Қоғам

Ырысы тасыған ынтымақты елміз

Күн санап жасарып, жаңғырып келе жатқан Өскемен қаласы Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында бұрынғыдан да көріктеніп кеткендей. Қаланың орталық көшелері мен алаңдары өзгеше бір түрге еніп, көктемнің шуағына малынып, жайнай түскен. Кеше Өскеменде түрлі мерекелік іс-шаралар кең көлемде аталып өтті. Негізгі шаралар облыс орталығындағы Республика алаңында болды. Биылғы мереке ауқымы бойынша да, ұйымдастырылу жағынан да ерекшелікке толы.

Достықтың символы орнатылды

Ырысы тасыған ынтымақты елмізӨскемендегі «Достық» стеласының ашылуы осы күні өткен ең басты іс-шара болды десек, артық айтқандық емес. Салтанатты рәсімге облыс орталығындағы ұлттық-мәдени бірлестіктердің өкілдері, қала жұртшылығы мен қонақтары қатысты.

– Осыдан жиырма жыл бұрын іргесі қаланған «Достық үйінің» қасында «Достық» стеласы салынып отыр. «Достық үйін» нағыз достықтың, бірлік пен ынтымақтың ордасы деп айтуға болады. Бұл үйде Шығыс Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттың өкілдері өздерінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін жаңғыртып, жалғастыру үшін жұмыс істеуде. Егер осыдан жиырма жыл бұрын облысымызда бір-ақ Достық үйі болса, қазіргі кезде тоғыз Достық үйі, сексеннен астам ұлттық-мәдени орталық қызмет етіп жатыр.

Мен барлықтарыңызды бүгінгі мейраммен құттықтаймын! Ең бастысы, елімізде тыныштық, бірлік, ынтымақ болсын! Қазақстанның көк байрағы желбірей берсін, абыройы асқақтай берсін! – деді ашылу салтанатында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. Осы орайда, аталмыш стеланы Өскеменнің төрінен тұрғызу аймақ басшысының бастамасы екенін атап өткен абзал.

– Бүгін бізде қос қуаныш. Облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолдауы арқасында «Достық» стеласы бой көтеріп отыр. Осы игілікті ісі үшін мен аймақ басшысына алғысымды айтқым келеді. 1 мамыр – Қазақстан халқының ең жарқын мерекесі. Келісімнен, тұрақтылықтан құнды не бар бұл өмірде? – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық Достық үйінің негізін қалаушылардың бірі Лео Шик.

Сонымен қатар, салтанатты шараға келген жұртшылық бір-біріне ескерткіштің достық пен бірліктің айнымас көрінісі екенін айтып, «бұдан әрі де гүлдене берейік» деген тілектерін арнап жатты.

Бұдан соң арнайы капсулаға келешек ұрпаққа жазылған жолдау салынды. Жолдауға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ және облыстық Достық үйіндегі бірлестіктердің төрағалары қол қойған. Капсула облыстық өлкетану мұражайына табыс етілді. Оны жиырма жылдан соң келешек шығысқазақстандықтар алып, оқымақ.

Жаңа сәулет туындысының лентасын қию құрметі аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ пен Лео Шикке берілді.

Алтай төрінде орын тепкен «Достық» стеласының ашылуы көпшілікке қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Оны салтанатты шараға жиналған жұртшылықтың жүздерінен аңғардық.

«Достық» стеласының авторы – өскемендік танымал суретші-мүсінші Владимир Самойлов. Ол қазақтың ұлттық киімін киіп, құшағын ашып тұрған әйел бейнесінен және шаңырақтан тұрады, шаңырақтан жан-жаққа күн сәулелері шашырайды. Композиция биік тұғырға қондырылған. Ескерткіш металл мен шыны пластиктен жасалыпты. Биіктігі – 11 жарым метр.

