Мәдениет

Қыран самғап Барқытбел баурайында…

Қыран самғап Барқытбел баурайында...


Алатау мен Қаратаудың, Алтай мен Көкшенің, Ұлытау мен Оралдың құзар шыңдарынан түлеген мұзбалақтардың томағасы Барқытбел баурайында тартылды.

Үржар ауданы, Бестерек ауылында өткен аспан серілерінің республикалық ХІІ қансонарын ұйымдастырушылар Астана қаласының 20 жылдығы мен ауданның 90 жылдық мерейтойына орайластырыпты.

Аудан маңайындағы ауылдардан таңбозынан атқа қонған жергілікті жұрт Бестерек ауылының қасындағы бәйгетөбеге жиылды. Түлкі тымақ пен қасқыр ішік киіп, саптамасына насыбай шақшасын тықылдата жүріп тұғырдағы бүркіттерге көз қыдыртқан қазақы шалдардың қасынан тайға мінген қара домалақтар қалар емес. Жаныңды жадыратып, өткеніңіді еске салар сондай жылы, сондай таныс көрініс. Тұғырларда зар күйіне келіп отырған қырандардың піштәгі мерейіңді өсіріп, рухыңды жаңғыртады. Қар үстіне тігілген ақшаңқан киіз үйлерде берекелі елдің, мерекелі қазаны қайнап тұр. Талай күннен бері тағынан таймаған қаһарлы аяз да қазақтың осынау бір ұлы шаттығына мейірлене қалғандай, жиналған жұрт үшін сондай жайлы болды.

– Тәуелсіздігіміздің арқасында төл өнеріміз тұғырға қонып, қайта түлеп отыр. Мұның бәрі Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласына саяды. Мұндай ұлттық спорттың республикалық сайысы өңірімізде өткені біз үшін үлкен мәртебе. Осы орайда жарыстың өтуіне күш салып, ауданымызда өнердің осы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген Тәттімбет Кәпұлы сынды азаматтарға алғысымыз шексіз. Біз аудандық білім бөліміен ақылдаса отырып Көкөзек орта мектебінде бүркітшілердің арнайы сыныбын аштық. Республикалық «Алтын тұғыр» жүлдесінің иегері Тәттімбет Кәпұлын ауданның құрметті азаматы болуға ұсынып отырған жігіттер бар. Мен ұлттық спортты дамытып жүрген осы азамат аталмыш құрметке әбден лайық деп есептеймін. Және жарыстың өтуіне мұрындық болған Қанат Сүлейменов бастаған кәсіпкер азаматтарға алғысымды айтамын, – деді ауданы әкімі Серік Зайнулдин байқаудың ашылу салтанатында.

Қыран самғап Барқытбел баурайында...

Тұғырдағы томағалы қырандар сілкінді… той басталды. Бүркіт пен қаршығаны, сұңқар мен ителгіні қолға қондырған аттылы-жаяу құсбегілер өз командасының қатарында көрермендердің алдынан өтті. Байқауда Алматы мен Астана қаласынан, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарымен қатар Үржар ауданының командасы бақ сынады. Аталмыш ауданның бөлек команда болып қатысатын жөні де бар. Өңірдегі ұлтжанды азаматтардың арқасында бұл байқау мұрнағы жылы тағы да өткен осы ауданда.

– Біз Шығыс жеріне осы сайысты өткізу үшін қатарынан үш жыл келіп тұрмыз. Келесі жылы бұл байқауды осы ауданда халықаралық деңгейде өткізсек деген ұсынысым бар. Егер өтіп жатса біздің тарапымыздан да үлкен қолдау болады деп үміттенемін, – деді Қазақстан Республикасы ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-призденті Ерлен Оспанов.

«Атан өлсе сойылар, атам өлсе қойылар, дәл осындай қансонар, күнде қайдан табылар» деп атына мініпті ғой, бір аңқұмар жігіт. Бұл сөзді құсбегіліктің сиқыр сезімі арбағандықтан айтса керек. Жаңағы 10 облыстан келген 39 құсбегінің барлығында қансонарға деген мұндай махаббаты бар ма белгісіз, бірақ бір білеріміз барлығы өзінің құсының қанжығасын қандарына сенімді.

