Қымыз саудасы қызып тұр
Биыл Катонқарағай өңіріндегі жұрт сары қымызын саудалап, кәсібінің керегесін кеңейте түсуде. Індеттің әсері ішкі туризмнің дамуына дем берді деуге де болатындай. Өйткені дерттен қажыған халық Катонқарағайдың көрікті табиғатында демалып, қымызы мен саумалын ішіп, жергілікті жұрттың саудасын қыздыра түсуде.
Біз жақында өзіміздің кезекті журналистік жұмыс сапарымызбен Катонқарағай ауылдық округіне қарасты Жаңа Үлгі ауылында бие байлап отырған жұртпен жолығып, олардың бүгінгі тіршілігімен жақынырақ танысып қайттық. Осы округтің өзінде 13 шаруашылық қымыз ашытумен айналысады. Ауыл тұрғындары бизнестің биігіне көтерілмесе де, атакәсіптің арқасында нәпақасын тауып отыр.
Биыл шөп сұйық
Алдымен Қабырғадан шыға берістегі «Айланба» дейтін жер телімінде отыратын ерлі-зайыпты Бақытжан Құмашев пен Махаббат Әбілбаеваның қымызды ауылына ат басын бұрдық. Бие байлап, бизнестерін дамытып, қымыз ашытумен айналысқандарына он жылдан асыпты. Бүгінде Бақытжан Құмашевтың иелігінде барлығы 14 бас жылқы болса, 11 құлынды бие бар екен.
– Былтырға дейін биелерді үйде сауып келдік, – деп бастады әңгімесін Бақытжан. – Ал өткен жылы қазіргі отырған жерімізге қоныс аудардық. Мұндағы жерді біз жалға алып отырмыз. Аумағы шабындықпен қоса алғанда 30 гектар. Жер телімінің иесі – катонқарағайлық Шалқар Жақсылықов деген жігіт. Күніне 11 сауыннан 60 литрге дейін қымыз даярлаймыз. Бар шаруаны өзіміз атқарамыз. Әйелім биелерді өзі сауады, біз ұлымыз Алтай екеуіміз оларды байлап, саууға көмектесеміз, – дейді Бақытжан Құмашев.
Бақытжанның айтуынша, былтыр «Бастау бизнес» жобасы арқылы 1,5 млн. теңге несие алып, оған төрт бас бие сатып алған.
– Алғашында қолда бар төрт биеден бастаған едік. Кейіннен ауылдастарымыздан жаз маусымында сауынды биелер алып жүрдік. Құдайға шүкір, қазір бұл істің қыр-сырын меңгердік, малдың жанында бала кезімізден жүргендіктен, Қамбар ата түлігін асырауда аса бір қиындықтарға тап болдық деуге келмес, тек бүгінде отбасылық шаруашылығымызды ары қарай дамыту үшін қажетті тағы шабындық пен жайылымдық жерлердің жеткіліксіз болып тұрғандығы аздап қынжылтады. Ал биыл, өздеріңіз білесіздер, жылдағы шауып жүрген шабындықтарда шөп жоқ. Жылда шөпті ауылдасым Махмұт Абдуллинмен бірге шабатын едім. Жалпы, Махмұт аға мен оның жары Нұргүл жеңгемізге алғымысыз шексіз. Әуел баста, отбасылық осы бір істі қолға аларда осы кісілердің көмегі көп болды. Олар – ауылымыздағы қымыз ашытуды ең алғашқылардың бірі болып бастаған отбасы. Алдағы қысқа жемшөп қорын сатып аламыз деп отырмыз, одан басқа амал жоқ, – дейді Бақытжан Құмашев.
Тұмса табиғатын жоғалтпаған құнарлы қымызды өңір тұрғындарына ұсынып отырған Бақытжан мен Махаббат биыл қымызға деген сұраныстың тіптен артқандығын айтады.
– Қымыздың емдік қасиеті мол екенін атам заманнан білеміз ғой. Десе де мына қазіргі пандемия кезінде адамдар оның денсаулыққа аса пайдалы екенін біліп, қымыздың қасиетін ел енді ұққандай. Сол себептен шығар, қымызды сатып алушылар өте көп. Тапсырыс арқылы Өскеменге де жібереміз. Сонымен бірге, қазір қымыздан бөлек саумалға да сұраныс ерекше. Жақын маңдағы ауылдардан күніге осы бір дертке дауа, жанға шипа емдік сусынды іздеп келетіндер көп. Оларға таңертеңгі сауын мен кешкі сауында екі уақыт саумал ішкіземіз. Жалпы, адам ағзасына сырттан келетін кері әсер мен ауруға күшті иммунитет арқылы ғана төтеп бере аламыз. Ол үшін міндетті түрде дәрумендер мен құнарлы тағамдар тұтынған абзал. Саумал солардың қатарында, – дейді Махаббат Әбілбаева.
Саумалға сұраныс көп
Жаңа Үлгіге жете беріп, Алтайдың етегіндегі орманды алқапқа қарай бағыт алған қара жолмен тағы бір қымызды ауылға тарттық. Ол жақта «Олжас» шаруа қожалығы бар екенін есітгенбіз. Қанат Нұралинге қарасты бұл шаруашылықтың да биесі байлаулы, құрығы сайлаулы екен. Қанат қымыз ашытуға 2016 жылдан бастап бет бұрған. Біз ат басын бұрған қымызды ауылдың тұрған орны «Сапақ көңі» деп аталады екен. Ілгеріде мұнда Қанаттың аталары мал бағып, жаз жайлау қылыпты. Қымызды ауылға жетіп, көлігімізден түсе қалып едік, кезекті сауын уақытына дәл келіппіз. Мұндағы 30-дан астам сауын биені сауатын да, одан сусынның зәмзәмы қымызды дайындайтын да – Нұралиндер әулетінің келіні, Қанаттың жары Арайлым. Биелерді сағат сайын сауып, қымызды бабына келтiре пісуді ол өзі атқарады. Ол әп сәтте-ақ желідегі биелерді сауып, исі аңқыған саумалды киіз үйдегі үлкен сабаға құйды. Арайлымның бұл істе тәжірибесі мол екендігі байқалып тұрды. Биелерді байласуға биыл үшінші сыныпты бітірген ұлдары Олжас көмектесіп жүр. Жасы мен бойының кішілігі болмаса, Олжас шаруашылықтың жұмысын бір кісідей атқарады екен. Әке-шешесіне қолғабыс болып, қатып-пісіп өсіп келе жатқанын көрдік.
– Күніне 7-8 сауыннан 100 литрдей табиғи таза сусын дайындаймыз. Дайын өнімді ауданға, ауылдастарға, алыс-жақын қалаларға өткіземіз. Қымызға деген сұраныс қай кезде де толастамаған. Биыл тіптен артты деуге болады. Елімізде тараған коронавирусқа байланысты тұрғындар мен өңірімізге келімді-кетімді адамдар өздерінің денсаулықтарын жақсарту мақсатында саумалды көп ішкендіктен сұраныс көп. Тіпті сонау Алматыдан келіп саумал қабылдап жатқандар да бар. Саумалдың емдік қасиеті мол. Оны әу баста ата-баларымыз жақсы білген, – дейді Арайлым Нұралина.
Осы күнде «Олжастың» қымызына ат басын бұрмай кетпейтіндер некен-саяқ. Біле берсін, осындай еңбексүйгіш жерлестеріміздің барында біздің атакәсібіміз жоғалмайды. Қымыз да – тарихымыз бен дәстүріміздің бір белгісі. Ол үзiлмесе, қазақ та өз-өзiн жоғалтпайды емес пе?!.
Саумал мен қымыздан дәм татып, кешкі салқынмен кері қайттық.
Тимур Смағұлов
Катонқарағай ауданы.