Мәдениет

Қылқалам шеберлері Абай әлемін суреттеді

Қылқалам шеберлері Абай әлемін суреттеді

Облыстық өнер мұражайында «Абайды танып, біл!» атты бейнелеу өнері туындыларының бесінші облыстық байқауының қорытынды көрмесі ашылды.

Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында «Нұр-Отан» партиясы облыстық филиалы мен облыстық өнер мұражайының ұйтқы болуымен ұйымдастырылған бұл көрмені өңірдегі суретшілердің шығармашылық жұмыстарының жыл сайынғы қорытындыларын шығару дәстүрінің жалғасы десе де болғандай. Бұл шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т. Түсіпбеков қатысты.

Қос залдың қабырғасына ілінген суреттердің қай-қайсысы болмасын үлкен шығармашылық ізденістің нәтижесінде туғаны анық. Т.Татиев «Тау мүсін», Г.Макаров «Шыңғыстау», Ғ.Қаржасов «Жұмбақ адам», Т.Жұбанышев «Қарашоқы», И.Журавлев «Жаз» атты еңбектерін ұсыныпты. Кей суретке жай ғана көз тастай өте шықсаң, ал кейбірінің қасында ұзақ тұрып қаласың. Таныс та бейтаныс Абай әлемі келушілерді өзіне баурай түседі.
Иә, Абай – мәңгілік тақырып. Қазақтың ғана емес, адамзаттың Абайына айналған ақын мұрасын насихаттау өнер адамдарының ортақ парызы. Осы орайда қылқалам шеберлерінің бұл міндетті абыроймен орындағаны сөзсіз.
Бір атап айтарлығы, бұл көрмені өткізудің алдында үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп, суретшілер Абайдың туып-өскен жеріне бір аптаға барып қайтыпты. Осылайша қылқалам шеберлерінің ақын болмысына терең бойлап, табиғатын тануға, Ұлы Абай өмір сүрген дәуірдің тынысын сезініп, тамырын тап басуға кеңінен жағдай жасалған көрінеді.

Қылқалам шеберлері Абай әлемін суреттеді

Байқауға облыс суретшілері ғана емес, көрші Павлодар қаласынан да қылқалам шеберлері қатысыпты. Сонымен қатар, кәсіби суретшілермен бірге әуесқой суретшілер, жас авторлар, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мен Семейдегі Шәкерім атындағы мемлекеттік университеті студенттері де өз туындыларын ұсынған екен. Нәтижесінде «Абайды танып, біл!» облыстық байқауына барлығы отыз үш автордан елу жеті еңбек келіп түскен.
¬- Бұл шараның қазақтың ұлттық өнеріне, оның ішінде бейнелеу өнеріне қосқан үлесі зор болды деп ойлаймын. Тәлімдік, тәрбиелік мәнін де айтпай кетуге болмайды. «Абайды танып, біл!» деген тақырыбының өзі де ұлттық бітім-болмысымызды ашатындай етіп, ойластырылған. Қашан да қазақ десе Абай, Абай десе қазақ қатар аталады ғой. Енді осы бір ізгі шара жалғасын тапса дейміз, – дейді абайлық суретші Елдар Оразалы. Ол бұл байқауға «Сырт Қасқабұлақ – Абайдың туған жері» атты еңбегін ұсыныпты.
– Елбасы айтқандай, Абай – бүкіл қазақтың бойтұмары болса, Абайдың ілімі әр жүректе жатталып жатса, әр азамат елін, жерін Абайдай сүйсе, бүкіл өзінің саналы ғұмырында халқын жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жиренткен Абайдың үлгісін алса, біз бүгін жер бетіндегі ұлттардың ішінде әлдеқашан алға озып шығар едік. Өйткені, Абайды білген, Абайды оқыған адам ешуақытта жамандыққа бармайды. Жемқор болып, біреудің малын жемейді. Қоғам үшін адал қызмет істейді. Былтырғы 10-тамызда Семейдегі республикалық Абай мұражайында тұсауын кескен «Абайды танып, біл!» жобасының түпкі мақсаты да, мәні де осында. Бүгінде өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларында Абай оқулары өтуде. Ал биыл он бесінші рет өткен республикалық Абай оқуларына осы уақыт аралығында екі мыңға жуық оқушы қатысыпты. Біз Абайды танып, білуді мектеп партасынан бастауымыз керек, – деді көрменің ашылу салтанатында сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков.
Сөйтіп, өнер мұражайының директоры Нұржази Қалиева төрағалық еткен қазылар алқасы «Абайды танып, біл!» бейнелеу өнері туындылары облыстық байқауының бас жүлдесіне есімі елімізді қойып, Америка мен Еуропа елдеріне кеңінен танымал керекулік суретші Қабдыл-Ғалым Қаржасовтың еңбектерін лайық деп тауыпты.
Сондай-ақ, «Портрет», «Сюжеттік шығарма», «Мүсін», «Тарихи нақтылық», «Тақырыпты философиялық оқу» және «Жас дарын» аталымдарына ие болған суретшілер де бірінші және екінші дәрежелі дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button