Өтемақыларын толықтай алды
«Апат айтып келмейді» демекші, биылғы 19 шілдеде Жаңаауыл ауылында тоқтаусыз жауған жаңбырдың салдарынан ауыл ішінің біршама жерін су жайлап, жеке тұрғын үйлерді зақымдаған болатын.
Осыған байланысты аудан әкімінің арнайы шешімімен елді мекен аумағында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланып, артынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен жұмылдыру даярлығы басқармасынан құрылған комиссия зардап шеккен барлық үйлерді толығымен аралап, 37 үйдің әртүрлі деңгейде бүлінгендігі анықталды. Қалпына келтіру жұмыстарын атқару үшін Өскемен қаласынан келген «Технадзор KZ» ЖШС зерттеу жүргізіп, әрбір зардап шеккен тұрғын үйлерге ақаулық актілері толтырылып, сметалық құжаттар әзірленді.
Жергілікті қоғамдастықтың мүшесі Манарбек Сейілғазинов: –Селдетіп жауған жауын бір сағатқа жуық созылды. Өз көзіммен көргенім, таудан аққан судың биіктігі бір метрдей болды. Ауылдың жанындағы каналға сыймай кетті де, арнасынан ішке кірді. Дегенмен, қалпына келтіру жұмысы бірден қолға алынды. Ақаулық актісі толтырылып, үй-жайлары бүлінген тұрғындар өздері қол қойды. Күздің қара суығына ілінбей түгелдей үйлерін жөндеп алды, тиісті өтемақыларын да алды. Облыс әкіміне, аудан басшылығына ағысымызды білдіреміз. Мемлекет азаматтарын қандай жағдайда болсын далада қалдырмайтындығын шынайы сезіндік.
Ауыл тұрғыны Ләйла Нұғыманова: – Тасқын біраз әбігерге салғаны рас. Үйімізге су кіріп, дегбіріміз қашты. Дегенмен, өкімет тиісті көмеген аяған жоқ, көпке созылмай бәрі ретке келді, рақмет айтамыз.
Ауыл тұрғыны Ержан Құдайберген: – Үйлерге зақым келгенімен, адам шығыны болмады, мал да аман-есен қалды. Осыған қуанамыз. Төтенше жағдай техникалары мен жергілікті атқарушы билік мамандары жұмыла жұмыс істеді. Қазіргі таңда бәрі өз орнына келтірілді. Облыстан келген комиссия шешімімен тиісті өтемақы да төленді.
Қорыта келгенде, Жаңаауыл ауылы бойынша қалыптасқан жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар салдарынан болған шығынның жалпы соммасы 27 млн. 274 мың теңгені құрады. Төтенше жағдайлар резервінен бөлінген аталмыш қаражат үйлеріне түрлі деңгейде залал келген 37 үйдің иелеріне өтемақы есебінде толықтай төленді.
Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы.