Әйгілі әртіске ескерткіш тақта орнатылды

Осыдан төрт жыл бұрын жұртшылықтың сұрауы бойынша Күршім ауылының Павлодар көшесіне еліміздің еңбек сіңірген артисі, «Тамаша» ойын-сауық отауының негізін қалаушылардың бірі, Зайсан көлінің жағасындағы Ақсуат ауылының тумасы Уәйіс Сұлтанғазиннің есімі берілген болатын. Жақында осы көшенің басындағы үйге марқұм өнерпаздың суреті мен аты-жөні жазылған мемориалдық тақта орнатылды.
Өткен жазда бұрын Гагарин атындағы Күршім политехникалық орта мектебі (қазіргі №1 Күршім орта мектебі) деп аталған білім ошағын тәмамдаған түлектер өздерінің 50 жылдық кездесулеріне жиналған болатын. Сонда өскемендік белгілі дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Темірхан Мұқажанов (суретте сол жақтан төртінші) кластастары алдында Уәйіске арнап мәрмәр тақта орнататынын айтып, уәде берген-ді. Сол уәдені орындаудың сәті түсті.
Тақта уақытша Уәйістің бала күннен бірге өскен досы М.Құнапияновтың үйінің қасбетіне орнатылды. Осы жиында сөз алған даңқты жерлесіміздің мектепте бірге оқыған замандастары Т.Мұқажанов, С.Ысқақов, К.Айдарханов: «Уәйіс өлген жоқ, ол мәңгілік бізбен бірге жасайды. Осы игілікті де сауапты шара кейінгі буынға үлгі-өнеге болсын», – деген жүрекжарды тілектерін ортаға салды. Олар келешекте іргедегі көшенің қиылысынан орын берілетін болса, осы тақтаны ауқымды тұғырымен көше ортасына орнататын ойлары бар екенін айтты.
Осы көшенің тұрғыны М.Құсманов Уәйістей ардақты азаматты қадірлемеудің барша жұртқа үлкен сын болатынын баяндай келе, көшенің бастан-аяқ асфальтталғанын, жарықтандырылып, аула атаулының талапқа сай абаттандырылғанын айтып өтті. Сөзінің соңында ол көпшілікті айтулы мерекелерде өтіп жататын көшелер конкурсына қатысуға да әзір екендіктерінен құлағдар етті.
Осынау салтанатты жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Қасымбаева, Жастар орталығының директоры Ш.Дабырбаева, Күршім ауылдық округі әкімінің орынбасары Е.Нұрсоветов, Уәйістің ауылдасы, есімі облысқа әйгілі дәрігер Құмархан Мұқажанов арнайы келіп қатысты.
Жиын мәресіне жеткен уақытта марқұм Уәйіс ағамызға арнап қатым түсіріліп, құран бағышталды.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы