңына дейін бой көтерді.
– Бұл – рухани орталық. Осы жерге келген адам демалып, ләззат алып қайтса деген ой туды. Үміт етіп келген адамдарды дұрыс қарсы алу, шығарып салу керек. Бабамызды құрметтеп келген адамды біз де құрметтейміз. Зиярат етушілер өз үйіне келгендей болсын деген түсінік қалыптастырдық. Адамдардың ниетінің үстіне құрылған кең дастарқанымыз күндіз-түні жайылып тұрады, – деді Б.Тағабай.

Жетімдерді жебеп отыр

Ырғызбай-ата кешеніне балалар үйінің тәрбиеленушілері жиі келеді. 2004 жылдан бастап балалар үйімен тығыз жұмыс істей бастаған кешен жетім балаларды қамқорлығына алды. Бүгінде Жаңа Шүлбі мен Көкпекті балалар үйінен 10 бала әулие Ырғызбай кешенінің патронаттық тәрбиесіне көшті. «Мейірім» акциясы шеңберінде әр балаға ай сайын 50 мың теңгеден бөлініп, аталған қаражат балалардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшоттарына аударылады. 23 жастан кейін осы қаражат арқылы балалар баспанаға қол жеткізе алады. Бұл – елімізде жетім балаларды болдырмауға бағытталған игі қадам. Одан бөлек оқу маусымындағы демалыстарда тәрбиеленушілер 15 күн сайын кезек-кезегімен келіп, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Түрлі спорттық-мәдени шаралар ұйымдастырылатын және таза ауада сейілдеп, еңбек етіп, жадырап қалатын жерге келуге жарымкөңіл балалардың таласатыны да рас. Бұл орайда олардың тәртібі, оқу үлгерімі назарға алынады екен.

Ырғызбай әулие кесенесі заманауи рухани кешенге айналды

Зиярат етумен бірге тағылымды, тәрбиелік маңызы зор шаралардың орталығына айналған Ырғызбай-ата кешеніне соңғы жылдары білекті де жүректі палуан жігіттер келе бастады. Ақсуат ауылында қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық турнирге қатысуға келген әр елдің палуандары әулиеге тәу етіп, құрбандық шалып, қонақ үйге қонып кетеді. Ырғызбай-ата турнирі – Қазақстан бойынша ФИЛА кестесіне енген тұңғыш турнир. Былтыр бұл жарысқа 13 елден палуандар қатысса, биыл 22 мемлекеттен палуандар келмек. Оны кестеге енгізіп, халықаралық турнирдің жобасын жасап, жылда өтуіне ұйытқы болып жүрген азамат – ұлттық спорттың жанашыры, дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының вице-президенті Бәделхан Камалханұлы. Облыс әкімдігі қолдау көрсеткен аталған турнирге «Қазцинк» кәсіпорны демеушілік көрсетіп келеді. Алты алашқа аты шыққан атақты Молдабай палуан, Шынғара палуан, кеңес заманындағы Марат Имашев секілді белгілі палуандар Ырғызбай әулиенің басына келіп, түнеп кетеді екен. Осы өнегелі дәстүр жалғасын тауып келеді.
Биыл тағы бір ұлттық спортымыз – асық атудан республикалық турнир ұйымдастырылмақ. Бұл бәсеке 25 тамызға жоспарланып отыр.

«Құнанбай» фильмінің тұсаукесері Ақсуатта өтпек

Жақында Ырғызбай-ата кешеніне көрнекті актер әрі режиссер Досхан Жолжақсынов келіп, қызыл тастан өрілген мазарды көріп таңғалыпты. Биыл 20-мамырда Досхан Жолжақсынов елімізде алғаш рет Ақсуат ауылында «Құнанбай» фильмінің тұсаукесерін өткізбек. Жалғыз Д.Жолжақсынов қана емес, мазардың құрылысына, кешеннің сауатты тұрғызылғанына сүйсінбеген адам жоқ. Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов:
– Дүниенің жартысын жаулаған, жиһангер Әмір Темірдің соғыспен емес, түркі жұртының пірі Қожа-Ахмет әулиенің басын көтеріп, Яссауи мазарын салдырып жақсы аты қалған. Осындай игілікті іс атқарып, Ырғызбай-атаның мазарын қызыл тастан көтерткізген Бәделхан Камалханұлының еңбегін зиярат етуші ел, кейінгі ұрпақ ұмытпайды. Бәделханды Шығыс өңірінің Әмір Темірі деп атауға болады, – деп риза болған еді. Атақты Тұрмағамбет ақынның ұрпағы, Кеңес Одағының Батыры, Сыр еліне танымал тұлға Тайымбет ақсақалдың бел баласының осы бір сөзінде шындық жатыр.
Бәделханның елге болсын, жұртқа болсын деп әр жерде жанашырлық танытып жүретінін жақын жолдастары жақсы біледі. Мысалы, Жамбыл облысында қызметте жүргенінде Құлан ауданында, таудың басында жерленген, ертеде өмір сүрген, «Бала есепші» (Әлуфбек-Ата) атанған қасиетті адамның мазарын тұрғызып берген. Оған атаның ұрпақтары өте риза болған көрінеді.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй – сүйінуге жарар ол» деп хакім Абай айтқандай, Бәделхан Камалханұлы жұртқа жақсылық жасауға әзір тұратын, ел сүйінетін ұлт азаматы.
Әлбетте, жоғарыда айтылған баба өсиеті тегін емес. Күмісті жайлауы деп атауында тұрғандай, Барқытбел баурайының ауасы да, суы да шипалы. Әулие мазарының жанындағы Күмістібұлақ суын тиісті мекемелерге тексерткенде көптеген ауруға шипа екені анықталды. Оның үстіне бір жағы Шіліктіден бастап, бір жағы Үржар ханшайымына дейін созылып жатқан сақ қорғандарынан алтын зерлі адамдардың шығуы да жай емес. Бір құпия бүгіп жатқан мекеннің қасиеті мен сырын тани түскен сайын денімізге қуат дарып, санамызға сәуле тарайды.

Думан Нұрланұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button