Аймақтар аухалы

Қымызы бал татиды

Қымызы бал татиды
Аудан бойыша 28 мыңға жуық жылқы өсіріліп, жылына 1 200 тонна көлемінде қымыз өндіріледі. Ал маусым кезінде күніне бес-алты тонна қымыз өндіріліп сатылуда. Өңірдегі қымыз өндірумен айналысатын 62 шаруашылық өткен жылы үкімет тарапынан 84 миллион теңгеге жуық субсидия алды.
Табиғаты сұлу, жануарлар мен өсімдіктердің түріне бай, Бұқтырма өзені мен Алтай тауларының ортасында шағын ғана Еңбек ауылы орналасқан. Осы ауылдың шетінде Базархан Маликов отбасымен ата-баба дәстүрін жалғастырып, бие сауып отыр. Келген қонақтарды қазақы дәстүрмен қарсы алып, жылы қабақпен балдай қымыздарын ұсынады.
Ауылдастарының айтуынша, Базархан мен Эльмира – қымыздарының дәмділігімен Катон өңіріне танылған отбасы. Базархан осы ауылдағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкелерінен ерте айырылған, 11 баланың кенжесі. Мектепте орта білім алған Базархан 1984 жылы әскери борышын Қиыр Шығыста өтеп келгесін Өрел кеңшарында еңбек етті. Кейін Семей қаласындағы тері өңдеу техникумынан білім алды. 1990 жылы Эльмира екеуі отау құрып, бүгінгі таңда үш бала тәрбиелеп отырған жайлары бар.
Базархан 2008 жылы «Бірлестік» деп аталатын жеке шаруашылық құрып, мал өсірумен айналысады. Тарбағатай учаскесінде 250 гектар жайылым жерлері бар. Осы аралықта шаруашылықтың қыр-сырын жетік меңгерген Базархан қолына алған кәсібі жайында ой бөліскен.
– Біз биелерді таңғы сағат алтыдан бастап байлап, кешкі сағат сегіз-тоғыздарда ағытамыз. Өзім бар, ұлым мен Эльмира үшеуіміз сауамыз. Сауын уақыты екі сағат сайын қайталанып тұрады.
Әр сауын сайын күбідегі сүтті пісіп, саумалды құямыз. Ал кешке жылқыны босатып жайылымға жібереміз. Қымыз дәмді, сапалы болу үшін оны жиі-жиі піскен дұрыс.
Жыл сайын Астана мен Алматыдан, Өскемен мен аудан тұрғындары тарапынан «Қымыз сатып аламыз!» – деп ниет білдіргендердің саны көбейіп келеді. Негізі, ауылды жерлердегі біз сияқты көптеген отбасы табыс тауып, өз кәсібін дөңгелентіп отыр. Менің балаларым да биені қалай сауып, қымызды қалай дайындау әдістерін толығымен меңгеріп алды. Негізі, болашақ ұрпақ ата-бабамыздан қалған дәстүрлерді үйреніп, одан әрі жалғастырғаны дұрыс деп санаймын, – дейді ол.
Алдағы жоспарларымен бөліскен Базархан болашақта округте туризмді дамытуға да өз үлесін қоспақшы. Ол үшін жол бойында атпен серуендеу, саумал және қымыз сату арқылы ауылдық туризммен де айналыспақ.

Тұрсынхан Базарбаев,
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button