Стела авторының айтуынша, ол халықтар арасындағы достықтың символы іспеттес. «Ескерткіштегі ең негізгі компонент – шаңырақ. Қазақстанның Елтаңбасында да бар шаңырақ еліміздің бейбітсүйгіш саясатын күллі әлемге әйгілеуде. Жалпы, шаңырақ, менің байқауымша, әлемде қазақтан басқа ешбір ұлтта жоқ екен. Көшпелі саналатын қырғыз, моңғолдарда шаңырақ болғанымен, формасы бөлектеу, сондай-ақ қазақтікі секілді философиялық мән-мазмұнға ие емес. Шаңырақ – бейбітшіліктің, байыптылықтың символы. Ал ана бейнесі береке-бірлік бастауын, отбасы жылуын және махаббатты бейнелеп тұр. Түрлі-түсті сәулелер ортақ Отанымызды мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті тірлігін елестетеді» дейді Владимир Самойлов.

Стеланың орналасқан жері де кездейсоқ емес, облыстық Достық үйінің іргесінен орын тепкен. Атап өтерлік жайт, ол – еліміздегі ең тұңғыш Достық үйі. Осыдан жиырма жыл бұрын бұл Келісім ордасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ашқан-ды.

Еліміздегі тұңғыш Достық үйі бүгінде жиырмадан астам этностың басын қосып, татулық пен достыққа ұйытып отыр. Аманшылық болса, қанатын кеңге жайған Достық үйі үстіміздегі жылдың қарашасында құрылғанының 20 жылдығын атап өтпек. Атап өтерлігі, осы Достық үйінің салтанатты ашылуына Елбасымыз арнайы келіп қатысып, ақжарма тілегін айтқан-ды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шырайлы Шығыстан бастау алған осы құнды тәжірибе еліміздің барлық облыстарына таралды. Стеланың айналасын қоршай гранит плиталар орнатылған, оларға Өскеменге бауырлас қалалардың атаулары ойылып жазылыпты. Олардың жалпы саны – алтау, атап айтсақ, Бурса (Түркия), Каннынг (Корея), Йокнеам (Израиль), Шәуешек (Қытай), Бобруйск (Беларусь) және Барнаул (Ресей) қалалары. Осы шаһарлармен біздің облыс орталығы арасында мәдени және іскерлік қарым-қатынастар орнап, дамып келеді.

Осылайша, жаңа сәулет туындысы егемен еліміздің бейбітшілік пен келісімді ту еткен ішкі және сыртқы саясатын паш етіп тұр. Аталмыш архитектуралық ансамбль Өскеменнің көркіне көрік қосып, қаланың бірегей бір символына айналары сөзсіз.

Берекелі өңірдің жұрты бейбітшілікке тәу етті

Еліміз үшін зор маңызға ие – Қазақстан халқының бірлігі күні жүзден астам ұлыстар татулықтың шаңырағын шайқалтпай ауыз біршілікте өмір сүріп жатқан Шығыс өңірде кең көлемде аталып өтті. Оның ішінде береке-бірліктің ұйтқысы болған облысымыздың орталығы Өскемен қаласында бұл мерейлі мереке ерекше сән-салтанатпен, көтеріңкі көңіл күйде, асқақ рухта тойланды. Мамырдың алғашқы күнінде ұйымдастырылған айтулы шараға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысып, халыққа өзінің ақжарма тілегін жолдады.

Әдеттегідей бұл мереке Өскемендегі Республика алаңында салтанатты шерумен басталды. Алайда бір көңіл аударатын жайт, ұйымдастырылу тұрғысынан өзгешелеу болған бұл жолғы шеруге он бес мыңнан астам адам қатысты. Атап өтсек, олардың қатарында өздерінің ұлттық киімдерін киген этно-мәдени орталықтардың өкілдері, білім беру мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары, өңірдегі іргелі білім ордалары саналған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ бастаған бірқатар жоғары оқу орындарының қызметкерлері және студент жастары, «Қазцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «ТМК» АҚ, «Азия АВТО» АҚ сияқты алпауыт кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, тіпті, керек десеңіз «Пицца блюз» дәмханалар желісінің қызметкерлері де, бұқара жұртқа жақсы таныс «Орифлейм» фирмасының өкілдері де бар. Бұлардың бәрі де «Татулық! Бірлік! Ынтымақ!», «Қазақстан жасасын!» деген ұрандармен алқара аспанды жаңғырықтыра дауыстап, бейбітшіліктің айнымас нышаны іспетті көгілдір көкке қызылды-жасылды шарларды ұшырды. Айтпақшы, мерекелік шеру Астана көшесінен басталып, қаланың біраз жерлерін жүріп өтіп орталық алаңға келген-ді. Шаһар тұрғындары мен қонақтарына думанды көріністі әр жерден тамашалауға мүмкіндік туған. Ұлысты ұйыстырған ұлағатты шараны тамашалаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ мерекелік лебізін былайша жеткізді:

