Қыруар қаржы бөлінетін бұл саланың жұмысы қашан алға басады?
Облыстың білім саласы өткен жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша алдыңғы үштіктен 12-ші орынға бірақ табан тіреді. Ағарып алдан көрініп жүрген облыс білімі үшін бұл омақаса құлағанмен бірдей болғаны рас еді.
Соған қарамастан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ арнайы қатысқан білім саласы басшыларының кеңейтілген коллегиясында баяндама жасаған облыстың бас мұғалімі Мәдениет Ахметова бар жақсылықтарды жіпке тізе сөз саптағаны бар. Салаға есепті жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 9 миллиард теңге көлемінде қаржы артық бөлініпті. Ал мектепке дейінгі білім беру саласында ілгері басушылық бар. Есепті жылы өңір бойынша 34 балабақша ашылды. Алайда, мәселе барлық дерлік мектеп жанынан ашылып, жұмыс істеп жатқан шағын орталықтарда болып отыр. Өйткені, оларда балалар бар-жоғы 2-3 сағат қана айналысады. Осындай жақсы тұстарды екпіндете баяндаған М.Ахметованың сөзін облыс Әкімі бөлді.
– Бірде-бір бала игілігін көре алмаса, біз неге бірталай білім мекемесінде электрондық тақталар орнатып, Интернет жеткізіп, әуреленіп жүрміз? Мен аудандарға іссапармен барған сайын мектептерге бас сұғамын. Сонда байқайтыным, ол тақталардың бос тұратыны. Басқарма оларды тиімді пайдаланып, белгілі бір тақырыптарға онлайн конференциялар мен интерактивті сабақтар өткізуге болады ғой. Тіпті, өңіріміздегі екі НАЗАРБАЕВ мектебі мен екі түрік лицейін сондай салиқалы семинарлар өткізу орнына айналдырудың не қиындығы бар? – деді аймақ басшысы.
Айтты-айтпады, білім басқармасы біраз шаруаның басын қайырған сияқты. Соның біреуі облыс оқушыларының компьютермен қамтылуы. Мәдениет Ахметова дерегі бойынша, бүгінде барлық мектеп бұл заманауи құралмен қамтылған. Нақты дерек керек болса, міне: тоғыз балаға бір компьютерден айналады! Амал не, олардың тең жартысы қазірде қоқысты аңсап тұр, яғни, пайдалануға жарамсыз. Бұл ақталудың жолын тағы да Әкім кесті.
– Біз жаңа мектептер салған кезде оған тиесілі дүниенің бәрін, тіпті, құралдар алынатын елді де сметалық жобаға кірістіреміз. Ал оларды алуға келгенде не сапасызын, я болмаса, мүлде қолданыстан шығып қалғандарын сатып аламыз. Содан арада жыл айналмай олар істен шығады да, тағы жаңа алуға мәжбүр боламыз. Меніңше, бұл мәселеде қала, аудан әкімдерімен бірлесе жұмыс істемесе, жағдай оңалмайды, – деді аймақ басшысы.
Соңғы 3-4 жыл көлемінде аймақ басшысының ұйтқы болуымен іске асып келе жатқан игіліктің бірі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Дегенмен, өңіріміздің аудандарында осы бағдарламамен ауылдарға келген жас мамандарға төлемақы төлеуде керенаулық басым. Сондай-ақ, білім саласында коррупцияның да айылы жиылмай келеді. Ал жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жағы мүлде сын көтермесе, үйде оқитын мүгедек балалардың халі тіптен мүшкіл. Туралап айтқанда, олар мүлде назардан тыс қалған деуге негіз бар. Ал кәсіптік білім беру саласының сын көтермейтінін қайталап айтудың өзі ерсі сияқты. Әлі күнге уақыт талап етіп отырған мамандықтарға оқыту мәселесі оң шешілмеуде. Жыл өткен сайын қаражатпен қамтылуы өсіп келе жатқан білім саласы ел күткен биіктен көріне алмай-ақ отыр.
Бұлардың бәрінің қырын кетуі ең алдымен әдістемелік көмектің нашарлығынан ба деп қалдық. Мұны өз сөзінде облыс Әкімі ерекше атап өтті.
