Білім

Қырық төрт оқушы тегін оқитын болды

Қырық төрт оқушы тегін оқитын болды

Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-гимназияда ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. I, II, III дәрежелі дипломға ие болған 44 оқушы еліміздегі жоғары оқу орындарына қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына конкурссыз қабылдану бақытына ие болды.
Кенді Алтай баурайында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ең талапты деген оқушылар үш күн қатарынан бақтарын сынаған болатын. Ұйымдастырушылардың айтысына қарағанда, Қанипа Бітібаева атындағы олимпиаданың талаптары мен шарттары жылдан-жылға күрделЕне түскеніне қарамастан, ана тілімізді ту етіп, ұстаздық жолды таңдаған жастарымыз әлі де баршылық екен. Қазылар алқасын қатысушылар тек сайыс шарттарын орындап қана қоймай, сонымен қатар шырайлы Шығыс жерін, Қазақтың Қанипасын балауса жырларына арқау етіп, қолма-қол өлең жолдарын төгілткендерімен тәнті етті.
Жер-жерден үкілі үміттерін арқалап келген жасөспірімдер жарыстың қорытындысын тағатсыздана күтті. «Тіл шебері» аталымы бойынша астаналық тоғызыншы сынып оқушысы Аида Қамашева жеңімпаз атанса, Батыс Қазақстан облысынан келген он бірінші сынып оқушысы Әнел Ғиззат пен шығысқазақстандық Мәдина Қамарбекова «Сөз зергері» атанды. Батыс Қазақстанның тағы бір өкілі Әсем Сапарғали «Үздік әдебиетші» аталымына лайық деп танылды. Ұлағатты ұстаздың шәкірттері атынан әзірленген сый-сияпатқа тарбағатайлық Әли Бекмұхамбетов, оҢтүстік Қазақстаннан Айару Тәңірбергентегі мен астанАлық Кәмилә Иманғалиева ие болды. Сонымен қатар Қанипа Бітібаеваның әулеті атынан ақшалай сыйлық пен «Қазақтың Қанипасы» кітабы тағы үш оқушыға тапсырылды.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада Білім және ғылым министрлігінің тізбесіне алынып, бұдан былай дипломдармен марапатталған балалар ҰБТ-ның қорытындысы бойынша 70 балл жинағанда, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына конкурссыз қабылданатын болған. Бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған алматылық Жансая Мыңбаеваның көзі қуаныштан шылауланып кеткенін байқаған едік.
– Мен қаншалықты бақытты екенімізді сөзбен жеткізе алмаймын, – дейді толқыған оқушы. – Олимпиадаға алғаш рет қатысып тұрғаныммен, мұғалім болуды бала кезімнен армандайтынмын. Енді, міне, сол арманыма жетуіме мүмкіндік бергендері үшін бәріне алғысымды айтамын.Ұстаз болудан артық мәртебе жоқ деп білемін.
Қазақ тілі мен әдебиетінен үздік көрсеткіштерге қол жеткізген тағы бірнеше сайысшыларға республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының арнайы грамоталары тапсырылды. Олардың арасында Алматы облысының өкілі Аяулым Өнербай, Батыс Қазақстаннан Дельфина Сүлейменқызы, қостанайлық Бекзат Нағашыбай бар.
Маңғыстаудан келген оқушы Бекнұр Аминов бірегей ұстаз, еліміздің аяулы қызы, қазақ тілінің жанашыры Қазақтың Қанипасына арнаған арнауын төгілтіп, Хан апамыздың әр облыста жаққан алауы бүгінде лаулап, ана тілін, Абай әлемін дүниежүзіне паш ете беретінін тағы бір дәлелдеді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button