Шағын кәсіпкерлік

Қабанбай ауылында жиһаз шығарады

Өзіңе ұнайтын іспен айналысудан артық рақат бар ма?! Шаршағаныңды да сезбей, уақытпен де санаспай еңбек етесің. Бұл жағынан келгенде кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып отырған жандар қатары ауданда күннен-күнге артып келеді.

   Солардың бірі Қабанбай ауылдық округінің тұрғыны Нұрахмет Әлдебаев тұрмысқа қажетті жиһаз жасаумен көпке танымал.

Жалпы, кез келген үйді, кеңсені жиһазсыз елестету мүмкін де емес. Себебі, әдемі әрі үйлесімді жиһаз – үйдің сәні. Осыны түсінген кәсіпкер заманауи үлгідегі жиһаз жасауды қолға алғанына да біршама уақыт болған. Жиһаздың барлық түрін дайындайтын Нұрекеңнің шағын шеберханасы қашан барсаң да қайнаған еңбектің ордасына айналған.

– 1995-98 жылдардағы тоқырау кезеңінде бастадық қой. Негізі мамандығым – суретші. Алайда нарықтық заманға икемделу керек болған соң бизнеске бетбұрыс жасадым. Ол кез халықтың қалтасы жұқарып тұрған шақ. Дегенмен аз да болса  тапсырыстар болып тұратын. Алғашқыда сандық жасаудан бастадым. Ауыл болған соң қыз ұзату, үйлену, құдалық секілді қызық-қуаныштар өтетін. Соған төсек-орындар, түрлі жиһаздар қажет екені белгілі. Қазіргідей заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар да тапшы жылдар еді. Бірақ ретін тауып істедік те. Ал 2008 жылдан бастап осы жиһаз өндірісімен түбегейлі айналысып кеттім, – дейді Нұрахмет Әлдебаев.

Бүгінде кесуге, құрауға арналған барлық құрылғылары бар шеберханадан тапсырыс үзілмейтін көрінеді. Шкаф, үстел, орындық дейсіз бе,  жиһаздың сан түрі жасалып жатады. Мектеп, дүкен, балабақшалар да қажетін осы жерден табады.

Нұрекеңнің жұмысының бір ерекшелігі, қалалы жерден дайын, құралған күйінде жиһаздар әкелінсе, бұл кісі тапсырыс берушінің қалауына қарай жасайды.

– Қала жақтан жеткізіліп сатылатын жиһаздар  үйдің ішіндегі өлшемге дәл келмеуі мүмкін. Не сыймай қалып, не жетпей қалып жатады. Ал мен үйдегі әр бөлменің өлшемін есепке алып, ескеріп жасаймын. Түр-түсіне дейін тапсырыс беруші айтады. Ұсақ-түйек детальдарына дейін өзі таңдайды. Жасап қана қоймай, үйіне жеткізіп орнатып береміз. Әзірге,  тендерге қатысып, ірі көлемде тапсырыстар орындауға күш-қуатымыз жете қойған жоқ. Шеберханамызды үлкейтіп, сауда үйін ашуды мақсат етіп жүрмін. Бір жағынан, осыған жастарды үйретсем деймін, ешқандай ақы сұрамаймын да. Қасымда жүрсе, өзіне жақсы ғой. Ауылда жұмыссыз жүрген жастар да бар.  Соларды станокпен жұмыс істетіп, келешекте қалаға барса да мамандық игеріп шығады емес пе! Қандай құралдар керек, қалай өлшеу керек, кесу бәріне үйретсем бе деймін, – деді ағынан жарылып.

Нұрахметті сегіз қырлы жан деуге әбден болар. Бұл кәсібімен қатар, темірден түйін түйетіні тағы бар. Аулаға қажетті қақпа, ауылдардың аркалары, самалжай, әткеншек секілді дүниелер де шебердің қолынан өткен. Айтуынша, Марқакөл ауылының кіреберіс аркасын, Қабанбай ауылындағы «Бәйтеректі» орнатса, Күршімдегі Абай мүсінін де сәтті жасапты. Қайбір жылдары мектепте істеп, қолөнерден қосымша сабақ өткізіпті. Нәтижесінде қамшы, ертоқым, құйысқан сынды ат әбзелдерін жасайтын талай шәкірт тәрбиелеген.

Күршім, Зайсан аудандарынан, Ақсуаттан, басқа да ірілі-ұсақты ауылдардан тапсырыстар жиі түсетінін ескерген кәсіпкер келешекте бірнеше адамды жұмысқа алып, шеберханасын кластерлі бағыттағы өндіріс орнына айналдырғысы келеді.

– Бала-шағам мемлекеттік мекемелерде, шетелдік компанияларда еңбек етіп жүр. Ұлым алғашқы жылдары қасымда жүріп, жиһаз жасау өнеріне біраз машықтанғаны рас. Дегенмен заманның ағымына қарай ма, бәлкім бұл саланың келешегіне күмәнданды ма екен, өсе келе басқа мамандық таңдады. Ал жұбайымның мамандығы медицина саласы болса да отбасылық кәсіптің бір жағына шығысып, менің ең сенімді көмекшіме айналды, – дейді Нұрахмет Әлдебаев.

Ерлан Бапанов, Тарбағатай  

Осы айдарда

Back to top button