Үйлердің төбелері жарылып, сылағы түскен

Үйлердің төбелері жарылып, сылағы түскен
Сәуірдің 4-күні эпицентрі Зайсан қаласының маңында болған магнитудасы 5-6 балл дәрежесіндегі жер сілкінісінен Зайсан ауданындағы бірқатар ауылдардың үйлеріне зақым келгені анықталып отыр. Зілзалаға байланысты кеше Зайсанға Ұлттық ғылыми-сейсмологиялық қадағалау, зерттеу орталығының сейсмолог мамандары да келіп, Шілікті, Қаратал ауылдары төңірегінде жер сілікінісінің ошағын анықтап, зерттеуге кірісті.
Сағатбек Дайрабаев, Зайсан ауданы әкімдігінің төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің маманы міндетін атқарушы:
-Зайсан ауданындағы жер сілкінісіне байланысты аудан әкімінің орынбасары Марат Уәлиевтің төрағалығымен төрт адамнан тұратын арнайы комиссия құрылып, жер сілікінісі кезінде жарылып, бүлінген үйлерді көріп, анықтап жатыр. Осы уақытқа дейін Зайсан қаласында бес үйдің, Дайырда үш, Қараталда бір үй мен мектеп шеберханасының, Жарсуда төрт тұрғын үйдің қабырғалары мен төбелері жарылып, сылақтары түскені анықталды. Бұл баспаналардың бәрі де 1950-1967 жылы салынған ескі үйлер, барлығы да саман кірпіштен тұрғызылған. Жер сілкінісі кезінде осы ескі үйлер бірден сыр беріп, төбелері жарылып, сылақтары түскен.
Кешеден бері Сарытерек ауылдық округінің әкімдігінен Көгедай, Жаңабаз ауылдарының және Кеңсай ауылдық округінен осы өңірдегі ауылдардың бірнеше үйінің де сылақтары түсіп, зардап шеккендігі туралы ақпараттар түскен болатын, ол ауылдарға да барып зардап шекті деген баспаналардың жағдайына тексеру жүргізіп қайттық. Сартерек ауылдық округінде бір, Кеңсай ауылдық округінде төрт үйге жер сілкінісінен зақым келгенін көріп, анықтап, акті жасадық.
Аудан орталығына келген Ұлттық ғылыми сейсмологиялық қадағалау, зерттеу орталығының мамандары қазіргі күні Зайсаннан 38 шақырымдай қашықтықта, жер бетінен 10 шақырым тереңдікте болған жер сілкінісінің ошағын анықтап, зерттеу жүргізуде.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