– Біз облыс бюджетінің 35-37 пайызын білім саласына береміз, салынып жатқан нысандардың да тең жартысына жуығы білім мекемелері. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің материалдық базасын нығайтуға ғана бір миллиард теңгеге жуық қаржы бөлдік. Сонда көріп отырған нәтижеміз қандай? Біз ең бастысы, нақты позицияны жоғалтып алғандаймыз, – деді аймақ басшысы. – Сондықтан білім саласы басқа басқармалармен бірлесе жұмыс істеуге ден қоюы керек.
Облыстық білім басқармасы тарапынан нақты сараптама-талдау жасалмай отырған тағы бір мәселе, жоғары оқу орындарына түскен студенттердің қандай мамандықты қалағаны және ол мамандық студенттің өскен ортасында қаншалықты қажет екендігі туралы дерекпен айналыспау сияқты. Бұл мәселенің аса көкейкесті екендігін, сондықтан да деректі талдау жасау керектігі турасында облыс басшысы бұдан үш жыл бұрын тапсырма берген болатын. Алайда, арада отыз алты ай өтсе де, бұл шаруа орнынан жылжыған жоқ. Осындай елемеушіліктің салқыны жоғары білім алған жас мамандардың жұмыспен қамтылуында өзіндік проблема қалыптасуына жол ашып отыр.
– Дәл осы мәселенің бетін оңға беруіне негіз болатын бір нәрсені айта кетейін. Мен өткен жылы НАЗАРБАЕВ университетінде білім алып жатқан жерлес-студенттермен кездескен едім. Олардың жергілікті жерлеріндегі мектеп оқушыларымен кездесуін өткізуге ден қойып, солардың қаншасы өскен ортасында қызмет етуге келгенін білген бір адам бар ма? Олармен не байланыс орнамаған, не бір мүдделілік жоқ. Бастап берген шаруаны жөнімен жалғастыруға болады ғой.
бақылау департаменті не үшін қажет?
– Бүгінде аймағымыздағы колледждерде 10 мың студент сырттай оқиды екен. Жоғары оқу орны емес, колледждерде бұлай оқыту арқылы қандай негізді білім беруге болады? Санаға сыймайтын нәрсе ғой бұл, – деген Бердібек САПАРБАЕВ өз түлектерін жұмысқа орналастыруда жоғары көрсеткішке қол жеткізген колледждерді материалдық жағынан қолдау мәселесі жалғаса беретінін де жеткізді.
Жыл он екі ай көлемінде атқарылған істерді мұрнынан тізгендей етіп, мөлдірете баяндаған облыстық білім басқармасының бастығы М.Ахметова балалардың жаз мезгілінде демалуы 97 пайызға жетті деген ақпаратты көлденең тартқан. Біз басшының бұл сөзінен оның мектеп жанындағы лагерьлерде демалған балаларды да қоса айтқанын ұққамыз. Осы тұста оған облыс басшысы:
– Сіз бұл цифрларды келтіріп, кімді алдағыңыз келіп тұр? Қала сыртында лагерь салу мәселесі көтерілгелі неше жыл болды, ал іске асқаны шамалы. Көкпекті ауданынан басқа ешбір аудан бұл шаруаны қолға алған жоқ. Табиғаты тұнып тұрған аймақтарда баланың демалысын мәнді ететін бірде-бір лагерь салмау, сөйтіп, өз балаларымыздың тым болмаса жазғы демалысын жөнімен ұйымдастыра алмау қандай шеңберге сыяды? – деп төтелей сұрақ қойды.
Соңғы жылдары қала мен ауыл баласының игілігі үшін бірталай спорт нысандары салынғаны белгілі. Ал қазір олардың үштен бірі ғана пайдаға жарап отыр. «Осыдан келіп, балалар бос уақытын тентектік жасауға жұмсайды. Білім саласымен қатар, бұл жерде құқық қорғаушылар да өз жауапкершіліктерін ұмытпауы керек» деп атап өтті бұл турасында аймақ басшысы.