Тұғырға тұяғын жаныған қырандар әуелгі кезекте «шақыру» кезеңінен сынға түсті. Тұрғыдан томағасы тартылған қыран шақырымға жуық жерде тұрған иесінің қолына барып қонуы керек. Жарықтық көк аспанға тілене көтерілгенде қазақ туы желбіреп тұрғандай күй сыйлайды ғой, адамға. Бейне үкілеп қосқан жүйрігің маңдайы жарқырап аламанның алдында келе жатқандай тебірентеді адамды. Солай, көрермендердің қанын тулата самғаған қырандардың бәрі шақырудағы ұпайының шып-шырғасын шығармады деуге болады. Аспан серісін адам тіліне көндірген құсбегіліктің құдіретіне таңдай қақтық.

Қыран самғап Барқытбел баурайында...

Екінші айналымда қырандар шырғаға түсті. Арнайы жіберген атты адамның артындағы аң тұлыбын көздей ұшқан балақбаулы бүркіттердің көбі осы айналымда сыр берді. Сонымен соңғы айналымға 12 құс қана өтті.

– Ересектер арасында өтіп жатқан бұл байқаудың деңгейін өте жоғары деп бағалауға болады. Ұйымдастырушылардың да, қатысушылардың да дайындығы жаман емес. 12 бүркіт жартылай сынға өтіп отыр. Жеңімпаздарға Қазақстан Республикасының спорт шебері деген атақ қоса берілетін болады. Жалпы Шығыс өңірінде бұл спорт түрі жақсы дамып келеді. Биыл осы өңірде «Шығыс Алтай құсбегілер» федерациясы құрылды. Президенті осы өнердің жолында тер төгіп жүрген Тәттімбет Кәпұлы болып сайланды. Қазір атқарып жатқан істеріне кісі қуанарлық, – дейді Мәдениет және спорт министрлігінің саятшылықтан аға жаттықтырушысы, байқаудың бас төрешісі Базарбек Күнтуғанұлы.

Бұл күні құсқұмар жұрт ителгі, лашын, қаршыға сынды қыран құстардың да өнерін тамашалады. Бүркітіне арлан, қаршығасына қарсақ ілгізіп марқаятын бапкер елдің көк жүзіндегі көріністерге көз мейірі қанғандай болды. Томағасы тартылған ителгі шырқау көкке көтеріліп бір орында қатты да қалды. Дәл сол сәтте дайындап қойған көкаршын ұшырылды. Сонау көктен ыра құлдилаған ол атқан оқтай келіп тепкенде, көкаршын ақ қарға қызыл сиясымен тағдырының соңғы нүктесін қойды. Бұл Алматы облысынан әкелінген ителгінің көрсеткен өнері еді.

Қыран самғап Барқытбел баурайында...

Жалпы құс көтерудің қызығы мен қасиетін қырық жылға жуық бүркіт салған ардагер құсбегіден сұрадық.

– Мен 2008 жылы Үржар ауданына Қытайдан көшіп келдім. Жеті жасымнан әкеме ілесіп құс салдым. Маған жеті атадан жалғасқан өнер. Ол жақтағы құсымды паспортын жасатсам да шекарадан өткізе алмадым. Осы жаққа келгесін жергілікті әкімдіктің қолдауымен қайта құс ұстадым. Жалпы бүркіт өте киелі жануар. Ең қысқа айтқанда бүркіт ұстап отырған үйдің бала-шағасына тұмау тимейді, – дейді Қайдар Нұғым.

Екінші күні соңғы айналымға шыққан бүркіттерді қоянға салды. Бір қуанарлығы бүркітшілердің дені жастар. Жас болса да құс төресінің тілін тапқан әбжіл құсбегілер. Екі күнге созылған жарыстың ұпай саны бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Нұрғали Әлиқұловтың «Ботакөз» есімді қыраны топ жарды. Байқау кубогімен қоса ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Екінші орынды Үржар ауданының намысын қорғаған Қайдар Нұғымның «Сарытірнегі» еншіледі. Ал үшінші, төртінші орынды Алматы облысынан келген Елтай Мүптекеевтың «Дауылы» мен тағы бір үржарлық құсбегі Тәтімбет Кәпұлының «Көкшегірі» қанжығалады. Жүлдегерлермен қатар, барлық қатысқан командаларға ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйақы берілді.

Иә, екі күн бойы Барқытбел баурайында тастүлектер мен мұзбалақтар самғады. Алтын күнге жанары шағылған көк аспандағы қыранмен бірге Үржар елінің рухы асқақтады…

Бейсенғазы Ұлықбек
Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button