– Кешегі өткен қиын-қыстау замандарда қазақ халқы өзге ұлттардың өкілдерін бауырына басып, бір жапырақ нанын бөліп берді. Сол себепті де қазақ халқын басқа ұлттар қашан да үлгі тұтады, құрметтейді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ егемендік алған күннен бастап көптеген этностар тіршілік ететін еліміздің бірлігін, татулығын, тұрақтылығын, достығын сақтау жолында еңбек етіп келеді. Соның айғағы – жиырма жылдың ішіндегі қол жеткізген жетістіктеріміздің арқасында Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Өздеріңіз күнделікті өмірлеріңізден көріп, біліп жүрсіздер. Біздің тұрмысымыз, әл-ауқатымыз, жағдайымыз күннен-күнге жақсарып келеді. Қазақ елінің айбыны асқақтап, дүниежүзіндегі беделді халықаралық ұйымдардың алдында абыройы арта түсуде. Оның жарқын дәлелі деп соңғы жылдары республикамызда бұрын-соңды ТМД елдерінде болмаған халықаралық жиындардың, Саммиттердің өткізілуін айтар едік. Қазақстанның достығын, татулық пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған саясатын әлемнің көптеген мемлекеттері үлгі тұтады, достық пен ынтымақтастықтың нағыз ордасы атайды. Жақында ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осы мәселелерге тағы да үлкен мән берді. Әсіресе, жастарымыз елдің патриоты болып өсуі керек. Ол үшін жастарға барлық жағдай жасалған. Қазақстанның келешегі жастардың қолында. Сол сияқты облыс аумағында тұратын барлық ұлттардың өкілдеріне өздерінің тарихын, салт-дәстүрін, тілін, дінін сақтауға, дамытуға қолдау көрсетіліп келеді. Еліміздегі ең бірінші этноауылдың Өскеменде құрылуы да осы игі мақсатты көздейді. Достық пен ынтымақ болмаған жерде тұрақтылық болмайды, ал тұрақтылық салтанат құрмаған елде даму жоқ. Біз осыны ұмытпауымыз керек!

Облыс Әкімінің құттықтау сөзінен кейін Шығыс Қазақстанның тарихи, мәдени мұраларын сақтап, дамыту мақсатындағы облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Шығыстың жеті кереметі» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. «Мәдени немесе тарихи нысан» аталымы бойынша Ақбауыр астрономиялық кешені ұсынысының авторы Иван Гремов, «Бірегей табиғи нысан» аталымы бойынша Катонқарағай ұлттық саябағы ұсынысының авторы Берікбол Хасенов, «Бірегей дәстүрлер, оқиғалар» аталымы бойынша Семей ядролық полигонының жабылуы ұсынысының авторы, әріптесіміз Мұратхан Кенжехан және басқалары арнайы сертификаттарға, сондай-ақ бір жыл бойы мәдени, мерекелік іс-шараларды тегін тамашалауға мүмкіндік беретін куәліктерге ие болды.