Десе де, балаларды еңбекпен баулуда атқарылып жатқан іс-шаралар да жоқ емес екен. Мәдениет Ахметованың айтуынша, қазір бұрынғы жас тимуршылардың рөлін атқаратын жасұландықтар мен жасқырандықтар командасы барлық мектептерде бар көрінеді.
Жас баланың зейінді де еңбексүйгіш болуына бірден-бір әсер ететін ардагерлер екені даусыз. Олардың әсіресе, жас буын өкілдерін патриоттыққа тәрбиелеу жұмысына қосып жүрген үлестері мол-ақ. Осы тұста облыс Әкімі аға буын өкілдерін ешқашан ескерусіз қалдыруға болмайтынын да айтып өтті.
Келелі басқосу барысында сөз алған Өскемендегі О.Бөкеев атындағы №44 лицейдің директоры Таңатқан Түменбаев білім саласының аяғына тұсау болып отырған бірегей мәселенің бетін ашты.
– Елбасымыз дәрігер елді емдеумен, мұғалім балаға толыққанды білім берумен шұғылдануы керектігін үнемі айтып келеді. Ал біз негізгі міндетімізді ысырып қойып, жоғарғы жақтың нұсқауы бойынша күнұзақ керек-керек емес қағаздарды толтырумен келеміз, – деді ол ашына. Бәріне ортақ дүние болғасын ба, оның бұл сөзін басқосуға қатысушылар қызу қолдай жөнелген.
Жоғарыда сөз болғандай, үнемі есеп талап ететін органның бірі білім саласын бақылау департаменті екенін біреу білсе, біреу білмес. Содан ба екен, есепті жыл ішінде 900-ден астам білім мекемесі тексерілгенін және олардың бірсыпырасында кемшіліктер орын алғаны белгілі болғанын алға тарта сөйлеген департамент директоры Бағлан Данияров бірден сын найзасына ілікті.
– Сіздер білім басқармасының шаруасын тура мәнінде қайталап келесіздер және жыл ішінде тындырғандарыңыз да шамалы, – деді оның тізбелей сөйлеген сөзін бөлген облыс Әкімі. – Өздеріңіз кемшіліктерінің бетін ашқан колледждер мен лицейлерге лицензия берген де өздеріңіз емессіздер ме? Олардың қызметі талапқа сай емес екен, онда лицензияларын қайтып алыңыздар. Сөз реті келгенде айта кетейін, қазір не көп, департамент көп. Ол орган экономикада да, денсаулық саласында да, енді міне, білім беру құрылымында да кездесіп отыр.
Кеңейтілген коллегия жиынында тағы бір орнымен көтерілген мәселе патронаттық тәрбие мәселесі болды. Облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің деректеріне қарағанда, мемлекетке жанары жасты жетімді арнайы мамандандырылған мекемелерде тәрбиелегеннен гөрі патронаттық отбасыларында тәрбиелеген әлде қайда арзанға түседі екен. Алайда, біраз уақыттан бері балаларды мұндай тәрбиеге алуға тек педагогтық білімі барлар ғана қақылы болып отыр. Ал жетімдер үйлерінің басшылары мұндай үрдіс түбірімен дұрыс еместігін дабыл қаға мәлімдеуде.
– Бұл мәселеде біздің облысымызда үлгі етерліктей отбасылар бар. Қаншалықты тамаша болса да, ешбір балалар үйі баланың бауыр басып, мол тәрбие алатын үйіндей бола алмайды. Біз бұл турасында, дәл осы мәселе бойынша Үкіметке нақты ұсыныс жасайтын боламыз, – деп атап өткен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевқа тапсырма берді.
Білім саласының екі аяғын тең баса алмауына себепкер болып отырған осындай көптеген жайларды деректеген облыс Әкімі сөзінің соңында аймақ бойынша шағын комплектілі мектептердің балаларын орналастыру үшін қанша интернат керектігін сұрай келе, қазір Шемонайхада интернат үйі салынып жатқанын, ол іс жалғасатынын айтып, балалардың қауіпсіздігі мен толыққанды білім алуы жолында барлық шараны ойластыру керектігін көлденең тартты.