Қымызмұрындық қандай еді?..
Бозамық мамыр. Бозторғай шырылдаған бозала таң. Бозға жайылып, бұлақтан су ішкен бие биебауға байланды. Сексеуілдің шоғына күйдірілген қыш көзелер мен көнектер гүрп-гүрп етіп, саумалға толды. Ел қымызмұрындыққа қам жасап, күбініп жатар. Иә… бұл бір ескілеу сурет. Бірақ неге жаңармасқа? Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығына осы дәстүр жаңғырады деп барғанбыз.
Көктемгі күн еңкеюге таяғанда қалалық жұрт музей алдындағы саябаққа жиналған. Көне көкіректері әлденені тамсап келген қариялар қатары басым еді. Саябақ ортасындағы сахнадан күмбірлі күй әуелегенде жұрт түгел сол жаққа топтасты. Қаладағы «Мұрагер» сыныптарының бала күйшілері екен Өскемен аспанын домбыра әуеніне бөлеп жатқан. Осыдан кейін де өнерпаздар бір-біріне есе бермей әнін шырқап, биін билеп жатты. Олардың қатарынан ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің шәкірттері, Назарбаев зияткерлік мектебі мен тағы басқа қала мектептерінің оқушылары көрінді. Өнерге сусындады жиналған жұрт. Ендігі сәтте ары жақ, бері жағына қарап, қарттар жағы елеңдесіп қалды. Қымызмұрындыққа келген соң әрине, шөлімізді бір басып қайтайық деген шығар. Төзім тағатты тұқырта бастағанда, көп күткен қымыз да келді. Көпшілік сонда беттеді. Қымыз сатушылар Семейдің Сарыжалы мен Ұланның Сағырынан келген екен.
– Барлығы 50 литр қымыз әкелгенбіз. Тең жартысын музей қызметкерлері алып қойды. Енді қалғанын халыққа ұсынып тұрмыз. Стақаны – 150 теңге, – деді сатушы Бердіхан.
Сәлден кейін топ тарқай бастады. Олардың арасынан «Қымызмұрындық мұндай емес еді» деп шипалы сусынды сатып ішкеніне налығандай болып қайтып бара жатқан қарттарды байқадық. Әлбетте, музей өзі бие байлап отырған жоқ. Ал кәсіпкерлерге сөз бар ма?
Оразай Жеңісұлы