Бұдан кейін орталық алаң төріне тігілген кең сахнада әнші-бишілердің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаларға кезек келіп жетті. Әр ұлттың өкілдері жиналған жұртшылыққа ән мен жырдан шашу шашып, бар өнерлерін ортаға салды. Шығыс өңірінде өмір сүріп жатқан жүзден астам этностардың мәдениеті бір сахна төрінде тоғысты. Қазақ еліндегі мызғымас татулық пен мұқалмас достықтың шынайы көрінісі деп осыны айт! Қала тұрғындарына шат-шадыман қуаныш сыйлаған мерекелік концертте жергілікті өнер ұжымдарымен бірге сонау Алматыдан арнайы ат терлетіп келген Қазақстан эстрадасының жұлдызы Нұрлан Абдуллин өз өнерін паш етті. Тыңдарман қауымның қошемет, қолдауын сезінген әнші әрбір әнін ерекше ықыласпен, шабыттана шырқады. Сонымен қатар А.Кәкиев пен Е.Ложкина алаштың әнұранына айналған «Атамекенді» әуелетсе, А.Нұрғожина «Бұлбұл», Б.Маукенов «Бақытты бол» әндерін нақышына келтіре орындады. «Ладушки», «Русская песня», «Яшлык», «Бастеньки» сынды ансамбльдердің өнерпаздары да көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Осы күні орталық алаңға ағылған халық патша көңілдері қалаған шараларды тамашалауға мүмкіндік алды. Алаңда концерттік бағдарламадан бөлек, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, әртүрлі ойындар өткізілді. Қалалық саябақтар мен Өскеменнің шағын аудандарындағы субұрқақтардың ресми түрде ашылу салтанаты да дәл осы Бірлік мерекесіне орай өткізілді. Күн еңкейіп ұясына батар шақта Республика алаңында «Экстази» би тобының есептік концерті шымылдығын түріп, жастарға есте қаларлықтай тамаша кеш сыйлады.

* * *

Семейде Қазақстан халқының бірлігі күні кеңінен аталып өтілді. Орталық алаңға жиналған халықтың санында шек болмады. Мұнда түрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдері жиналып, әкімшілік ғимараты мен Абай театры алдынан сонау Ертіс жағалауына дейін мерекелік көңіл күйді шарықтатты.

– Еліміздің экономикасы дамып, мәдениетіміз өрлеп келеді, – деп бізбен пікірін бөлісті мейрамға келген қаладағы «Тацемания» клубының бишісі Лера Самойлова. – Ең басты құндылығымыз Тәуелсіздік деп Елбасымыз айтқандай, сол құндылықты қастерлеу – баршамыздың қасиетті парызымыз. Алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізде барша ұлт өкілдерінің үлесі бар.

Шынында да осынау айтулы мерекені көтеріңкі көңіл күймен қарсы алуға толық негіз бар деуге болады. Биыл семейліктер жылы үйде отырды, қыстан қысылмай шықты. Еліміздің өркендеуімен бірге қала экономикасы да ілгерілеу үстінде. Бейбітшілік пен татулықтың арқасында еліміздің шығар биігі алда екендігі дәлелденгендей.

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен жұртшылықты қала әкімі Айбек Кәрімов құттықтады.

– Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі – еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісім болып табылады. Сондықтан да елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл “Бірлік бар жерде – тірлік бар” деген даналықты басшылыққа алған халқымыздың ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде ғана ынтымақты өмір болатынын жете ұғынғандығының арқасында мүмкін болып отыр. Қазақстанда, соның ішінде Семей қаласында да достық пен бірлікті нығайту сөз жүзінде қалмай, күнделікті іс-әрекетімізде басшылыққа алынған.Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! – деді ол.

Осылайша бір шаңырақ астына жиналған семейліктер татулығы жарасып, мерекеге келген барлық адамдарға, қала қонақтарына қуаныш сыйлады. Орталық алаңда мерекелік концерт қойылып, этно-мәдени орталықтардың қолөнер көрмесі, балаларға арналған ойын бағдарламалары, мерекелік сауда қызу ұйымдастырылды. Ал қаладағы «Жаңа Көктем» базарының алаңында қазақ халқының ұлттық ойындарын насихаттау мақсатында этнографиялық ауылдың ашылу рәсімі өтіп, онда киіз үй, алты бақан, асық ойындары, тоғыз құмалақ, дойбы, ләңгі, шахмат сияқты ойындар ойналып, келген жұрт бір серпіліп қалды. Кешке қарай қалалық Мәдениет сарайында Санкт-Петербург қаласының опера театрының «Веселая вдова» атты опереттасы болып, зал көрермендерге лық толды. Ал халық көп жиналатын Орталық мәдениет және демалыс саябағында мерекелік концерт өтіп, онда жергілікті өнер иелері өздерінің әсем әндері мен жырларынан шашу шашты.

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында, елді мекендерде көтеріңкі көңіл күйде өтіп, қалың жұртшылық елімізде салтанат құрған ұлы достықты ұлықтады.

Ержан Әбіш,
Серік Әбілхан,
Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button