Ғылым мен өндірісті ұштастырамыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында білім мен ғылымдағы жаңа, стратегиялық бағыттарды белгілеп, ғылымды қаржыландыру мен қолдаудың маңызды көзі ірі кәсіпорындардың қаржысы екенін атап өтті. Қазір облыстың жоғары оқу орындары кәсіпорындармен, ұйымдармен, ғылыми орталықтармен, ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізуде.
Облыста машина жасау саласы жақсы дамыған. Осыған орай университет машина жасауда қолданылатын бұйымдардың қажалуға төзімділігін арттырудың инновациялық технологияларын әзірлеуде. Жоба жетекшісі – жас ғалым Бауыржан Рахәділов.
Жоба аясында «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, онда машина жасаудың бөлшектері, құралдары мен жабдықтарын нығайту технологиялары жасалды. Дайын өнімдерге сынақтар жүргізілді. Материалтану саласы бойынша «ҮМЗ», «Ұлттық ядролық орталық», «BEST», «KEMONT», «Казмуниция-Kazmunition» және басқа да аймақтық кәсіпорындармен бірлескен ғылыми жобалар да жүзеге асырылуда.
Университет ғалымдары картоптың жаңа сорттарын жасаумен де айналысады. Сорт алу пробиркалардан басталып, серіктесіміз – «Ярославское» ЖШС-нің егістігінде өнім алумен аяқталады. Ғалымдар Шығыс Қазақстандағы бірегей биология және биотехнология зертханасында аймақ климатына бейімделген өнімділігі жоғары картоптың 67 сортын шығарды.
Биыл өсімдік биологиясы мен биотехнологиясы зертханасының жетекшісі Максим Сутуланың басшылығымен «Ауыл шаруашылық өнімдерінің сұрыптарына вирусқа қарсы төзімділік қасиетін дарытудың инновациялық технологиясын әзірлеу және енгізу» тақырыбындағы ғылыми жоба Білім және ғылым министрлігінің грантын жеңіп алды. Сомасы 61 миллион теңгені құрайтын бұл жоба облыстың ауылшаруашылық орталықтарымен бірлесе жүзеге асырылады.
Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен жоба шеңберінде күнбағыс тұқымын гидрогельмен қорғауға арналған капсуляциялау әдісі жасалды. Аймақтық кәсіпорындармен бірлесіп жүзеге асырылатын мұндай жобалар көп. Бұған қоса, университетте бағдарламалық-мақсатты қаржыландырудың ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша 300 миллион теңгенің бес ғылыми зерттеу тақырыбы, 200 миллион теңгенің төрт ғылыми жобасы жүзеге асуда.
Екі жылда жүзеге асқан жобалардың жалпы сомасы 500 миллион теңгеден асады. Бұл нәтижелермен ғалымдарымыздың әлеуеті тоқталмақ емес. Өндіріс орындарымен бірлескен жүйелі жұмыс және облыстағы кәсіпорындардың ғылыми-инновациялық өндірісті дамытуға деген қызығушылығының артуы жаңа зерттеулерге серпін бермек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың ғылыми бастамалары мен инновацияларын қолдауы арқасында ғана мұндай жақсы нәтижелерге қол жетіп отыр.
Жолдауда аймақтық жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу жұмысының өрістеуі мен ғылыми әлеуетінің дамуына өнеркәсіптер тарапынан қолдау жасау міндеті қойылды. Біздің оқу орнында «KAZ Minerals Aktogay» компаниясымен ынтымақтастықтың жақсы тәжірибесі бар. Компания тау-кен саласының жас мамандарын даярлау ісіне белсене араласады. Университет пен аталмыш кәсіпорынның серіктестігі нәтижесінде оқу орнының бірінші ректоры, академик Ережеп Мәмбетқазиев атындағы оқу кабинеті және химия зертханасы ашылды. Кабинет пен зертхана 22,2 миллион теңгеге жабдықталды. Компания интербелсенді және техникалық оқу құралдарын берді. Сондай-ақ компания есебінен 6,1 миллион теңге көлемінде өндірістік және дипломалды тәжірибеден өтетін студенттерге 15 грант бөлінді. Грант иеленген білімгерлер дипломдарын алғаннан кейін Ақтоғай комбинатына жұмысқа орналасады.
Бұл – Жолдауда көрсетілген өндіріс пен білім беруді интеграциялаудың оң тәжірибесі деуге лайық мысал. Университеттер мұндай ынтымақтастыққа және жұмыс берушілерді маман даярлау үдерісін модернизациялауға тартуға мүдделі.
Мұндай тәжірибені тарату Үкіметтің ғылым мен техниканың дамуына компаниялар бөлетін 1% көлемінде бөлінетін қаржының мақсатсыз жұмсалатыны жөніндегі сынының азаюына ықпал етері сөзсіз. Осындай оң тәжірибелердің арқасында университеттер мен бизнестің өзара ықпалдасуы ашық, өзара тиімді болмақ.
Сондай-ақ Президент Үкіметке жыл сайын 500 ғалымның әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өткізуді, «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарға ғылыми зерттеулер жүргізу үшін 1 мың грант бөлуді тапсырды.
Біз облыс әкімі Даниал Ахметовтің медициналық қызметкерлерді шетелде оқыту бастамасы керемет нәтиже бергенін, облыс ауруханаларын жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтауға мүмкіндік жасағанын жақсы білеміз. Сондықтан университеттердің іс-тәжірибесіне бизнеспен ықпалдастықтың халықаралық тәжірибелерін кеңінен енгізу аймақ пен елдің ғылыми-техникалық дамуына серпін береді деген ойдамын.
Мұхтар Төлеген,
С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор